Accessibility links

Өткен жылы Мәскеуде террористердің театрды кепілдікке алуына "әл -Каиданың" байланысы бар ма?


Өткен жылы Мәскеуде бір топ қарулы шешен театр толы 800 адамды кепілдікке алып дүниені дүр сілкіндергені аян. АҚШ заңгерлері осынау шешен көтерілісшілерінің "әл–Каида" ұйымына қатысы болған-болмағанын анықтауға күш салып отыр.

Өткен жылдың қазан айында бір топ қарулы шешен Мәскеудің Нордост театрын ішіндегі 800 көрерменімен қоса кепілдікке алып дүниені дүр сілкіндіргені аян. Бірнеше күнге созылған осынау алапат оқиға барысында театрға Ресей қауіпсіздік қызметкерлері газ жіберіп, одан 129 кісі опат болғаны белгілі. Сөйтіп шешен көтерілісшілерімен қоса театрдағы бейкүна жандар бірге қырылды.

Ресей жағы осынау шешен терроршылдары "әл-Каидаға" қатысты болды деп дабыл қаққан. Содан кейін АҚШ ФЗБ-сы ол бұл террористік оқиғаны ұйымдастырушылардың "әл-Каидаға" қаншалықты байланысы болғанын зерттеуге кірісті. Кепілдікке алынғандар арасында болған бір америка азаматы да опат болған еді. Бұл жәйіт АҚШ федералдық Прокуратурасының оқиға бойынша іс қозғауына себеп болды.

Өткен аптада Федералдық Жоғары сот бұл іс бойынша театрдағы сол оқиғаның куагері Америка азаматтығын алуға арыз берген Қазақстан азаматы Светлана Губареваны тыңдады. Тыңдау барысында Қазақстан азаматы Губареваға театрға Ресей қауіпсіздік қызметкерлерінің газ жіберуі қаншалықты қажет болғаны жөнінде сауалдар қойылды. ФЗБ ұлықтарының айтуынша ФЗБ мақсаты осынау оқиғаны ұйымдастырушылардың "әл-Каидаға" қаншалықты қатысы барлығын анықтау болып отыр. Өкінішке орай ішке аса қуатты газ жіберілгенде іштегі мұздай қаруланған шешен көтерілісшілері түгел қырылған. Алайда, көтерілісшілерден аман қалған адам бар ма жоқ па - о жағы көмескі. Ресей өкіметі олардан аман қалған ешкім жоқ дейді.

АҚШ ФЗБ ол оқиға ішінде болып аман қалған жандармен Мәскеуде де Вашингтонда да сұхбаттасты. Солардың бірі Қазақстан азаматы Губарева АҚШ Жоғары сотында сөйлеген сөзінде адамдардың қырылуына терроршылдар қалай кінәлі болса, Ресей жағы да дәл солай кінәлі деді. Опат болғандар арасында Губареваның 13 жасар қызы да болған. Ресей жағы болса терроршылдарға қарсы қандай газ қолданғанын әлі ашып айтар емес.
XS
SM
MD
LG