Accessibility links

Ирақтағы жағдайдың қалыпты арнаға түсе қоймауы мұндағы іскер адамдардың жұмыстарына кедергі келтіруде.


Ирақтағы жағдайдың қалыпты арнаға түсе қоймауы мұндағы іскер адамдардың жұмыстарына кедергісін келтіруде. Атап айтқанда елдегі экономикалық жағдайдың ауырлығы, сондай-ақ шекарадағы тексерулер және қауіпсіздік шараларының қамтамасыз етілмеуі.

Әли Абдел Карим Себхан мырза- Бағдаттың Вассирия ауданындағы аяқкиім жасайтын фабриканың иесі. Мұнда 50 жұмысшы еңбек етуде. Себханның екі бауыры және әкесі де осы жерде жұмыс істейді. 1984 жылы құрылған бұл жұмыс орны тез арада өркендеп кеткен болатын. Тіпті Парсы шығанағы соғысынан кейін БҰҰ тарапынан арнайы салынған тиым да ол фабриканың өркендеуіне кедергі келтіре алған емес. Тиым кесірінен елдегі Орталық банктен қарыз алу мүмкін болмаған кездің өзінде де, аяқкиім жасауға керекті шикізаттарды көршілес елдерден жеткізуге болатын еді. “Сондықтан да сол кезде арқамызда мемлекеттің тұрғандығын сезінуші едік”, дейді Себхан Азаттық радиосына берген сұхбатында. Алайда, осы жылдың көкек айында Саддам Хусейн биліктен кетірілгеннен кейін, жағдай күрт өзгеріп кеткен екен. Бұл жөнінде кәсіпкер Себханға сөз берсек:

- Американдықтардың келуімен жағдай шиеленісті тұрғыда өзгеріп кетті. Қауіпсіздіктің қамтамасыз етілмеуі себепті істі жүргізу өте қиын болып қалды. Біз электр қуатына зәруміз. Ал, ол болса уақтылы берілмейді. Қоғамдық көліктердің нашар жүруі себепті, жұмысшылардың фабрикаға келуі қиындай түсті, - деді ол.

Кешке үйлеріне қайту қиынға соғып қалғандықтан да оның жұмысшылары артық жұмыс күнін өтеу үшін мұнда қала алмайды. Олардың қалып, тағы жұмыс істегісі келетін тілектеріне қарамастан, фабрика кешкі сағат алтыда жабылуы тиіс. Соғысқа дейін бұл жұмыс орны сағат кешкі 10-ға дейін қызмет атқара берген екен. Соғыс басталғалы бері ол тіпті электр қуаты үшін төлемдерін де төлей алмауда. Оның аяқкиімдерінің бір жұбының құны 5-10 доллар шамасында екен. Оның үстіне шекараның ашықтығынан Қытай мен басқа да Азия елдерінен ағылып кеп жатқан арзан да сапасыз аяқкиімдер бағдаттық іскер адамдар өмірін қиындата түскен.

- Саддам билігі кезінде Ирақ өкіметі жергілікті өнімдерді шетелдік тауарлар легінің кері әсерінен қорғайтын. Сондай-ақ шеттен әкелініп жататын заттардың сапасы да мұқият тексеруден өткізілуші еді. Ал, қазір Ирақ шекарасы сапасыз заттардың қандайына болсын ашық қалған. Сондай-ақ жергілікті өнім шығарушылардың қызығушылығын қорғайтын мемлекет те жоқ, - дейді Азаттық радиосы жаңалықтар бөлімінің тілшісі Валентинас Митеге берген сұхбатында Себхан мырза.

Оның фабрикасы қазіргі кезде 20 пайыздық пайдамен ғана шектелуіге мәжбүр болып отыр. Ал, сапалы жасап отырған өз өнімдерінің бағасын көтере алмайды. Себебі, ондай жағдайда жергілікті базарларды жайлап алған, арзанқолды өнімдер кесе-көлденеңдеп, алдынан шықпақшы. Ендігі ойы- арзан шикізат өнімдерін сатып алып, сол арқылы аяқкиімдер бағасын төмен ұстау. Бұл дегеніңіз-Таяу Шығыс елдеріне өз өнімдерін шығару жөніндегі соғысқа дейін болған арманына нүкте қойылды деген сөз. Ал, қарапайым жұмыскерлер соғысқа дейін аптасына 75 доллар тапқан болса, қазір 35 доллармен қанағаттануға мәжбүр болуда.
XS
SM
MD
LG