Accessibility links

Халықаралық адам құқықтары ұйымы "Амнести Интернашнел" қылмыскерлерді өлімге кесу мәселесінде Заңдарды өрескел бұзып жатқан Өзбекстанды айыптайды

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Ұлыбританиядағы Халықаралық адам құқықтары ұйымы Амнести Интернашнел қылмыскерлерді өлім жазасына кесуде құқық бұзушылыққа жол беруде деп Өзбекстан үкіметін сынауда.

Искандер Хұдойбергеновті 1999 жылғы Ташкент бомбы шабуылына қатысқан деген айыппен өткен жылы өлімге кескен болатын.

Жасырын жолмен жіберілген хатында Искәндер Өзбекстан İшкі істер министрлігі ғимаратының жертөлесінде қапаста жатқанда оны азаптап, қинап жауап алғандығын жазады.

İскәндер "менің басымды қабырғаға соққылап, жарылып қан атқылағанша сабады. Түн жарымда келіп тергеп, ұйқы бермей төпеледі. Апталап тамақ та бермеді" деп жазады.

Онымен тұрмай Искәдердің анасын, әйелін, қарындасын оның көз алдында зорлаймыз деп қорқытқан.

Жоғарығы сот өлім жазасын алып тастау жөніндегі оның өтінішін қабылдамаған. Енді, Искәндер күн сайын, сағат сайын аса үрейлі ол кесімді қорқынышпен күтуде екен.

Амнести Интернашнл Хұдайбергеновтың бұл жағдайы жөнінде Әділет жеті қабат аспанда - Өзбекстандағы өлім жазасы деген есептік баяндамасында келтіріпті.

Халықаралық ұйымның Орталық Азия бойынша өкілі Сандер-Пласманның айтуынша,

- Өзбекстан абақтыларындағы тұтқындарды сабау, азаптау сирек құбылыс емес. Өлім жазасының өзінде коррупция жайлаған.

Өкілдің айтуынша, түрмелердегі ату жолымен өлтіріліп жатқан құрбандардың саны жөнінде дерек алудың өзі оңай нәрсе емес. Адам құқықтары белсенділерінің кей деректеріне қарағанда, Өзбек абақтыларында жыл сайын 200-ден 400-ге дейін адам өлтірілер екен.

Ал президент президент Каримов 2001 жылы тамызда Парламент алдында:

- Біз Ата заңға және халқымыздың ежелгі дәстүріне орай азаматтарға адам ретінде құрметпен қарап, Алла берген өмірдің қадіріне жетуге әрекет етеміз, - деген болатын.

Бірақ Амнести Интернашнл ұйымының ресми дерек-мәліметтеріне қарағанда, президент Каримовтың ол айтқанымен абақтылардағы жағдай онша сәйкес келе бермейді екен.

Өлімге кесілгендер тар камерадағы ағаш кереуетте, сусыз, аш ұстайды. Олардың ұйқысы, денсаулығы жөнінде әңгіме де жоқ. Туыстарымен хат арқылы да байланыс жоқтың қасы дейді ұйым өкілдері.

2002 жылы өлімге кесілген Аброр Исаевтің анасы ұлының есінен тана бастағандығын айтады.

- Мен, ұлым мен келдім десем де үндемейді. Зорға жүреді, - дейді Абрордың анасы.

Оның айтуынша, түрмеде бірге жатқандар Аброрға клизма арқылы тамақ береді екен. Болмаса ол әлде қашан өліп кеткен болар еді дейді олар.

Өлімге кесілгендердің қашан өлтірілетіндігі жөнінде олардың ата-анасы, туысқандарына да алдын-ала ешқандай мәлімет берілмейтін көрінеді.

Жыл басында өлтірілген Рефаттың анасы Шавқия Төлегенованың айтуынша, ол ұлын іздеп барған кезде Рефаттың өлтірілгеніне 3 апта болған екен.

Төлегеноваға да ұлының мәйітін бермеген, моласының қайда екендігін де айтпаған. Мархұм Рефаттың әкесі ұлының өлтірілгенін естігенде азапқа шыдай алмай асылып өліпті.

Өлімге кесуге және азаптауға қарсы аналардың бейүкіметтік ұйымның директоры Тамара Чикунова 2000 жылы өлтірілген ұлының моласын осы кезге дейін іздеп келеді екен.

- Мен баламның өлтірілгені жөнінде қағаз алғаннан соң Тәшкент түрмесі бастығына қайта бардым, баламның қайда жерленгендігін, оның мәйітін өзіме беруін сұрадым. Бірақ олар заңға орай оны бере алмайтындықтарын айтты. Тіптен баламның жеке заттарын да бермеді. Міне енді 3 жылдан бері өз баламның моласын іздеумен келемін, - дейді мұңды ана.
XS
SM
MD
LG