Accessibility links

Түркіменстан президенті Сапармұрад Ниязовқа қастандық жасалды деп жаряланып, барша елде құғын-сүргін жүргізілді. Қылмысқа қатысты деген айыппен отыз шақты азамат айдалып кетті. Алайда Сапармұрад Ниязовқа шынында да қастандық жасалды ма, жоқ па – осы күнге шейін күмәнді. Саяси талдаушылар Ниязовтың билігін Сталин былай тұрсын, Гитлердің ел билеу жолымен салыстырып отыр.

Жұмбақ оқиғаның мән-жайын президент Ниязовтың өзі баяндағандай келтіретін болсақ – қастандық жасалғанын президент байқамай да қалыпты. Ниязов мәшине дізгінінде таң атпай өзі отырған-мыс. Ресми хабарда бұл жайттың ерекше айтылғанына қарағанда, ел дізгінін ұстаған жігіт ағасы аттың жалында, мәшиненің рулінді бірдей тартатын болса керек:

- Бұл таңғы сағат жеті болатын. Мен Ашхабадты қақжарып бара жатқанымда артымнан "Камаз" жүк мәшинесі шығып, жол қиылысын бөгеді. Жол полициясының мәшинесі оған бөгеліп қалды. Не болғанын көруге тоқтадымда, сосын жұмысыма кете бардым. Ол жерде атыс болғанын жұмысқа келген соң естідім. "Камаз" мәшинесінен, "БМВ-дан" және басқа мәшинеден әлде кімдер атып шығып, оқ жаудырыпты.

Бұл Ниязовтың өз әңгімесі. Күн өткен айын, апта зымыраған сайын оқиға жөнінде жаңа егжей-тегжейлі тұстар ресми түрде шығып жатты. Мұның өзі талдаушыларды күмәнға жетектеді. Түркімен оппозиция басшыларының бірі, "Ватан" қозғалысының төрағасы Құдайберді Оразов Ресей газетіне берген сұхбатында қастандық ойдан шығарылды, бұл тек құғын-сүргінді күшейтуге сылтау ретінде айтылды дейді. Ниязов болса төрт бұрыңғы үзеңгілесін айыптап, қастандық қане емес, олар мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болды деп іс бастатқызды. Борис Шихмұрадов, Сапар Ықлымов, Құдайберді Оразов, Нұрмұхамед Ханамов сияқты бұл азаматтардың барлығы айыпты жоққа шағырды.

Амал қанша, шетелдерді паналап жүрген оппозициялық басшы Борис Шихмұрадовтың өзі жұмбақ жағдайда дәл Түркіменстанда қолға түсіп, күдікті сот жағдайында өмірлік абақтыға кесілді. Оның түрмедегі аман-саулығы жөнінде туған туыстары, міне бір жыл болып қалды, хабарсыз. Құғын-сүргін бүкіл елді құйындатып өтті. Ресми түрде 61 адамның қамалғаны айтылды. Венада орналасқан "Адам құқықтары жөніндегі Халықаралық Хельсинки комитеті" және Мәскеуде орналасқан "Мемориал" ұйымы болса, кемінде 200 адамның қамалып, олардың ішінде жүзден аса адамға түрлі айып тағылғанын айтты. Оразов пен Қанамов сырттай өмірлік түрмеге кесілді. Іле шала өткен соттардың әділдігіне құқыққорғаушы ұйымдар күмәнді.

Солтүстік Каролина университетінің маманы, профессор Стив Сейбол Ниязовтың сөздеріне шүбәлімін, оппозиция басшыларына жала тағылды деп біледі:

- Ниязов мәлімдесінде айтылғанына сенбеймін, Шихмұрадов, Ықлымов не болмаса Оразов шетелдерде жан сауғалап жүргендіктен мұны ұйымдастыра алмас еді. Бұл шаруаны ел ішіндегі біреу-міреу жасауы мүмкін. Ол жақын арада қауіпсіздік саласынан да қуылған азамат, ішкі істер министрлігінен де қуылған азамат,тіпті ауыл шаруашылық министрлігінен де қуылған азамат болуы мүмкін.

Болған-болмаған қастандықтың әңгімесі, артынан асығыста жасалған жаппай қуғын сүргін халықаралық қауымдастықтың назарын Түркіменстан президентінің болмысына аудара түсті. Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының баспасөз бостандығы жөніндегі өкілі Фреймут Дуве Түркіменстандағы саяси жүйені "тоталитарлық" және "нәсілшіл" деп сүреттеп отыр. Ниязовтың билігі Сталиннің қатыгездігі былай тұрсын, Гитлердің ел билеу жолына ұқсас, дейді Фреймут Дуве. Сондықтан Ниязов ара-тұра жоқ жерден жау-дұшпандарды іздейді.
XS
SM
MD
LG