Accessibility links

АҚШ Ирақтағы шайқас тактикасын өзгертіп жатыр

  • Смағұл ЕЛУБАЙ

Ирақтың Бағдад пен Тикрит қалаларында партизан шабуылдарына қарсы АҚШ әскері жаңа тәсілді қолдануға кірісті. АҚШ стратегиясының өзгергені туралы АҚШ президенті Дж. Буш мәлімдеді.

Жексенбі күні журналистер алдында сөйлеген сөзінде АҚШ Президенті Дж. Буш Ирақтағы шайқастардағы Америка әскерінің тактикасы өзгере бастағанын айтты. Енді Америка әскері Ирақ партизандарына қарсы жер серіктері арқылы басқарылатын зымырандарды қолдана бастады деді.

"АҚШ әскері Ирақтағы жағдайға қарай өз стратегиясын жоспарын ыңғайластыра бастады."

Осы жылдың бірінші мамырында Дж. Буш Ирақтағы әскери операция бітті деп мәлімдегені аян. Алайда, ол кәзіргі жағдайды партизандық соғыс деп суреттеуден бас тартты:

"Бұны мен Ирақ үкіметін тирандық тәсілмен басқарып келгендердің енді сол билік үшін жанталасуы деп білген болар едім."

Бұл мәлімдемесін Буш соңғы кезде Ирақ бойынша Америка әскеріне қарсы шабуылдар жиілеп американдықтардың шығындары ұлғайып бара жатқан кейін жасап отыр. Радиомыздың Ирақтағы тілшісі Валентинас Митенің пайымдауынша Ирақ партизандары барған сайын ұйымшылдық танытып жетілдірілген тәсілдерді қолдана бастаған. Нәтижесінде Америка әскері үлкен шығындарға ұшырай бастаған. Сенбі күнгі Мосул қаласында екі америка тікұшағының атып түсірілуі соған дәлел. Осы ай басында бортында 16 жауынгері бар Америка тікұшағының атып түсілгенін оған тағы қосыңыз. Ал, өткен аптада болса партизандар Насириядағы штаб пәтерінде итальяндық 18 жауынгерді қырып кетті. Ирақтағы АҚШ әскерінің 101 дивизиясының майоры Трей Кейт:

"Соңғы жеті айдан бері бізге қарсы күніне орта есеппен 4-7 шабуыл болып келеді. Бұл көрсеткіш өзгерер емес."

Майор Кейттің айтуынша шабуылдар салдарынан кісі шығыны да өсіп барады. Сондықтан, АҚШ жағы шайқас тәсілін өзгертіп сейсенбіге қараған түні осынау партизандық шабуылдарға қарсы ғарыштан басқарылатын зымырандарды іске қосты. 225 кг оқтұмсықтар негізінен партизан бекіністерін бомбалауда. Сейсенбіге қараған түні американдық Абрам танктері Ирақ партизан бекіністерін соққылаумен болды. Батальон командирі Стив Руссел:

"Бүгін таңертең зымыран атылған мекенді біз де нысанаға алып атқылап жатырмыз."

Оқиға болған жердегі жүрналистер шайқас майданындағы атыстардың үдеп кеткенін хабарлауда.

АҚШ әскері сондай бір партизандық топ жетекшісі ұйымдастырушы Казим Мохаммед Фаристы қолға түсірген. Ол Федауиндер жетекшісі болып шыққан. Бағдадтың Азамия ауданында болған сейсенбіге қараған түнгі тінтуде 21 ирақтық тұтқындалған. 30 Калашников автоматы тәркіленген. Сондай-ақ, сейсенбіге қараған түні Ирақ партизандарына 2000 американдық жауынгер танктер, тікұшақтар қатысқан шайқас болған.
XS
SM
MD
LG