Accessibility links

Грузия біртұтастығына төнген қатер

  • Смағұл ЕЛУБАЙ

Грузия президенті Эдуард Шеварнадзенің орнынан түсуі бұл елдегі жікшіл аймақтар Абхазия, Түстік Осетия, Аджариямен Тбилиси арасындағы қарым-қатынас мәселесін күн тәртібіне шығарды. Бұл 3 аймақ жетекшілері Мәскеуде болып Ресей жағымен келіссөз өткізді.

6 күн ұдай Ресей астанасы Мәскеуде Грузияның жікшіл аймақтары Абхазия, Аджария және түстік Осетия басшылары келіссөздер жүргізіп, оны тек сейсенбі күні аяқтады деп жазады радиомыздың талдаушысы Жан-Христофор Пех. Алайда, бұл келіссөздерде не әңгіме болғаны әлі де ашық айтылмай отыр. Ресей ақпарат құралдары бұл келіссөздерде не болғаны туралы әртүрлі пікірлер жаза бастады. "Известия" газетінің жазуынша, Грузияның жікшіл екі аутономиясы Абхазия мен Түстік Осетияның 1990 жылдар басында тәуелсіздік жариялауына жәрдем берген Ресей енді бұл жікшіл аймақтарды өз қамқорлығына алғысы келіп отырса керек. Ал, "Независимая газета" болса Ресей осы екі жікшіл аймақ Абхазия мен Түстік Осетияны өз құрамына қосып алатын болды деп жазды. Ресей думасына ұлтшыл Либерал Демократиялық партия атынан Абхазияны Ресей құрамына алу жөнінде ұсыныс келіп түскен.

Бірақ, Абхазия үб Раул Хажимбаның айтуынша Абхазияның Ресейге қосылуы бұл келіссөздер күн тәртібінде болған емес. Сенбі күні баспасөзге берген сұхбатында Раул Хажимба Тбилисиде билікке кім келгеніне қарамастан Абхазия дербес тәуелсіз ел болып қала береді деді:

"Уақыт көрсетер. Алдағы сайлауда Грузия басшылығына келгендермен келіссөз жалғасады. Жанжалды болдырмас үшін біз билікке келгендермен келіссөзге дайынбыз. Ол келіссөздердің бір жағында Ресей болуы керек."

Ол келіссөздер барысында Грузия біртұтастығы зардап шекпей, федерация болып қайта құрылуы мүмкін деген болжам бар. Түстік Осетия федерация құрамында болудан онша үрікпей отырса, Абхазия Грузия құрамында федерацияда да болғысы келмейді. Мәскеудегі Ұлттық стратегия кеңесінің маманы Станислав Белковский:

"Бұл жоспар бойынша Грузия ішінде Абхаия, Аджария, Түстік Осетия бар жеті республикадан тұратын жаңа федеративтік мемлекетке айналуы керек. Біздің ойымызша бұл Грузияның біртұтастығын сақтап қалудағы жалғыз жол."

"Біздің ойымызша бұрынғы советтік кеңістіктегі осынау ең шатақ жанжалды реттеуді Америка Ресейге тапсыруы мүмкін."

Грузияның жаңа басшылығы Грузияның жікшіл аймақтары жетекшілерінің Мәскеу кездесуіне қарсылық білдірді. Грузия президентінің міндетін атқарушы Нино Буржанадзе:

"Біз өзіміздің Грузия территориялық мәселесі жәйлі келіссөз жағында екенімізді жасырған емеспіз."
XS
SM
MD
LG