Accessibility links

Зиялы қауым белсенділік таныта бастады ма?

  • Гүлмира ХАМЗА

Қазақ зиялылары мемлекеттегі саяси өмірге қатысып, халықтың мүддесін қорғау үшін шындықты айтудан қорқады, деп пікір білдірген азаматтар аз емес. Мысалы, танымал режиссер Болат Атабаев бұл жөнінде «Азаттық» радиосына берген сұхбатында былай деген.

Болат Атабаев, режиссер: - Қазіргі зиялы қауым Кеңес Одағы кезінде қалыптасқан. Сол себептен идиологияға жұмыс жасап үйренген, осының салдарынан өзіміздің міндетімізден айырылып қалдық. Қазіргі зиялы қауым идиологияның қолшоқпары. Үндемей жүрген зиялы қауым бар, бірақ қазір үндемей қалудың өзі дұрыс емес. Себебі мемлекеттегі заң тапталып жатқан тұста зиялы қауым үндемей қалса, онда олар мемлекеттің құлдырауына көмектесіп отыр, деп санауға болады. Ал мемлекетте заң орындалып, әділеттік орнығып жатса, ақын жазушы сол әділеттіктің дамуына үлес қосып жатса, бұл жақсы деп айтуға болады. Қазіргі жағдайда зиялы болу қауіпті. Сол үндемей жүру керек, қылмыс көрсе байқамағандай болу керек, күлетін жерде күлу керек. Сосын сайлау кезінде алға шығып ұпай жинау керек. Президенпен кездесуге барады, оны тыңдайды, мақтайды, бірақ үйіне келгенде, ас үйінде отырып президентті жамандайды. Екі жүзділік көп. Мен түсінбеймін, президент соны білмей ме, байқамай ма?

Бұл ойды журналист әрі саясаткер Ермұрат Бәпи де қолдаған.

Ермұрат Бәпи, журналист: - Өкінішке қарай біздің зиялы қауымды қазіргі кезде, зиялы қауым деп толық мағынада айтуға болмайды. Себебі біздің зиялы қауым биліктің асырандысына айналып бара жатыр. Билік берген сыйлыққа риза болып отыр.Сол себептен олар халықтың болашағы туралы, халықтың мұң-мұқтажы жөнінде ойланбайды. Мұндай пікірді журналист пен режиссер осыдан екі ай бұрын айқан болатын. Ал 9-шы қараша күні «Ақ жол» демократиялық партиясының 3-ші құрылтайы өтті. Бұл құрылтайға келушілердің арасында зиялы қауым өкілдері ерекше көп болды. Солардың арасында Бауыржан Момышұлының баласы Бақытжан Момышұлы мен батырдың келіні Зейнеп Ахметова болды. Болашақта Зейнеп Ахметова «Ақ жол» партиясына мүше болуға дайын екенін айтты.

Зейнеп Ахметова, жазушы: - Көзіміз ашық адамбыз ғой, кімнің қай бағытта жұмыс жасап жатқанын, қай партия қандай мақсатты көздейтінін білеміз. Ал «Ақ жол» партиясының күллі бағдарламасы, атқарып жатқан тірлігі, олардың салмақты әрі салиқалы бағдарламалары менің көңілімнен шығады. Олар дау-дамайдан аулақтау нағыз істің адамдары, деп ойлаймын. Себебі «Ақ жол» партиясын басқаратын жігіттер үкімет қызметінде болсын, басқа салада жұмыс жасасын, өте тәжірибелі, білімді әрі білікті жігіттер. Олар бастаған ісін тындырады. Сол себептен болар, өткен құрылтайға жазушы қауым, өнер иелері көп келді. Зиялы қауымның «Ақ жол» партиясына қолдау көрсетіп отырғанын партияның тең төрағаларының бірі Әлейхан Бәйменов те қуанышпен қабылдайды. Әлейхан Бәйменовтың ойынша, осы арқылы партияның жұмысы жақсара түседі.

Әлейхан Бәйменов, «Ақ жол» партиясының тең төрағаларының бірі: - Құрылтайға қатысқан зиялы қауым партияға мүше емес, олар қонақ болып келді, әрі партияға қолдау көрсетіп келді. Бірақ оларды партияның мүшелерімен шатастыруға болмайды. Зиялы қауым бір күнде шешім қабылдамайды, сол себептен олар «Ақ жол» партиясын байқап, бақылап, қазір үміт артып, қолдап отыр. Негізінен менің пікірімше, зиялы қауым партиялар арасындағы тартыстарға қатыспай, бақылап, қолдау көрсетіп отырса болғаны.

Қазақ зиялыларының «Ақ жол» партиясына қолдау көрсете бастағанына саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов сеніммен қарайды. Осы арқылы саясаттанушының пікірінше, зиялы қауым арқылы жүйедегі оппозиция өкілдері билік алдына қойған талаптарын жоғары деңгейде жеткізіп, оның орындалуын талап ете алады.

Бөріхан Нұрмұхамендов, саясаттанушы: - Белсенді азаматтардың, яғни зиялы қауымның партияға келгеніне үміттеніп отырмын. Себебі саяси күш негізінен осы зиялы қауымның қолдауына байланысты. Біріншіден, бұл «Ақ жол» партиясы оппозициялық бағыттағы партия екені белгілі. Сол себептен партияның осы тұрғыдан күшейгені, деп айтар едім, сонымен қатар бұл оқиғадан кейін қоғам санасының жоғарғы деңгейге көтерілгенін байқауға болады.

Зиялы қауым шын мәнінде мемлекеттегі саяси өмірге белсенділік таныта бастай ма?- деген сұрақты осыдан екі ай бұрын қазақ зиялылары туралы өз пікірін білдірген, журналист әрі саясаткер Ермұрат Бәпидің ойын білуге тырыстық.

Ермұрат Бәпи, журналист: - Жалпы Қазақстанның саяси сахнасында жаңа партия пайда болғанда, жаңа партияның маңында зиялы қауымның жүретінің бұрыннан бері байқап жүрміз. Мұндай жағдайды «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты бірлестік пайда болғанда байқауға болатын. Мен ойлаймын, біздің зиялылар «Ақ жол» партиясы әзірге Даниал Ахметовтың атын айтып тұрған кезде, олар сол маңайда жүреді. Ертең «Ақ жол» партиясы Нұрсұлтан Назарбаевтың фамилиясын атаған кезде, біздің зиялылардың тең жартысы сол жерде болмайды, деп ойлаймын. Себебі біздің зиялы қауым жалтақ болып үйренген. Сол себептен менің күдігім көп, бірақ «Ақ жол» партиясына зиялылардың келгеніне қуанып жатырмын. Енді оның нәтижесі қалай боларын байқап көру керек. Зиялы қауым қолдаған «Ак жол» партиясы жаңа жылға дейін сайлау туралы заң жобаның парламентке түскенін талап етпек, олай болмаған жағдайда, ақжолдықтар Қазақстан үкіметін отставкаға жібермек ойы бар. Бақылаушылардың ойынша, бұрыңғы , қазіргі және жаңа келетін үкімет жалғыз президентке бағынышты екенін ақ жолдықтар айтқысы келмейді.
XS
SM
MD
LG