Accessibility links

Астана бойынша күніне 5 әйел тұрмыстық зорлық тартқаны үшін шағымданады екен


Осы жылдың он айында Астана қаласында тұратын әйелдерге қатысты 931 қылмыс жасалыпты. Олардың 7-еуі кісі өлімімен аяқталған. Он жағдайда денеге қасақана ауыр жарақат салынған. 11 ұрып-соғу, 41 зорлау және тағы басқа да қылмыстың түрлері бар. Жәбір шеккен әйелдер туралы бұл мәліметтерді қарашаның 25-і күні Астана қалалық ішкі істер басқармасының әйелдерді зорлықтан қорғау жөніндегі бөлімшесінің аға инспекторы, полиция капитаны Құралай Қарина жария етті.

Әйелдерді зорлықтан қорғау бөлімшесі ашылғалы бері төрт жылдай уақыт болды. Құралай Қаринаның айтуынша, әйелдер көбіне тұрмыстық зорлыққа байланысты шағымданады екен. Зорлық отбасында әйелінің күйеуінен жапа шегуі ғана емес, ағайын-туыстардың арасында, тіпті некеде жоқ, бірақ бірге тұрып жатқандардың да ортасында орын алатын көрінеді.

Оның айтуынша, көптеген әйелдер өз құқықтарын білмейді екен. Тұрмыстық зорлыққа шыдамай қарсы күш көрсететін де әйелдер кездеседі екен. Ал, Лариса есімді 43 жастағы әйел тұрмыстық зорлықтың зардабынан құтыла алмай, ішкі істер басқармасындағы аталған бөлімшеден қолдау тауыпты. Оның бір ұл, бір қызы бар. Ұлы ер жетіп, үйлі-күйлі болған. Ал, қызы мектепте оқиды.

«Мен бір жыл бойы күйеуімнің соққысын тартып келдім. Сәуір айының соңында ажырасуға арыз беріп едім, тіпті күн көрсетпей қойды. Ажырасу туралы іс әлі ресімделген жоқ. Қазір ажырасу жөніндегі және мүлікті бөлісу туралы ісім үшінші рет сот төрешісінің қарауында. Үшінші сотқа күйеуім келді. Менің түрімнен соққыға жығалғаным көрініп тұрды. Сот төрешісі бұл жағдайымды көрді. Бірақ күйеуім сотта мені жақсы көремін деп көлгірсіді. Сөйтіп, сот бізге татуласуға екі ай уақыт берді. Сот төрешесінің шешімі формальды түрде дұрыс, өйткені, бір жақ ажырасуға қарсы ғой. Бірақ күйеуім мені екі ай бойы ұрып-соқты. Кезекті жұмысымнан шығуға мәжбүр етті. Заң жағынан алғанда сот төрешесінің татуласуға уақыт беруі дұрыс, бірақ одан маған жеңіл болып жатқан жоқ», -дейді жәбір тартқан Лариса.

Жалпы Құралай Қаринаның айтуынша, Астана бойынша күніне 5 әйел тұрмыстық зорлық тартқаны үшін шағымданады екен. Қазақстан заңдарында әйелдрге қатысты жасалған қылмыстарға жазалар көзделген. Олар әкімшілік айыппұлдан басталады. Ал, әйел зорлау сияқты қылмыс түріне 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаралған.
XS
SM
MD
LG