Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда темір тордың арғы жағына түскендердің соңғы кездері өздеріне-өздері қол салу оқиғаларының жиілеп кеткендігі және тағы да басқа саяси, рухани, әлеуметтік тақырыптарға арналған мақалалар жарық көрген.

“Түркістан” басылымының 27 қараша күнгі санында “айтылған сөз” деген айдармен мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымовтың сөзі беріліпті. Мәжіліс депутаты өз сөзінде “Қазақстанда сапалы хабарларға деген сұраныстың көп болғанымен, оның ресейлік “өнім” болуы міндетті емес екендігіне тоқталып өтіпті. Ерасыл Әбілқасымовтың айтуына қарағанда Қазақстанның бірде-бір бұқаралық ақпарат құралдарында, НТВ телекомпаниясының қаржылық техникалық және адамдық қорындай қор жоқ көрінеді. Сондай-ақ мәжіліс депутаты НТВ ға ретрансляция жасау халықтың менталитетіне сай емес хабарлардың пайда болуына әкеледі” деп есептейді. “НТВ Қазақстан” телеарнасы пайда болады деген хабар ел тағдырына алаңдаулы азаматтардың жарғақ құлағын жастыққа тигізбей қойды. Қазақстан телекеңістігіндегі жаңа арнаны “Қазмұнайгаз” ұлттық компаниясы құрмақ көрінеді. Қазірдің өзінде белгілі болғандай телеарнаның негізгі эфирлік уақыты “НТВ” арнасының есебінен толтырылмақ. Әйтсе, де, қазақстандық деңгейде “НТВ” ға лайық сапамен жаңа хабарлар да жасалады деседі. Оның үстіне, “мемлекетаралық”дәрежесі бұл арнаға Қазақстанның мемлекеттік тіл туралы заң нормаларын сақтау міндетінен босататын сияқты” дейді мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов.

Темір тордың арғы жағына түскендердің соңғы кездері өздеріне-өздері қол салу оқиғаларының жиілеп кеткендігі белгілі. “Столичная жизнь” апталығының 27 қараша күнгі санында жарық көрген мақаласында Наталя Глушкова осы оқиғалардың орын алуын темір тордың арғы жағындағы адам құқықтарының бұзылып жататындығымен байланыстырып өткен. Халықаралық адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау бюросы директорының орынбасары Жеміс Тұрмағамбетованың айтуынша, бас бостандығынан айырылған адамдарға түрмеде неше түрлі қорлық көрсетілетін көрінеді. Мақаланың соңында құқық қорғаушы Мәдел Исмаилов осы мәселеге байланысты көзқарасын білдіріп өткен. Мәдел Исмаиловтың айтуынша түрмеге түскен адамдардың көбісі туберкулезге шалдығып, ауру болып шығады екен.

“Жас алаш” газетінің бейсенбілік санында қазақтың талантты ақындарының бірі Жұмекен Нәжімеденовтың жұбайы Нәсіп Мұстақызымен сұхбат жүргізіліпті. Газетке берген сұхбатында Нәсіп Мұстақызы 2002 жылы ақын шығармасының Мемлекеттік силыққа ұсынылғанымен, ақыр аяғында “өмірден өткен жазушыларға Мемлекеттік силық берілмейді” деген шешімнің шығарылғандығын да тілге тиек етіпті.

“Егер де журналист менің жұмысымды сынай бастаса, яғни оның қожайыны менің жасап отырған жұмысыма разы емес деген сөз” деп мәлімдепті Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиева “МК В Казахстане” газетіне берген сұхбатында. “Әрине, Бұқаралық ақпарат құралдары төртінші билік. Бірақ сол биліктердің де қожайындары бар. Сол себептен де мен өз тарапыма айтылған сындарға түсіністікпен қараймын”. Орталық сайлау комиссиясы үгіт-насихат жұмыстарымен айналыспайды. Біз тек сайлауды ұйымдастырып оның әділ өтуіне ықпал жасай аламыз” дейді Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиева.

“Ана тілі” апталығының кезекті санында жарияланған мақаласында Мырзан Кенжебай “Хабар” телеарнасының тілді шұбарлап жүргендігін сынға алыпты. Мақала авторының айтуынша неше түрлі жол апаты, басқа да қылмыс түрлері берілетін “Дабыл” деп аталатын хабар тілшілерінің қазақшасын тыңдағанда олардың қай тілде сөйлеп тұрғанын түсінудің өзі қиын көрінеді. “Бұл айтылғандарға “Хабар” журналистері жеме-жемге келгенде “мұның бәрі бірер ай бұрынғы кемшіліктер еді, қазір тіліміз түзелді деуі де мүмкін. Бірақ олардың тілі сол шалдыр-шатпақ күйінде қалғанын 10 қараша күнгі жаңалықтардан көруге болады”деп Мырзан Кенжебай біраз мысалдар келтіріпті.

“Сөз” газетінің кезекті санында “Қазақстанның демократиялық қозғалысының құрылғандығының” екі жылдығына орай мақалалар топтамасы беріліпті. Газеттің осы санындағы «Еуразия” сайтынан көшіріліп басылған мақалада оңтүстік Кореяның миллиардері Чой Сунның Қазақстандағы бизнесін жолға қою үшін өзінің қарамағындағы адамы арқылы Нұрсұлтан Назарбаевқа он миллион доллар пара бергендігі айтылыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, әзірше Нұрсұлтан Назарбаевқа ресми түрде айып тағыла қоймапты. Бұл тек Америка соты Назарбаевтың есеп-шотындағы ақшалардың пара екендігін анықтағанда да жүзеге асуы ықтимал. Алайда Нұрсұлтан Назарбаев кез-келген уақытта сотқа шақырылып жауапқа тартылуы мүмкін. Бейресми ақпарат көздерінен алынған мәліміттерге сүйенсек, алдағы уақытта Назарбаевтың адвокаттары Швейцария прокуратурасының өкілдерімен кездесуді жоспарлап отырған көрінеді. Нұрсұлтан Назарбаев жауапқа тартылмаған жағдайда куәгер ретінде сотқа қатысуға келісімін беріп қойыпты.

“Алматы ақшамы” газетіндегі Нұрболат Сұлтанғазиевтің мақаласында Алматы қаласындағы жол полицейлерінің заңсыз әрекеттері туралы баяндалған.

“Мегаполис” апталығының бейсенбілік санында Грузияның басшысы Эдуард Шевернадзаның қызметінен кетуіне байланысты талдау мақалалар беріліпті.
XS
SM
MD
LG