Accessibility links

Грузия билігі демократиялық қалыппен жаңарып жатыр


Грузияның жаңа президенті 4 қаңтар күні сайланатын болды. Грузияны совет заманынан бері билеп-төстеген Эдуард Шеварнадзенің мысалы "ел" мен "елбасы" деген екі мүлдем басқа ұғымның айырмашылығын айқын көрсетті. "Елбасы – елдігіміз, елбасын сынау – елді жамандау" деген әрі жаттанды, әрі құйтырқы өлшемдер енді далада қалды. Эдуард Шеварнадзенің жағдайынан осындай мысал алса болады.

Сонымен, Грузия президенті 4 қаңтар күні сайланатын болды. Бейбіт жолмен билік басына келген грузин оппозициясын, жалпы, парламент төрайымы Нино Бурджанадзе, Зураб Жвания мен Михаил Саакашвили секілді үш адам басқарады. 2-ші қарашада өткен парламент сайлауын жоғары сот заңсыз деп тапты. Сондықтан ескі парламент қайта жиналып, жаңа сайлауларды белгілейді. Ескі парламенттің төрайымы Нино Бурджанадзе президент қызметін оппозиция ұсынысымен уақытша атқарып жатыр.

Оппозиция сайлауға бірыңғай үміткер ретінде Михаил Саакашвилиді ұсынды. 35-жасар бұл азамат Европа мен Америкада білім алған, сол жақта жұмыс істеген, әділет министрі болып та үлгерді. Алайда, министр бола тұра басқа министрлердің сыбайласқан жемқорлығын әшкерелеймін деп, Шеварнадзенің саясатынан көңілі қалған. Михаил Саакашвили ағылшын және француз тілдерінде жақсы сөйлейді. Талдаушылар бұл оны батыс қауымдастығымен жақындастыруға септігін тигізеді дейді. 35-жасар Саакашвили мемлекетті тұйықтан алып шығу қолымнан келеді деп мәлімдеді:

- Грузия президентінің сайлауын жеңіп шығуға дайынмын. Алдағы парламенттік сайлауда да көпшілік орынды жеңіп алуға дайынбыз. Біздің тізімді Грузиядағы ең танымал саяси тұлға Нино Бурджанадзе бастайды деп ұйғардық.

Бурджанадзе, Саакашвили және Жвания оппозицияның үш жетекшісі ретінде бірауыздық танытып отыр. Бір бірімізді қолдауымыз керек, алауыздыққа жол жоқ, көпұлтты Грузияның бөлшектенуіне жол бермейміз, дейді оппозиция басшылары. Эдуард Шеварнадзенің артында қалған қазнада соқыр тиын жоқ екені анықталды, мұғалімдер мен дәрігерлерге, зейнеткерлер мен студенттерге төлейтін ақша жоқ. Осы тұста билікке келген оппозиция басшылары батыс елдеріне қайырылды, Грузияға қаржалай көмек көрсетілетіні айтылды. Шеварнадзе болса жастарға жол бердім, бірақ олардың қолынан іс келер ме екен деп отыр:

- Михаил Саакашвилидің әрі білімді, әрі дарынды екенін қане айта аламын. Бірақ саясатқа бұдан басқа өнер қажет. Іс қолынан келе ме, келмей ме - өмір көрсетер. Сайлансын – сосын анықтала жатар. Ол өзінің бағытын, білгіңіз келсе, тіпті саясатын қалыптастыру керек. Сондықтан күте тұрайық.

Шеварнадзе мұра ретінде тек бос қазнаны емес, Грузия ішіндендегі автономиялардың мәселесін қалдырды. Абхазия, Аджария және Оңтүстік Осетия аймақтары іс жүзінде дербестікке бет алса да, Грузияның құрамдас және біртұтас бөлігі деп саналады. Оның үстіне әншейінде Тбилисимен тай-таласатын Аджария президенті Аслан Абашидзе осы жолы Шеварнадзенің жанында табылды, текетірес басталғанда оппозицияға қарсы шықты. Шеварнадзе далада қалған соң Аджария басшылығы орталық үкіметке бағынбаймыз деп бойын аулақ әкетпек. Грузияның жаңа басшылығы болса біртұтас мемлекеттің бөлшектенуіне жол бермейміз деп, ұстанымдарын бірден жариялады.

Грузиядағы ішкі жағдайға Ресейдің ежелден ықпал жасайтыны бар. Айталық, Грузия парламенті келесі сайлауды белгілеп жатқан бейсенбі күні Абхазия, Аджария және Оңтүстік Осетияның жетекшілері Мәскеуде Ресей басшыларымен кеңесіп жатты.
XS
SM
MD
LG