Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылым беттерінде “Ақ жол” партиясының съезі өтіп, оның құрамына жаңа мүшелердің келуіне байланысты берілген талдау мақалалар жарық көрді.

Қазақстандық қоғамдық-саяси басылымдар үшін басты тақырып “Ақ жол” партиясының жексенбілік съезі мен онда төрағалыққа Алтынбек Сәрсенбаевтың сайлануы болғанын газеттерді парақтай отырып көз жеткізуге болады.

Бұл оқиғаны “Караван” апталығының тілшісі “Елшілер ақ жолды таптайды” деген мақаласында сенсациялық жаңалық деп бағалай отырып, әсіресе Қазақстанның Ирандағы елшісі Төлеген Жукеевтің, яғни, “шетелде мемлекетті танытатын азаматтың партияға өтуі таңданыс тудырды”, - дейді. Соған сәйкес олар Сыртқы істер министрлігіне хабарласқанда, вице-министр Қайрат Әбусейітов: “Қазір Төлеген Тілекұлы демалыста. Оны “Ақ жолдың” съезінен көріпті ғой. Бұл оның жеке шаруасы”, - деп жауап берген. “Бәлкім, демалыстан қызметке келгенде ол партия шебінен де оралатын шығар”, - деп жазады мысқылмен Андрей Воротынский.

Кекесінді сарын “Отан” партиясына қарасты “Страна и мир” газетінде Марк Игельстің “Орта толсын” деген мақаласында да сақталған. Оның айтуынша, “әдетте казақстанның жоғары саяси билігінен аластатылғандардың көпшілігі құрдымға яки оппозицияға кетеді. Ал мына жағдайда олар радикалды оппозицияға жетпей қалды”. “Ақ жол” бастапқы кезден-ақ көлеңкедегі министрлер кабинеті сияқты партияларға жат жұмыспен – заң жобаларын құрастырумен айналысады.Өйткені, теңтөрағалардың барлығы да өткен, “ақ жолға” дейінгі өмірлерінде сонымен айналысқан.Енді олардың қатарына “дипкорпус” қосылды” – дейді “Страна и мир” газетінің тілшісі.

Тағы да “Отан” партиясының құзырындағы “Дала мен қала” газеті де съезден хабар берумен қатар саяси партия басшылығын “Тұйыққа тірейтін жолдар көп” деген мақалада сынға алады. “Бұған дейін үш теңтөраға бір атқа мінгескендей болып келсе, енді ол аздай билік тізгініне бесеуі де жармасты. Тәуелсіздігі бір мүшелге толмаған Қазақстанды айтпағанның өзінде көбіміз еліктейтін кәрі құрлықтағы саясатта да мұндай тәжірибе некен-саяқ”, - дейді газет тілшісі Ақарыс Смағұл.Оның сөзіне қарағанда, “экс-елшінің кезінде өзі кіндігін кескен партияны басқарғысы келгенін болжау қиын емес-ті”. “Алайда, жас болса да, бас болып, биліктің дәмін татып үлгенгендер оңайлықпен орын босата қойсын ба?”- дейді Ақарыс Смағұл.

Ал сол “Ақ жол” партиясына қарасты “Ақ жол Қазақстан” мен “Эпоха” газеттерінде әжуалау әуені керісінше марапаттауға ұласады. Сол газеттердің соңғы сандарының басым бөлігі съезден репортаж бен делегаттардың пікірлеріне арналыпты. “Енді “Ақ жол” партиясын білгір бес адам басқарады. Бұл ең алдымен партияға көңіл артып отырған азаматтардың сенімін алдамаудан туған пиғыл болса керек. Бес саусақ жұмылса, жұдырық болады”, - дейді “Ақ жол Қазақстан” газетінің тілшісі Ержан Байтілес.

Ал “Экономика. Финансы. Рынки” апталығының шолушысы Мұхмадежанов Әділовтің айтуынша, “2001 жылдың қазан айындағы дағдарыс жаңа кезеңге шықты. Тағы да саяси алаңда екі топ кездесті: бірін – олигархтық, екіншісін – отбасылық деп атауға болады. Егер оқырмандарымызға мұндай саралау ұнамаса, Рахат - Дариға тобын авторитарлы-күштеу, екіншісін – мөлшерлі-реформаторлық деп атауға болады”. Оның сөзіне қарағанда, “қазіргі таңда барлық билік бір адамның қолында жұмылдырылып, бизнестің қауқарсыздығы тұсында мөлшерлі реформаторлық қанат өзінің саяси бәсекелесі айналысатын іспен шұғылдануға мәжбүр. Яғни – Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси жүйесін қорғауы тиіс. Бірақ егер Дариға Назарбаева мен оның жұбайы осы ұранмен президентке оның жауларынан қалқан болса, ал “Ақ жол” сол мақсатқа президентке теріс кеңес беретін адамдарды биліктен ысыру арқылы қол жеткізгісі келеді.”

Әдетте кез-келген саяси оқиғаны қалт жібермейтін “Новое поколение” газеті бұл жолы “Ақ жол” партиясына қатысты оқиғалар жөнінде қандай да бір хабар беруді жөн көрмепті. Ал онда жарық көрген “Нан жок деген мақалада Қазақстан ұлттық ғылым академиясының “тып-тыныш, үлкен аза тұту қамы жасалмастан, соңғы “рахмет пен кешір” деп бір ауыз айтпастан, қаза болғанын” жазады. Соған қарамастан, осы мәселе төңірегінде “пікірталас жалғасуда: көптеген ғалымдарға соңғы реформа төбелерінен жай түскендей әсер қалдырды. Олар ғылымға тәжірибе қажет, бірақ ғылымды тәжірибеге салу қажет емес деп есептейді”, - деп хабарлайды “Новое поколение” газетінің тілшісі Ольга Малахова.
XS
SM
MD
LG