Accessibility links

Алматыда Өзбекстан басшылығының мұсылмандарға қарсы жүргізіп отырған өктемдік әрекетіне қарсы наразылық шарасы өткізілді


21-қарашада Алматы мешітінің маңында рұқсатсыз наразылық шарасы өткізілді. Шараға қатысқан бірнеше ондаған адам Өзбекстан өкіметінің мұсылмандарға қарсы жүргізіп отырған өктемдік әрекетіне наразылық білдірді. Бұл жөнінде жұма күні мешітке келген азаматтардың бірі Амангелді Жұмашұлы «Азаттық» радиосына хабарлады. Сондай-ақ, жергілікті ақпарат құралдары да осы хабарды тарата бастады.

Наразылық шарасы осыдан кейін Гоголь және Қалдаяқов көшелерінің қиылысында да өтіп, бірнеше минутқа созылды. Оған қатысушылар мен оқиға куәгерлерінің айтуынша, оқиға орнына келіп жеткен полицейлер олардан тез арада тарауды талап еткен. Дәлелденбеген мәліметтерге сәйкес, полицейлер аспанға бірнеше мәрте оқ атқаны айтылуда. Бұдан кейін митингіге қатысушылар Гоголь көшесін бойлай отырып, Горький атындағы демалыс саябағына қарай бет алған.

Куәгерлердің айтуынша, жергілікті сағат 15-ке таман полиция қызметкерлері шараға қатысушылардың басым бөлігін қамауға алды. Қазір шара өткен жерде және Орталық мешіт маңында полицияның бірнеше машинасы мен 20-дан астам полицейлер тұрды.

Болған оқиға туралы түсініктеме беру жөнінде полиция өкілдері әзірге ештеңе айта алмайтындықтарын хабарлай отырып, бұл жерде "полиция жасақтары күшейтілген күзетте тұр" деп мәлімдеді.

Бұл ауданда қауіпсіздік шараларының күшейтілу себебі туралы да полицейлер түсініктеме беруден бас тартты.

Осы хабар дайындалып жатқан кезде полиция тұтқындаған наразылық шарасына қатысушылардың қайда екендігі туралы мәлімет болмады.
XS
SM
MD
LG