Accessibility links

Ерасыл Әбiлқасымов: “ Алматы Верныйдан басталмайды”

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ

Алматы қаласының тарихы қай жылдан басталады? Қайсыбiр орыс тарихшылары Верный бекiнiсiнiң iргетасы қаланған 1854 жылға сiлтейдi. Осыған сүйенген қала әкiмi Храпунов мырза келесi жылы Алматының 150 жылдығын дүркiретiп өткiзбек. Қазақстан Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Ерасыл Әбiлқасымов мемлекет басшысына арнаған үндеуiнде Виктор Храпуновтың бұл ниетiн қатты сынға алды. Әбiлқасымовтың сөзiмен айтсақ: «Алматының 150 жылдығы деген қып-қызыл өтiрiк. Себебi, атам заманынан-ақ ол жерде қазақ халқының аталары өмiр сүрген. Алматының 150 жылдығы дегеннiң ар жағында патшалық Ресейдiң Қазақ елiне басқыншылық жорығын дәрiптеу жатыр».

Мәжiлiстiң соңғы отырысында жарияланған бұл үндеуден кейiн Мемлекет басшысының Парламенттегi өкiлдiгiнiң жетекшiсi Бақытжан Әбдiрайымов Ерасыл Әбiлқасымовқа ескерту жасады. Оның айтуынша, Әбiлқасымовтың өз атынан Президентке үндеу жолдауы заңсыз. Б. Әбдiрайымов: «Болмашыға бола мемлекет басшысын мазалай берген де дұрыс емес», - десе, Әбiлқасымов: “Әбдi- райымовтың маған өзiнше доқ көрсеткендегiсi шығар. Ол Президент Храпуновты қолдап отыр деп ойлайтын сияқты», - дейдi.

Ерасыл Әбiлқасымовтың тарихи деректердi алға тарта отырып, мемлекет басшысына жолдаған үндеуi депутат Валерьян Земляновтың шамына тидi. Ол: «Кешегi Кеңес Одағының барлық коммунистерi атынан кiм көрiнгеннiң сауатын ашқанымыздың қателiк болғанына өкiнiш бiлдiремiн», – дедi.

Ал тарих ғылымының докторы, профессор Хангелдi Әбжановтың айтуынша, депутат Әбiлқасымов мәселенi дұрыс қойып отыр: «Алматының iргесiндегi Ыссық қорғанынан табылған Алтын Адам қазақ елiнiң рәмiздiк мақтанышына айналып кеттi. Археологиялық зерттеулер Алматының орнында байырғы қоныстар болғанын дәлелдеп отыр. Қаланың 150 жылдығын тойлау, тарихқа жасалған қиянат болар едi».

«Қазақ Тарихы» журналының бас редакторы Әбдiлдәбек Салықбай: «Әкiм Храпунов жекелеген орыс тарихшыларының Верный бекiнiсiне дейiн бұл жер иесiз жатқан. Верныйдың өркендеп қалаға айналуына Жетiсудiң бiрiншi генерал-губернаторы Колпоковский көп еңбек сiңiрдi деген астамшыл пiкiрлерiн малданып отыр. Ал Алматының тарихы бағзы замандардан бастау алатыны Пантусов, Бернштан, Городецкий секiлдi ресейлiк ғалымдарының еңбектерiнде дәлелдендi. Тiптi Верный бекiсiн саларда жүргiзiлген зерттеу жазбалардың өзi Алматының тарихы арыда жатқанын көрсетедi», - дейдi.

Әбдiлдәбек Салықбайдың сөзiне қарағанда, «Қазақ тарихы» журналы Алматының ескi тарихына байланысты зерттеу мақалаларды жинақтау үстiнде. Журналдың 2004 жылғы алғашқы санында тарихшы Досалы Салқынбектiң «Алматы қаласы қашан пайда болды» деген еңбегi жарық көрмек
XS
SM
MD
LG