Accessibility links

Өз баласын 500 теңгеге сатқан ана


Астана қаласында өз баласын бөтен біреуге сатып жібергені үшін бір жас әйелді заң орындары тексеріп жатыр. Полицейлердің айтуынша, өткен айда ауылдан қалаға келген әлгі жұмыссыз қазақ келіншегі өзегінен шыққан сәбиін бар болғаны 500 теңгеге сатып жіберген көрінеді.

Өз баласын көлденең көк аттыға сатып жіберу оқиғасы соңғы бес жылдан бері Астанада алғаш тіркеліп отыр дейді бұл оқиға туралы бізге сұқбат берген Астана қалалық ішкі істер бас басқармасының өкілдері. Олардың берген деректеріне жүгінсек, бала саудасы осыдан бір ай шамасы бұрын болғанға ұқсайды.

- Саудаға түскен бір жарым жастағы қыз баланың әке-шешесі Астанаға Ақмола облысындағы бір ауылдан келген. Өздері не басында баспанасы, не тұрақты жұмысы жоқ, әлеуметтік жағдайлары мүлде нашар, жас шамалары отыздың ішіндегі қазақтар. Қазір сатылған баланы тауып, оны ақшаға сатқан ата-анасын анықтап отырмыз. Баланың шешесі баланы асырауға өздерінің асырауға шамасы жоқтығын айтады. Қазір бұл істі тергеушілерге тапсырдық, - дейді Астана қалалық ішкі істер бас басқармасының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінің бастығы Қасым Досанов.

Полиция өкілінің айуынша, баланы небәрі 500 теңгеге, яғни 3 жарым долларға да жетпейтін ақшаға сатып алған тұрмысы орташа қазақ отбасы екен. Олардың кәмелетке жасы жеткен өз балалары бар көрінеді. Ал бұл сәбиді әлгі үйдің отағасы баланың шешесінен көшеде сатып алыпты.

- Көшеден өтіп бара жатқан әлгі жігіттен алдымен қайыр сұраған баланың ата-анасы кейін оған өз баласын сатып алуды ұсынған. Осылайша екі жақ саудаласып, ақыры бала 500 теңгеге сатылып кеткен. Сатып алған қазақ отбасы бір айдай уақыт осы шаңырақта болған балаға жақсы қарапты - киім алып берген, дәрігерге қаратқан, - дейді полиция өкілі Қ.Досанов.

Қазір баланың анасы Астана қаласының ішкі істер бас басқармасына қарасты кезбе-қаңғыбас жандарды қабылдап-бөлу мекемесінде жатыр. Бұл мекеме қаланың шет жағында, әкімшілік қамауға алынғандарды ұстайтын арнаулы қабылдау орны мен уақытша қамауда ұстау мекемесімен бірге бір ғимаратта орналасқан. Біз Астана қалалық ішкі істер басқарма қызметкерлерінен әлгі жас келіншекпен жүздесуге рұқсат сұрадық. Полиция қызметкерлері әйелге бала саудасы жайлы сұрақ қоймау туралы шарт қойып, бізді онымен жолықтырды.

- Атым - Жанат. Астанаға осыдан бір айдай уақыт бұрын «Красный флаг» ауылынан келгенбіз. Үй-жайым жоқ, бірге туған ағаларымның бірі мына қаланың іргесіндегі Ильинка ауылында тұрады. Өзім 5 баланы дүниеге әкелгенмін. Бірінші күйеуімнен төрт балам бар, олардың бірі қазір кәмелетке жасы жетпегендерді уақытша оқшаулау және әлеуметтік бейімдеу орталығында, қалғандары әкесімен бірге Жезқазғанда тұрады. Ал, қазір тұрып жатқан адаммен ресми некеде жоқпын, бірақ одан туған бір қыз балам бар, жасы бір жарымда, - деді әлгі жас әйел.

Тек қана осылай қысқаша тілдесуден кейін бізге берілген уақыт таусылғанын айтып, полицейлер әйелді алып кетті. Қазірде бұл іске тергеу жүргізіп жатқан тергеушілер оның құрамында қылмыс бар деп тапса, баланың анасы Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 133-ші бабына сәйкес қылмыстық жауапқа тартылмақ.
XS
SM
MD
LG