Accessibility links

Ирақтағы соғысқа қарсылық білдірушілер АҚШ президенті Дж.Буштың Лондон сапарын пайдаланып өз наразылықтарын білдіруде

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Ұлы Британия астанасы Лондоннан хабарланғанындай, бұл жерде ресми сапарда жүрген АҚШ президенті Дж.Бушқа Ирақ соғысына қарсы қауым барынша өз наразылықтарын байқатуға тырысуда.

АҚШ президенті Джордж Буш үш жарым күндік ресми сапармен Ұлы Британияда жүр. Бұл АҚШ-тық президенттің соңғы 80 жылдағы алғашқы мұндай сапары екен.

Мұндай мүмкіндікті пайдаланбақ болған ұлы британиялық соғысқа қарсы белсенділер АҚШ пен одақтастардың Ирақтағы соғысына орай өздерінің наразылықтарын барынша білдіру үшін шерулер өткізуде.

Бейсенбі күні Лондон көше, алаңдарын бойлап 100 мыңнан астам адам шерулерге шықты. Лондондағы атақты алаңдардың бірі Трафалгар скверде шерушілер президент Буштың жасанды қағаз мүсінін құлатып қирату рәсімін өткізді. Мұнысымен олар өткен сәуір айында Ирақтың ол кездегі президенті Саддам Хұсейннің Бағдаттағы ескерткішінің құлатылуын енді Буш мысалында қайталады.

Соғысты тоқтату коалициясының өкілі Ғарда Разуки ханымның тілшімізге бейсенбі күні айтуынша,

- Бұл аптада Британияда бұрын соңды болмаған үлкен шерулер өтеді. Бұл жағдайды АҚШтың президенті Буш та, Британия бас министрі Блэр де жақсы біледі.

Сондай-ақ, Ғазда Разукидің жалғастырып айтқанындай,

- Лондондағы Дж.Буштың қағаз мүсіні мойнына арқанды орап, оны тартып құлату міндетін қызыл танк орындайды. Егер сол сәуір айында, Бағдат орталығындағы Саддам мүсінін құлатарда еркіндік аңсаған 200дей ғана ирақтық болса, Лондондағы Буштың қағаз ескерткішін құлатуға 100 мыңдай адам қатысады, - дейді өкіл.

Сәрсенбі күнгі Лондон Ақ сарайындағы жиында Джордж Буш АҚШтың Ирақтағы соғысы үшін ақтала отырып, соңғы кездегі ирақ жауынгерлерінің шабуылына қарамай, біз бәрібір бірден кері қайта қоймаспыз, деген.

- Біз Ираққа мыңдаған шақырым жол басып келіп 25 млн.дай адамды азат ету мақсатымен жүргенде, бірталай құрбандыққа ұшырап, енді тез кері қайта қоямыз деп отырған жоқпыз, - дейді АҚШ президенті .

Сәрсенбі күні кешке Дж.Буш Бакингемм сарайында Ұлы Британия патшайымы Элизавета Екіншімен қонақасында болды. Дастархан басында Элизавета ханым екі ел арасындағы байырғы ерекше достық жағдайын еске алып тост көтерді.

- Осыдан 60 жыл бұрын Уинстон Черчиль АҚШ пен Ұлы Британия арасындағы өзара жақын ынтымақтастық ерекше қарым-қатынас деп аталып, ол байланыс Еуропаны зұлымдықтан азат етуде үлкен рөл ойнаған болатын. Сондықтан, ежелгі достар сықылды біз ашық сөйлесе алумен қатар, кейде келіспей қалатын кездеріміз де болады. Бірақ біздің серіктестігіміздің бекемдігіне орай түрлі деңгейде біз өзара келісіп жұмыс істей аламыз, - деген Ұлы Британия патшайымы Элизавета Екінші.

Өз кезегінде президент Буш Британия мен АҚШтың әлемдік демократиялық қозғалыстарға қосып жатқан үлесіне тоқталды.

- Азаттық, Бостандық тарихы, Тәуелсіздікті жариялау тарихы біздің заманға да тән құбылыс. Азаттық әуені Азия мен Латын Америкасында, Африка және өзге аймақтарда да еркін естіле бастады. Ал біздің екі ел Ауғанстан мен Ирақтағы еркіндік пен демократия үшін күресуде. Сондықтан Америка мен Британия ортақ мүдделерді қорғау үшін тағы да бірге бас қосып отыр, - деді президент Буш.

Ал бұл арада, Бакингем сарайы сыртындағы наразы қауым полиция мен шайқасып жатты. Қоршауды бұзып өткен 30 шақты адам тұтқынға түсті.

Гардиан газеті жүргізген сауалнама нәтижесіне қарағанда, 43 пайыз британиялық Дж.Буштың бұл сапарын құптаса, 36 пайызы оған қарсы, ал 21 пайыз жұртқа бәрі бір.

Ал бас министр Тони Блэрдің Еңбекші партиясының сәл кем тең жартысы Буштың бұл келуіне қарсы болыпты. Дегенмен, сыртта қарсылық шерулері жалғасып жатқан кезде Дж.Буш пен Тони Блэр Гуантанамодағы тұтқындар, Таяу Шығыс және Ирақ мәселесін талқылап жатқан болады.

Бұл Ирақ соғысында Британиялық 53 сарбаз қаза тапты.
XS
SM
MD
LG