Accessibility links

Гүржістандағы оппозициялық күштер қысымына төтеп бере алмаған президент Эдуард Шеварднадзе өз қызметін тастап кетуге мәжбүр болды.


Көпке созылған саяси текетірестен соң, Гүржістандағы оппозициялық күштердің қысымына қарсы келе алмаған президент Шеварднадзе, қарашаның 23і, жексенбіде өз елбасылық қызметін тастап кетуге мәжбүр болды, деп хабарлайды тілшіміз және шет ел ақпарат агенттіктері Тбилисиден.

Сонымен, Гүржістанда бір неше аптаға жалғасқан президент пен оппозициялық күштер арасындағы кескілескен саяси текетірес Үкіметке қарсы бәсекелес күштердің үлкен жеңісімен аяқталды. Президент Эдуард Шеварднадзе президенттік қызметін тастап, қарашаның 23і жексенбіде, ұзақтау отырып қалған өз орнын босатты, деп хабарлайды тілшіміз Тбилисиден.

Мәлім болғанындай, Шеварднадзе жексенбі күні кешке қарай, астана маңайындағы өз сарайында оппозициялық топ жетекшісі Михаил Саакашвили және Ресей сыртқы істер министрі Игорь Ивановпен кездесу кезінде қызметтен кету жөніндегі хатқа қол қойған.

Екі арадағы мәмілегерлік шаруасымен келген Сергей Иванов

- Меніңше ең дұрыс бұл жол - саяси дағдарысты тікелей келіссөздер жолымен шешу, - деген жексенбіде.

Артынша гүржі теледидарына берген қысқа жауабында Шеварднадзе өз үйіме қайтып бара жатырмын депті. Ал бірақ, ресейлік министр менің өз міндетім орындалды деп Шеварднадзе қызметтен кету жөнінде мәлімдеме жасамастан бұрын-ақ елге қарай жолға шыққан.

Соңғы бір тәуліктегі Тбилиси уақиғаларын еске алсақ, президент пен үкіметке қарсы топтағы қауым сенбі күні парламент үйіне басып кіріп, президент Шеварднадзені ол залды тастап шығып кетуге мәжбүр етті. Ал президент болса бұл үкіметтік төңкеріске әрекет , мен қызметтен кетпеймін, күш қолданамын, деп қоқан-лоқы жасап көрді. Бірақ Гүржістан Қорғаныс министрі өзінің қантөгістік әрекетке бармайтындығын мәлімдеді.

Дегенмен, Мәскеуден Ресей Сыртқы істер министрі келіп, өзара кеңескеннен соң Шеварднадзенің қызуы сәл бәсеңсіп, егер шерушілер парламент ғимаратын босатса оппозициялық күштермен өзара келіссөздерге отырамын, деген тілек білдірген.

- Әрине, келіссөзге отырса болады. Мәмілеге де келсе болады. Бірақ менің қояр жалғыз ғана шартым - оппозициялық күштер парламент пен президент кеңселерін жедел босатып шықсын. Одан кейін біз сол жерде немесе осы арада кездесіп, бірер келісімге келетін боламыз, - деген Эдуард Шеварднадзе.

Бірақ Михаил Саакашвили пойыз әлдеқашан жүріп кетті, келіссөздерге кеш болды, енді біздің шартқа көнбесе наразы қауымды президенттік сарайға ертіп апарып, басып кіріп, сол арада президент пен Ресей сыртқы істер министріне келіссөздер орнын әзірлейміз, деп қорқытқан.

- Мен ешқашан өз халқыма сатқындық жасамадым, дегенмен мен бұл жағдайда қызметтен кеткенім дұрыс деп шештім, - деген Шеварднадзе.

Шеварднадзе дер кезінде кету жөнінде мәлімдемесін жариялағаннан соң Тбилиси халқы жақсы жаңалық жетісімен-ақ бір-бірін құттықтап, бұл уақиғаны мерекелеуге кіріскен.

Жетекшілік орында қанша отырса да соңғы кезде кең жайылған коррупция, тұрмыс-тіршіліктің төмендегендігінен Шеварднадзеге қарсы топтар күшейе түсті.

- Шеварднадзенің қызметтен кететін уақты әлдеқашан жетті Гүржі халқының тілегімен жаңа үкімет сайлануы қажет, - дейді , жас шерушілердің бірі.

Сонымен жексенбі күні Парламент төрағасы Нино Бурджанадзе, мерзімнен алдын өтер сайлауға дейін, уақтынша президент деп жарияланды. Заң бойынша енді 45 күн ішінде жаңа президент сайлануы тиіс.

- Ресей сыртқы істер министрі Ивановтан алған негізгі кепілдік – Ресей , егер сөзінде тұрса, енді Гүржістанның ішкі істеріне араласпайтын болады. Бұл - үлкен өзгеріс, себебі 90-жылдары Ресейдің біздегі азаматтық соғыстарға тікелей араласқандығы ақиқат, - дейді Михаил Саакашвили.

Ол Шеварднадзенің қызметтен кету жөніндегі бұл соңғы шешімін өте батыл қадам деген.

Уақтынша президент Бұрджанадзе барлық заң, тәртіп агенттіктерін және азаматтарды күнделікті қалыпты жұмысқа кірісуге шақырған.

АҚШ Гүржістанның жаңа басшылығын мойындайтындығын жариялаған. Мемлекеттік хатшы Колин Пауел Нино Бурджанадзеге телефон шалып, оған Вашингтонның қолдау көрсететіндігін жеткізген.

Оппозициядағы партия жетекшілері Гүржістандағы бұл уақиғаны Чехословакиядағы 1989-жылғы коммунистер жеңілісі сықылды қантөгіссіз мақпал төңкеріс деп атады.
XS
SM
MD
LG