Accessibility links

14 қараша – Дүниежүзілік диабет күні


1991 жылдан бастап жыл сайын қараша айының 14-інде – Дүниежүзілік диабет күні атап өтіледі.

Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, қазір жер бетінде осы сырқатпен ауыратындар саны 200 млн-ға сәл жетпейді екен. Ал, алдағы 20 жылда бұл көрсеткіш 320 млн-ға дейін көбейуі мүмкін деген болжам жасалып отыр. Қазақстанда бүгінгі таңда қант диабетімен ауыратындар 100 мың адамның үстінде. Олардың мың жарымға жуығы балалар.

Дәрігерлер қант диабетінің дер кезінде алдын алмаса, асқынудың арты жазылмайтын басқадай ауруларға айналатынын ескертеді. Сол себепті де бір кездері жұрт бұл ауру түрін емі жоқ дертке балайтын.

- Ал қазіргі заманғы медицина жетістіктері егер белгілі бір талаптар сақталатын болса бұл дертке шалдыққандардың да өмір сүруіне мүмкіндік береді, - дейді Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің емдеу-алдын алу жұмыстары департаментінің директоры Халел Сағын.

Республиканың денсаулық сақтау министрлігінің өкілі соңғы жылдары Қазақстанда қант диабетіне шалдыққандар арасында балалар санының артып келе жатқанын айтады. Аурудың қай түрі болса да науқастан шығын жұмсауды талап етеді. Ал қазіргі заманда қант диабеті оны емдеу шараларына жұмсалатын қаржы көлемі бойынша ең қымбат дертке жатады дейді дәрігерлер. Диабетке шалдыққандар күн бойына бірнеше мәрте пайдаланатын инсулин тәрізді дәрі-дәрмектің көмегіне сүйеніп, өмір сүреді. Қазақстанда диабетпен ауыратындарға мемлекет тарапынан жыл сайын қаржы бөлініп келеді

Халел Сағын, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің емдеу-алдын алу жұмыстары департаментінің директоры:

- Биыл бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бұл былтырғымен салыстырғанда 1,2 есе көп.

Ал, Қазақстанның диабет қауымдастығының жетекшісі Наталья Тукалевская болса үкімет 2005 жылдан бастап жаңағыдай мақсатқа қаржы бөлуді жергілікті бюджетке жүктеуді жоспарлап отырғанына алаңдаушылық білдіреді.

- Қант диабетінің алдын алуға және диабеттен туындаған асқынуларды емдеуге керекті қаржыны жергілікті бюджеттен бөлуге қарсы емеспіз. Бірақ, диабетпен ауыратын науқас үшін өмір тамшысы болып саналатын инсулин секілді дәріні сатып алуды тек қана республикалық бюджеттен жүргізілген дұрыс деп санаймыз, - дейді Н.Тукалевская ханым.

Сонымен бірге ол диабет ауруының алдын-алуда көп мәселе жұртшылықтың қарапайым ережелерді білуіне де байланысты екендігін айтады. Мәселен, осы аурудың балалар арасында белең алып отырғанының бір себебі ретінде балабақшаларда бөбектерді тамақтандыра салып ұйықтауға жатқызу дағдысын атады. Ал ереже бойынша ауқаттанғаннан кейін кемінде бір сағат жатуға болмайды. Сондықтан да «дұрыс тамақтану білу мен дене қимылына көңіл бөліп, салауатты өмір салтын ұстануды бала жастан сіңірген адамға келешекте қант диабеті секілді дертке шалдығу қаупі төнбейді» дейді Қазақстан диабет қауымдастығының жетекшісі.
XS
SM
MD
LG