Accessibility links

Иран университеттерінде қыздар көбейіп келеді

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Иран университеттерінде білім алушы қыз балалардың саны үлкен қарқынмен өсе түсуде. Мұның өзі қоғамның бет-бейнесіне көп өзгерістер әкелуде.

Иран университеттеріндегі студент-қыздар санының күрт өсіп кетуі шын мәніндегі құбылыс ретінде бағаланып отыр. Қоғамда ер адамдардың ара салмағы көп деп есептеліп келген Иран елінде бұл құбылыстың өзі айтарлықтай өзгерістер жасауда.

- Иран қыздары университетке оқуға түсу арқылы үйлерінен бөлек кетіп, үйленуді кейінге қалдырып, осылайша өзіне деген қоғамдық сыйластық пен бостандыққа ие болуды жөн көрсе керек, - дейді Азаттық радиосының тілшісі Голназ Есфандияр.

Парижде орналасқан әлуметтік ғылымдар бойынша профессор Сайед Пейванди негізінен Ирандағы білім беру жүйесі бойынша маманданған. Фарда радиосына берген сұхбатында ол: “Өткен онжылдықтар барысында Иран қыздарының білім алудағы ілгерілеушіліктері айтарлықтай айрықша құбылыс болды. Себебі мұның өзі әлеуметтік байланыстарға, еңбек базарына және әйелдердің қоғамдағы мәртебесі мен отбасындағы рөліне тікелей әсер етті. Мұның өзі Иран болашағы үшін өте,өте маңызды”, - деді.

Пейванди мырзаның айтуынша, қыздар білімінің мұншалықты шарықтап дамуы 1979 жылғы революциядан кейін жүргізілген елдегі білім беру жүйесін исламдандыру барысында мүмкін болып отыр. Мұндай үдіріс елдегі еңбек базарына тікелей әсер етуде. Атап айтқанда қоғамдық және жеке секторлардың екеуінде де әйел балаларының үлес салмағы айрықша өсе түскен. Қазіргі кезде бүкіл жұмыс күшінің 10 пайызын осы соны күштер құрап отыр. Алайда, барлық университеттегі студенттер санының 60 пайызын қыздар саны құрап отырған кезде, оқу бітіргеннен кейінгі олардың жұмысқа орналасу деңгейінің төмен екендігін осы 10 пайыздық көрсеткіштің өзі дәлелдеп отырғандай.

Техрандағы білім беру және мәдениет журналының бас редакторы Мұхамед Ғайедттің пікірінше, бұған дейін негізінен ер адамдар ғана жұмыс істеген биік лауазымды қызметтерге Иран қыздары көптеп жоғарылауда. Аталған айрықша құбылыс қыздардың тұрмысқа шығу жасының өткен жылдармен салыстырғанда өсе түсуімен, сондай-ақ бала туу санының кемуімун де ұштасуда.

- Осындай әлеуметтік мәселелермен бетпе-бет келген көптеген Иран ресми өкілдері ендігі жерде мұндай шұғыл өзгерістер елдің дәстүрлі қоғамдық сипатына түбірімен өзгерістер әкеліп жүрмес пе екен деп уәйым айта бастады, - дейді Голназ Есфандияри.

Өткен айларда елдің Білім беру министрлігі медицина университеті сияқты оқу орындарына түсетін қыз балалар санын шектеу жөнінде жүйе ойлап табуға тырысты. Пейвандидің пікірінше, консервативтік бағыттағы, сондай-ақ реформашыл саясаткерлер де жоғарғы оқу орындарына қабылданатын қыз балалар санын азайту жөнінде пікір қозғауда. Бақылаушылардың пікірінше, Иран қыздары өткен жылдарда үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Алайда, мұндай құбылысты қабылдауға қоғамдық жүйе дайын болмай тұр-, дейді мақала ауторы.
XS
SM
MD
LG