Accessibility links

Қазақстан оппозициясы тағы бір адамға толықты ма?


Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Алтынбек Сәрсенбаевтың президент жарлығымен қызметтен босатылуы,Қазақстандағы саясаткерлерді бей-жәй қалдырған жоқ.

Бақылаушылардың біріншілері бұл оқиғаны президентке жақын топтардың арасындағы бәсекелестіктің күшейуімен байланыстырса, екіншілері бұл саяси ойының тағы бір әдісі болуы мүмкін дегенді айтты. Қалай болғанымен Қазақстан саясаткерлері Алтынбек Сәрсенбаевтың соңғы қадамын әр түрлі бағалайды. Саясаткер Сейдахмет Құттықадым Алтынбек Сәрсенбаев енді оппозицияны күшейтуге ат салысады деп ойлайды.

Сейдахмет Құттықадым,саясаткер: -

Мәскеудегі елшіміз Алтынбек Сәрсенбаевтың қызметтен кеткені жай нәрсе емес, бұл бір өзгерістің белгісі. Себебі Алтынбек Сәрсенбаев президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ең сенімді адамдарының бірі болған. Осыны ескере отырып, бұл биліктің бөліне бастағаны деп айтуға болады. Алтынбек Сәрсенбаев негізінен мемлекетшіл азамат, Алтынбек Сәрсенбаев оппозицияны күшейтуі мүмкін, егер оппозиция күшейсе, онда біз Алтынбек Сәрсенбаевқа рахмет айтамыз. Бірақ Алтынбек Сәрсенбаевтың бұл қадамы қалай аяқталарын біз білмейміз, себебі Алтынбек Сәрсенбаевтың алдында биліктен Әкежан Қажыгелдин, Балташ Тұрсынбаев сияқты тұлғалар кеткен.

Билікке жақын «Отан» партиясының мүшесі Серік Әбдірахманов Алтынбек Сәрсенбаевтың оппозицияны күшейтеді дегенге күдікпен қарайтынын жасырмайды.

Серік Әбдірахманов, «Отан» партиясының мүшесі:

- Алтынбек Сәрсенбаев оппозицияға барады, оппозицияны күшейтеді, дегенді мен басқаша қабылдаймын. Алтынбек Сәрсенбаев оппозицияға барады, олардың ырың-жырыңы, өсек басталады. Менің ойымша, осы билік басында отырғандарға одан артық арман болмау керек. Оппозицияның түбіне жетемін десе, Алтынбек Сәрсенбаевты сол оппозиция қатарына қосып жіберу керек. Мен Алтынбек Сәрсенбаевты бала кезінен білемін, қалай жетістіктерге қол жеткізгенін білемін. Менің тәрбиемді алмады.Ол өзін алдымен дәлелдеп көрсетсін, әрдайым кеңседе отырып, басшылардың ыңғайын тауып жүрді, көңілдерінен шығып, қағаздарын жазып, өсек тасып жүрген жігіт қой. Байып, ңығайып алды, Кедей бай болсам, бай құдай болсам, дейді ғой, сондай ойда жүрген жігіт қой.

Бұл орайда «Отан» партиясы төрағасының қызметін атқарушы Амангелді Ермигияев Алтынбек Сәрсенбаевтың мемлекеттік қызметтен кеткеніне баға беру үшін біраз уақыт бақылап көру керек, деген ойда.

Амангелді Ермигияев, «Отан» партиясының төраға қызметін атқарушысы:

- Бір-екі аптаның ішінде анық болады, байқап көрейік, мүмкін «Ақ жол» партиясының қатарынан шығар, қайда баратынын енді уақыт көрсетеді ғой.

Кейбір бақылаушылардың пайымдауынша, Алтынбек Сәрсенбаевтың өз еркімен қызметтен кетуіне оның Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаевамен тіл табыса алмағаны себеп болған. Қалай болғанымен, Қазақстанның Республикалық халық партиясының атқару комитетінің жетекшісі Әміржан Қосановтың ойынша, бұл оқиғадан кейін биліктің қасында жүрген азаматтар да демократиялық процесстердің жеделдетіп дамығанын қолдап отырғанын байқауға болады.

Әміржан Қосанов, Қазақстанның Республикалық халық партиясының атқару комитетінің жетекшісі:

- Ең басты саяси сабақ, яғни қазірдің өзінде екі құбылысты ашық айтуға болады. Бұл жалғыз Алтынбек Сәрсенбаевқа қатысты емес. Қазіргі саяси процесстер, соның ішінде мемлекеттік қызметте жүрген азаматтардың басындағы жәйт. Біріншіден, демократиялық құндылықтар, демократия туралы әр-түрлі температурада айтылатын, яғни оппозициялық тұрғыда режимді өзгерту керек деген ойды, осы режимде жүрген мемлекеттік қызметкерлер мен халық қолдап отыр.. Оның үстіне мұндай ойды президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қасында жүрген Алтынбек Сәрсенбаев сияқты адамдар қолдап отыр. Екіншіден, бұл оқиғадан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың от басында, яғни оның айналасында араздық пайда болғанын байқатады. Алтынбек Сәрсенбаев мемлекетік қызметтен кетісімен сарапшылар мен бақылаушыр Алтынбек Сәрсенбаев енді «Ақ жол» партиясының тең төрағаларының бірі болады, деген болжам жасады. «Ақ жол» демократиялық партиясының тең төрағаларының бірі Әлихан Бәйменов Алтынбек Сәрсенбаевтың мұндай қадамын қолдауға дайын екенін білдірді.

Әлихан Бәйменов, «Ақ жол» демократиялық партиясының тең төрағаларының бірі:

- Алтынбек Сәрсенбайұлы өзінің жеке өтініші бойынша, босатылды жұмыстан. Ол осыдан бір апта бұрын «Время» газетіне берген сұхбатында, жалпы мемлекетте болып жатқан қоғамдық саяси өзгерістерге алаңдататыны жөнінде сездірген болатын. Енді осы ойындағы мәселелерді жүзеге асыру үшін кейбір саяси ұйымдармен одақтасып, жұмыс жасауы мүмкін деп есептеймін. Егер ол біздің партия бағдарламаларын жүзеге асыруға ат салысамын десе, Алтынбек Сәрсенбаев осы бағытта жұмыс жасайды. Мәселе оппозицияда емес, белгілі деңгейде тәжірибесі бар саясаткердің елдегі саясатқа қатысқаны дұрыс құбылыс деп ойлаймын.

9 қараша күні «Ақ жол» демократиялық партиясының құрылтайы өтті. Бұл құрылтай болмас бұрын Алтынбек Сәрсенбаев «Азаттық» радиосына берген сұхбатында «Ақ жол» партиясын бұрыннан бері қолдап келгенін айтты.

Алтынбек Сәрсенбаев, Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі: -

Мен бұл шешімге бір аптаның немесе бір айдың көлемінде келген жоқпын. Бұл шешімге келу үшін маған ұзақ уақыт бойы дайындық керек болды. Дайындала отырып, біздің елімізде, қоғамымызда басқа мемлекеттерде болып жатқан оқиғаларды талдай отырып, бұл факторлардың Қазақстандағы саяси өмірге әсер еткенін ескере отырып, осындай шешімге келдім. Қазақстандағы саяси партиялардың қатарына кіріп, сол партия арқылы қоғамдық қызмет атқарғым келеді. Егер естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын«Ақ жол» партиясы жетекшілері туралы өз пікірімді «Время» газетіне берген сұхбатымда білдіргем. Онда «Ақ жол» партиясын құрушылар Ораз Жандосов, Әлейхан Бәйменов, Жанат Ертілесова, Қайрат Келімбетов, Сауат Мыңбаевтарды өзімнің серктестерім, деп айтқам. Бұл партияға мүше болуыма елшілік қызмет кедергі болып, отыр дегенді айтқам.

Бақылаушылардың болжамы бойынша, Алтынбек Сәрсенбаев «Ақ жол» партиясымен «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты қоғамдық бірлестікті біріктіруі мүмкін, бірақ бұл болжаммен келісетіндер де келіспейтіндер де бар.
XS
SM
MD
LG