Accessibility links

Ұйғыр мәселесі


Кез-келген ұйғырға 12-ші қараша ерекше күн. Себебі ұйғыр халқы 12-ші қараша күні Шығыс-Түркістан Ислам Республикасының құрылған күнін атап өтеді. Жыл сайын 12 қараша күні Қазақстандағы ұйғыр қауымдастығының мүшелері арнайы бас қосып, тарихта болған оқиғаларды еске түсіреді.Ұйғыр халқының ақыны Әбдығыпар Құтлықтың айтуынша, үстіміздегі жылы Шығыс Түркістан Ислам Республикасының құрылған күніне 70 жыл толды.

Әбдығыпар Құтлық, ақын: - Қытай мемлекетінің ұйғыр жерін басып алғанына екі ғасыр болғаны көпшілікке мәлім. 1933 жылы біздің ұлы күресшілер Қытайға қарсы шығып, Шығыс Түркістан Ислам Республикасын құрған еді. Алайда Кеңес Одағы мен Қытай мемлекеті бірігіп, бұл мемлекетті жойды. Бүгінгі күні біз бұл қысымнан құтылған жоқпыз. 1933 жылы құрылған мемлекет жойылғанымен, соңынан, яғни 1944 жылы 12-ші қараша күні біз тағыда Шығыс Түркістан Республикасын құрдық. Бірақ Кеңес Одағы бұл мемлекетті құрған азаматтарды өлтіріп, мемлекет тағыда жойылып қалды. Бұл жөнінде бізде құжаттар бар. Ал құрбан болған азаматтардың есімін біз ұмытпаймыз.Сонымен қатар біз ұйғырлар мемлекетіне Кеңес Одағы мен Қытай кедергі жасағанын білеміз. Күні бүгінге дейін Қазақстанда тұратын Ұйғыр ұлтының балалары Шығыс Түркістан Ислам Республикасының байрағы, ата заңы қандай болғанын біледі. Ұйғыр патриоттарының бірі Мухлиси Жүсіптің пайымдауынша, бұл мемлекеттің ата заңы жоғары деңгейде әзірленген.

Мухлиси Жүсіп, ұйғыр қауымдастығының мүшесі: - Сол Республиканың дүниеге келуіне ат салысқан, халықтың көзін ашқан өте білімді азаматтар болған. Бұл азаматтардың халық арасында беделі жоғары болған. Бұл Республиканы дүниеге әкелген тұлғалар мемлекет конституциясын да жоғары деңгейде әзірлеген. Бұл мемлекеттің тарихы өте маңызды, сол себептен біз бұл оқиғаны жөнінде ақпарат таратып жүреміз.

Тарихи деректерге жүгінсек, ұйғыр халқы соңғы екі жүз жылдың ішінде тәуелсіздікке қол жеткізу үшін талай рет күрескен. Осының салдарынан бірнеше мемлекет құрылып, бұл мемлекеттердің азаматтары талай рет тәуелсіздігінен айырылған. Қазақстандағы ұйғыр қауымдастығының жетекшісі Хаһарман Қожамберді 12-ші қараша дегенде басқа мемлекетті есіне түсіреді.

Хаһарман Қожамберді, Қазақстандағы ұйғыр қауымдастығының жетекшісі: - 12-ші қараша мен үшін 1944 жылы Шығыс Түркістан Республикасы құрылған күн. Бұл мен үшін өте қуанышты күн. Екінші жағынан бұл, әрине, күллі түркі тілдес халықтар үшін өкінішті жағдай, себебі Қытай мемлекеті Қытайда бар ұйғырлардың санын жасыруға тырысады. Ресми мәліметтер бойынша, ондағы ұйғырлардың саны 8 миллион 900 мың адам. Ал негізінде ұйғырлардың саны екі есе көп. Бұл санның жасырынды болғаны өте өкінішті.

12-ші қараша күні ұйғыр халқы өткен күнді есіне түсіріп қуанады, бірақ соңынан орын алған жағдайды ойлағанда, мұңайады, дейді Хаһарман Қожамберді.

Хаһарман Қожамберді,Қазақстандағы ұйғыр қауымдастығының жетекшісі: - Мысалы, бір мәселені айтатын болсақ, Қытайда ұйғырлардың мектептерінде қысым жоқ болған. Бірақ жақында Қытайдан келген қандасыммен сөйлесіп көрдім. Бұл кісі мектепте жұмыс жасайтын азамат. Сол кісінің айтуынша, бірінші сыныптан бастап қытайша оқыту мәселесі барлық ұйғыр мектептеріне міндетті түрде енгізілген. Қытай үкіметінің пікірінше, қытай тілін ұйғыр мамандары үйрете алмайды. Сол себептен Қытай ішкі өлкелерінен мұғалімдерді әкеледі. Бұл жылдан жылға ұйғыр жерінде ұйғырлардың санын азайту үшін жасалып отырған әрекет. Мысалы, кейінгі уақыттарда қытай тілін білмейтін мамандар жұмысқа алынбайды, бұл өз кезегінде адамның құқығын бұзу деген сөз. Бірақ бұл мәселе жөнінде алпауыт мемлекеттер айтпағанды ұнатады, себебі олар Қытаймен арадағы қарым-қатынасын бұзғысы келмейді.

Ұйғыр патриоттарының мәліметтеріне жүгінсек, күллі дүниежүзі бойынша, ұйғыр халқының саны 22 миллион адамға жетеді. Күллі әлемге шашырап кеткен халықтың әр мемлекеттегі жағдай сан қырлы, бұл жөнінде біз келесі хабарымызда баяндаймыз.
XS
SM
MD
LG