Accessibility links

«Қазақстан демократиялық таңдауы» атты жаңа партия құру туралы шешім қабылданды


Дүйсенбі күні Алматыда Қазақстан демократиялық таңдауы қозғалысының негізінде жаңадан «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты халықтық партия құру жөнінде шешім қабылданғаны жария етілді.

Екі жыл ішінде ДТҚ құрамына көптеген азаматтар еркімен кіріп, оның жұмысын нығайтты. Алғаш рет Қазақстан оппозициясы өз қатарына саяси күштерді біріктіріп, елді тығырыққа тіреген билікке қарсы тұра білді.

- Біз енді ДТҚ негізінде жаңа партия құратын кез келді деп шештік. Қазіргі жағдайда жаңа партия құру арқылы қалыптасқан ауыр ахуалды сауықтырумен, өз қатарымызға мүдделес азаматтарды тартудың кезеңі келді деп санаймыз, - дейді мәжіліс депутаты Төлен Тоқтасынов.

Жаңа партияның мақсаты, саяси тұғырнамасы туралы партия белсенді тобының төрағасы Асылбек Қожахметов айтып өтті.

- Әрине, Қазақстандағы саяси партиялар туралы заң антидемократиялық заң. Ол біздің саяси ұйымды тіркеуге қарсы жұмыс істейді. Бұл партия ДТҚ бағытын одан әрі жалғастыра береді. Ол әрине, Конституцияны жаңарту, Сайлау туралы жаңа заң қабылдау, Әкімдерді сайлап қою секілді маңызды іс-шаралар. Біз парламент депутаттары билігін күшейту, мәжіліс депутаттары санын көбейту, оның жартысы пария тізімі бойынша өтуі тиістігін талап етеміз, - дейді Асылбек Қожахметов.

Партия құру «Асар» париясы құрылғаннан кейін, болмаса парламент сайлауы жақындағандықтан немесе Грузиядағы орын алған жағдайдан кейін туындап отырған жоқ па?

Осындай сауалға бұл көптен бері пісіп-жетілген мәселе. Ал Грузиядағы оқиға мұны тездеруге итермеледі деген жауаптар қайтарылды.

Жаңа құрылып жатқан саяси партияның алғашқы құрылтайы алдағы жылдың ақпан айында болады. Сонда нақты басшысы сайланады. Осы жолғы басқосуға саяси ұйымды қолдайтын көп адам жиналды. Аймақтардан, облыс орталықтарынан азаматтар келді.
XS
SM
MD
LG