Accessibility links

Ашаршылыққа ұшыраған халықтың саны 2015 жылға таман екі есе азаяды деген халықаралық келісім орындалатын емес


Әлем деңгейінде шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – ашаршылық. Біріккен Ұлттар Ұйымының өткен аптада жарияланған баяндамасына қарағанда, жер бетінде 840 миллион адам күнде аш жатады. Бұл әр жетінші адам деген сөз. 2015 жылға таман ашаршылықта отырған халықтың саны екі есе азаяды деген халықаралық келісім орындалатын емес.

Жеткілікті тамақ ішпейтін халықтың саны жер бетінде 840 миллион, ал оның қатары 1990 жылдардың екінші жартысында екі есе аз болған. Олардың көпшілігі Африка мен Азияда, үшінші әлем елдерінде тұрады. Дегенмен, Орталық Еуропа мен бұрынғы Совет Одағы елдерінің де үлес салмағы аз емес, бұл аймақтарда 34 миллион адам ашаршылықта.

Атап айтқанда, Қазақстанда, Өзбекстанда, Әзірбайжанда және Грузияда аш отырған халықтың саны жалпы халықтың ішінде 20-35 пайызды құрайды. Армения халқының жартысы, ал Тәжікстан халқының 70 проценті тамақты жеткілікті ішпейді. Әрине, ол жеткілікті мөлшердің деңгейі қандай деген сауал туындайды. Қазақстан үкіметі, айталық, халықтың әлеуметтік ахуалы жылдан -жылға өсіп келеді, өтпелі кезеңнің қиыншылықтары артта қалды дейді. Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты халықаралық беделді ұйымдар мұны жоққа шығарады. Толыққанды өмір сүру үшін жеткілікті тамақ ішпейтін адамды Біріккен Ұлттар Ұйымы ауызы асқа жарымаған адам деп таниды. Тамақты тойып ішпеу адам өмірін қысқартады, дегенмен көптеген жағдайда адам баласының ажалын дәл тауып айту қиын, дейді Біріккен Ұлттар Ұйымы Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының өкілі Джонн Райддл:

- Мұндай адамдардың ажалы тамақты жеткілікті ішпеуден болуы мүмкін. Бірақ олар негізінен өмірдің басқа шаруаларына қолы жететін денсаулығы болмағанынан, осыдан туындаған себептерден өледі. Түрлі ауруларға тап болса, қандай да бір инфекция жұқтырса, не болмаса тағы бір кеселге кездессе - адам баласы жеткілікті тамақ ішпеген соң оларға төтеп бере алмайды.

Ашаршылыққа төтеп бере алмаған елдердің арасында азиялық ел өте көп. Айталық, Үндістан, Индонезия және Пәкістандағы жағдай өте қиын. Қытай 1990 жылдардың басында алға басып еді, соңғы жылдары қайта баяулады. Бірақ, халықты тамақтандыра алған азиялық ел, яки ел қорларын ел үшін игере алған үкіметтер де жетерлік. Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымы баяндамасының редакторы Гуркан Арслан әлем бойынша жағдай қиындап келеді, ашаршылықта отырған халықтың саны 2015 жылға таман екі есе азаяды деген халықаралық келісім орындалатын емес дейді:

- Жалпы ғаламдық сипаттағы көрсеткіштірдің бірсыпырасында құлдырау байқалып келеді. Сондықтан 1996 жылы қойылған мақсатқа қол жеткізуге қиындықтар көбейіп отыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымы бірқатар дамыған елде азық-түлік мәселесі жақсы шешіліп жатқанын айтады. Бұған тек жалпы экономикалық өрлеу емес, ауыл шаруашылық саласындағы қарқын жақсы әсер етті. Осы тұста ежелден келе жатқан ұрпақтар сабақтастығы өте маңызды екені ерекше байқалды. Мәселен, Оңтүстік Африка елдерінде СПИД ауруы яки иммунитет тапшылығы көбейген соң шаруа қожалықтарының 70 пайызы зардап шегіп отыр. Жұмысқа жарамды халықтың төрттен бірі ажалынан бұрын өліп жатыр, не болмаса күрек ұстайтын халден айырылды. Бұл тек жұмыс күшін кеміткен жоқ, бұл диқаншылық пен малшылықты үйрететін аға буынды қысқартты, атакәсіпті игеретін жастардың өнерін азайтты.
XS
SM
MD
LG