Accessibility links

Қазақ қызы: өткені, бүгіні, ертеңі

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қарашаның 21-22-сі күндері Алматыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында «Қазақ қызы: өткені, бүгіні, ертеңі» деген тақырыпты талқылау мақсатында қазақ зиялы қауымы бас қосты. Бас қосуда негізінен қазақ қыздарын ақпараттық мәдениетке тәрбиелеу, қыздардың білімі мен мәдениетін дамыту, қоғамдағы әйелдердің орнын анықтау мәселелері сөз болды.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының ректоры Шәмша Беркембаеваның айтуына қарағанда, қазақ әйелінің мәселелерін қозғаған мұндай басқосулар бұрын-соңды өтпеген көрінеді.

- Қазақта «Ер адам ұрпақ тәрбиелейді, әйел адам ұлт тәрбиелейді» деген мақал бар. Қыздарымыздың рухы биік, ақылды, инабатты, парасатты болса біздің ұлтымыздың сапасы жоғары болады. Соңғы жылдары көптеген өзгерістер болды. Оның жақсы жақтары - қыздарымыз сауатты, саясатқа араласатын болды. Кемшілігі - ел мен ел араласуынан бұқаралық ақпарат құралдарындағы түрлі анайы көрсетілімдер қыздар тәрбиесінің босаңсуына әкеліп соғып отыр.

-Біз өркениет көшіне ұлттық құндылықтарымызды ала баруымыз керек. Қазақ халқының өзіне ғана тән педагогикалық қыз тәрбиесін, педагогикалық мәдениетті жаңғырта отырып, бүгінгі күн талаптарына сай қыз бала тәрбиесін жоғарғы деңгейге көтерсек, біздің ұлт сапасы жақсарады,
- дейді Шәмшә Беркімбаева.

Жазушы Әзілхан Нұршайықов қыздар тәрбиесі мәселесінде бұрынғы ұлттық тәрбие мен бүгінгі тәрбиені үнемі байланыстырып отыру керек деп есептейді.

- Қазір ғылымның әртүрлі саласына білім бере отырып, қыздарға ұлттық тәрбиені де үйрету керек.

Демограф ғалым Мақаш Тәтімов мырза аталған шара жөнінде былай дейді.

- Демографиялық ахуалымыз қазір өте нашарлап кетті. Оған әйелдер кінәлі емес. Туудың деңгейі қазір көтеріліп келеді. Бірақ ол мемлекет, үкімет тарапынан күш қолданғаннан емес. Ол демографияның ішкі күш-қуаты. Демографияның ішкі күш-қуатын бүгін әйелдер мәселесіне қатыстырып қарастырып отырмыз. Әлем бойынша санымыз 13 млн-ға таяды. Дегенмен де өсу қарқынымыз төмен. Демографиялық тасқын болған 1959 жылды 1999 жылмен салыстырғанда 3,5 есеге төмендеп кеткен.

Сондықтанда бүгінгі басқосу аясында қыздардың болашақ ана болу, қазақтың демографиялық мәселелерін кеңірек қозғап отырмыз,
- дейді ол.
XS
SM
MD
LG