Accessibility links

Қазақстандағы интернет кеңістігіндегі бұқаралық ақпарат құралдары шектеу көре бастады ма?

  • Гүлмира ХАМЗА

«Навигатор» атты интернет газеті мемлекеттегі оқырмандарға жетпей отыр, яғни бұл басылым республикадағы қазақстандықтарға ашылмайды. Интернет басылымның жетекшісі Юрий Мизиновтың айтуынша, газет ұжымы арнайы зерттеу жүргізген. Зерттеу нәтижесінде «Навигатор» газеті шетелдегі қазақстандықтарға ешбір қиындықсыз ашылатыны белгілі болған. Ал Қазақстандағы азаматтар, белгілі бір қызметтің тосқауыл коюының салдарынан «Навигатор» газетіне қол жеткізе алмай отыр. Газет тілшісі Ғимран Ермекқалиевтың айтуынша, бүгінгі таңда бұл шараның артында кім тұрғаны белгісіз.

Ғимран Ермекқалиев, «Навигатор» газетінің тілшісі: - Бұл шараның артында кім тұрғанын айту қиын, бірақ біз еш уақытта заңды бұзатын мақала жариялаған жоқпыз. Сол себептен біз түсінбей отырмыз.

«Навигатор» атты интернет газетінің жетекшісі Юрий Мизиновтың айтуынша, мұндай тосқауылды газет «Ақ жол», «Асар» партиялары туралы жазып, соңғы сайлау барысында заң бұзушылық орын алғаны жөнінде мақала жариялағанда көре бастаған.

Сонымен қатар, газет жетекшісі Юрий Мизинов бұл шараның артында билікке жақын құрылымдар тұр дегенді айтады. Юрий Мизиновтың ойынша, тосқауыл қойып отырған тұлғалар осы шара арқылы интернет кеңістігіндегі баспасөз бостандығына шектеу көрсетіп отыр.

Болашақта «Навигатор» газеті туындаған мәселе жөнінде парламент депутаттарына айтып, бұқараға жеткізуді көздеп отыр. Осыған байланысты біз Қазақстан Парламентінің мүшесі әрі журналист Уәлихан Қалижанның пікірін білуге тырыстық.

Уәлихан Қалижан,Қазақстан Парламентінің депутаты - Мен бұл мәселе жөнінде естіген жоқпын, білмеймін, бірақ қазір анықтаймын. Жалпы қолдан жасалған қысым болса, бұл дұрыс емес. Егер «Навигатор» газетіне бұқаралық ақпарат құралы ретінде қысым көрсетсе, бұл мәселені сот арқылы шешу керек. Парламент депутаты Уәлихан Қалижан бар мәселені сот арқылы шешу керек десе, екінші бір журналист әрі саясаткер Сейдахмет Құттықадам «Навигатор» газетіне көрсетіліп отырған шектеу арқылы биліктің алдағы жылы болатын сайлауға дайындық жүргізіп жатқанын байқап отыр.

Сейдахмет Құттықадам, саясаткер әрі журналист: - Бір жылдан кейін сайлау басталады, «Навигатор» газеті төңірегінде болып жатқан жағдайды мен осы сайлау алдындағы дайындық деп бағалаймын. Алдағы сайлау мәслихат сайлауы сияқты өтпейтін шығар. Сонымен қатар Грузия, Молдова мемлекеттерінде болып жатқан жағдайды ескергенде, жағдай қауіпті болатын түрі бар. Әзірге «Навигатор» газеті қолынан келгенше күресуге дайын екенін жасырмайды.
XS
SM
MD
LG