Accessibility links

Халықаралық Баспасөз бостандығының бас сыйлығы түрмедегі өзбек журналисіне берілді.

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Халықаралық дәрежедегі баспасөз бостандығының сыйлығы түрмедегі өзбек журналисі және адам хұқықтары үшін күресуші Руслан Шариповке берілді.

Бұқаралық ақпарат құралдарының Әлемдік қауымдастығы жыл сайын тағайындайтын Алтын қалам сыйлығын биылғы жылы өзбек журналисі Руслан Шариповке берді. Ол мұндай сыйлыққа Ислам Каримов билігі астында жүргізіліп жатқан адамдарға қарсы жасалатын тән қинаулары мен түрлі шабуылдар, тағы басқа да жан түршіктірерлік әрекеттеріне қарсы қалам сілтеген журналистік ерлігі үшін ие болып отыр. Парижде орналасқан осы ұйымның директоры Кайса Торнрос ханым Азаттық радиосына берген сұхбатында аталған сыйлықтың берілу себебін былайша түсіндірді. “Шарипов- Өзбекстандағы Тәуелсіз журналистер одағын құрған еді. Ол одақ елде сөз бостандығы мен журналистер тәуелсіздігін орнықтыру жолында көмектескен болатын. Журналист сондай-ақ Мәскеуде орналасқан Прима ақпарат агенттігі тілшісі ретінде елдегі адам хұқықтарының аяққа тапталуын ашық жазды. Ол сонымен қатар халықаралық дәрежеде де Өзбекстандағы баспасөз бостандығының жайы жөнінде тұрақты түрде хабарлап отырған болатын-“, деді Торнрос ханым.

25 жасар Шарипов жасөспірім балаларды зорлады деген айыппен қазіргі кезде төрт жыл бас бостандығынан айрылып, түрмеде жатыр. Алайда, бұл айып жай сылтау ғана деп сенім білдіруде көпшілік. Торнрос ханымның айтуынша, Каримов өкіметінің репрессиялық билігіне қарсы қасқайып тұрып сын айтқаны, сөйтіп бұл елдегі адамдар хұқы жолында күрескені үшін Шариповке қарсы бірнеше рет шабуылдар да жасалған болатын. Дәл қазір түрмеде журналистің өзіне де неше түрлі жан мен тән қинауларының қатар жүргізіліп жатуы кәдік-, дейді Бұқаралық ақпарат құралдарының Әлемдік қауымдастығы директоры өз сөзінде. Шариповке қарсы аталған айыптаулар тамыз айында басталған болатын. Бас кезінде ол өзінің кінәсіз екендігін толық дәлелдеп шыққан еді. Алайда, ол содан кейін аяқ астынан өз заңгерлерінен бас тартып, туған анасының бұдан былайғы сот істеріне қатыстырылмауын өтініп, сондай-ақ өзіне тағылған айыптауларды мойындап шыға келген еді. Аталған әлемдік қауымдастық директорының айтуынша Шариповке әлгі айыпты мойындату үшін түрмеде неше түрлі қысастық-қинаулар жасалған екен. Атап айтқанда тыныс алу жолдарын ауырлатып, тұншықтыратындай халге келтіретін белгісіз бір уколдар салынған. Сондай-ақ, айтқанға көнбесе, адам ағзасындағы иммундық тапшылыққа алып келетін, яғни ВИЧ ауруын жұқтыратын екпе жасайтындықтарын айтып қорқытқан. Осылайша ол жалған мойындау қағазына қол қойған дейді қауымдастық өкілі. Нью Йорктегі Адам хұқықтарын қорғау ұйымының Өзбекстандағы өкілі Матильда Богнер ханым: “Менің ойымша бұл сот саяси мақсатта жүргізілді. Бұл шыншыл, әділ сот болған жоқ. İс тәуелсіз сот тұрғысында жүргізілмеді”, - деді.

Өткен айдың басында Ташкентте өзбек ресми өкілдерімен кездесуі барысында АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Лорн Крейнер: “Біз Шарипов мырза бостандыққа шығарылады деп сенеміз”-, деді. Журналист Шариповке Алтын қалам сыйлығы Стамбул қаласында 2004 жылдың мамыр айында берілмекші. Ол кезеңге дейін журналист бостандыққа шығар деген үмітін білдірді Торнрос ханым. Өткен жылы Алтын қалам сыйлығы Беларус журналистерінің қауымдастығына берілген болатын. Бұл сыйлық 1961 жылдан бері тағайындалып келеді.
XS
SM
MD
LG