Accessibility links

Ұлы жібек жолымен ауған героины ағылуда


Соңғы жылдары Қазақстанда героин тәрізді есірткінің ауыр түрлері көбейді. Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері мұның негізгі себебін апиын өндірісі жергілікті билік өкілдері үшін бірден-бір қаржы көзіне айналып отырған Ауғаныстандағы жағдаймен байланыстырады. Ресми тұлғалардың айтуынша бүгінгі таңда ТМД елдері арқылы батысқа кететін ауған героинының 70 пайызы Қазақстан жері арқылы тасымалданады.

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің экономикалық қауіпсіздік департаментінің бастығы Нұрғали Бейісбеков Ауғаныстаннан батысқа кететін героинның отыз пайызына дейінгісі Орталық Азия елдері арқылы тасымалданып отырғанын айтады. Ал қалған ауқымды бөлігі, яғни есірткінің 70 пайызы Пәкістан мен Иран арқылы тасымалдануда деді Н.Бейісбеков сәрсенбі күні журналистерге берген сұқбатында. Оның айтуынша осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері Ауғаныстанда болып, сондағы әріптестерімен елдегі есірткі бизнесіне қарсы күрес жағдайымен танысып қайтыпты.

- Хамид Қарзай басқаратын Ауғаныстанның орталық үкіметінің билігі тек ел астанасы – Қабыл қаласымен шектеліп отыр, ал аймақтардағы жетекшілердің барлығының есірткі бизнесімен араласы бар. Себебі, қазірде аймақтық жетекшілер үшін апиыннан түсетін түсімнен басқа қаржылану көзі жоқ. Осылайша жағдай тұйыққа тіреліп отыр, соңғы бір жылда Ауғаныстандағы есірткі егілетін жер көлемі бес мың гектарға көбейген, - дейді Н.Бейісбеков.

Мамандардың болжауы бойынша Ауғаныстанда биыл өсірілген апиын шикізаты 450 тоннаға жуық героин дайындауға жететін көрінеді. Ал, бұл жағдай, тиісінше, Ауғаныстаннан Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан жері арқылы тасымалданатын есірткі көлемінің ұлғаюына түрткі болары даусыз. Сонда болжам бойынша, жыл сайын Қазақстан арқылы тасымалданатын героин мөлшері шамамен 10 тоннаға жуықтайды. Сондай-ақ, бұрындары Ауғаныстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында орналасқан апиын өңдейтін орындардың соңғы жылдары солтүстікке қарай орын ауыстыра бастағаны қазақстандық қауіпсіздік қызметкерлерін алаңдатып отыр.

Жақында Қазақстаның ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастамасымен есірткі бизнесіне қарсы жүргізілген бір айлық арнайы іс-шара аяқталды. Бұл шаралар елдің ішкі істер министрлігі, кедендік бақылау және қаржы полициясы агенттіктерімен бірлесіп өткізілген. Осы шаралардың барысында есірткіге байланысты 1177 қылмыс ашылып, заңсыз бизнеске қатысы бар деген күдікпен бір жарым мың адам ұсталыпты. Олардың 1200-ге жуығы Қазақстан азаматтары болса, қалғаны Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Ресей және ТМД мүше басқа елдердің азаматтары екен. Ұсталғандардың 1173-і қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Осы уақыт ішінде заңсыз айналымнан 2700 кг есірткі, соның ішінде 400 кг астам героин тәркіленген.

Есірткі тасымалы халықаралық ұйымдасқан қылмыс түріне жататындықтан мұндай шараларды жүргізу кезінде қазақстандық заң мекемелерінің өкілдері іс-қимылдарын көршілес елдердегі әріптестерімен бірлесіп жүргізу тиімді әрі қажет екенін айтады.

- Мәселен, соңғы уақытта өзбек жерінде, атап айтқанда Тәшкен облысында есірткінің үлкен қорлары шоғырланып отырғаны туралы нақты дәлелдер бар. Мұны өзбекстандық әріптестерге хабарладық та. Бірақ, өкінішке орай, өзбекстандық арнайы қызмет орындарының бұл мәселеге сүлесоқ қарап отырғаны бізге түсініксіз, - дейді Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің экономикалық қауіпсіздік департаментінің бастығы Н.Бейісбеков.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілі қазірде Қазақстанда есірткі бизнесімен айналысатындар арасында тәжікстандық қылмыстық топтар белең алып отырғанын айтады. Ал жақында Шығыс Қазақстан облысында 57 кг героинмен қолға түскен қылмыскерлер Қырғызстан азаматтары боп шыққан. Сондай-ақ, қазірде Қазақстанда қылмыскерлер тұрмыстық жағдайда эфедрон тәрізді есірткі заттарын дайындап шығаратыны анықталып отыр.
XS
SM
MD
LG