Accessibility links

Қазақ Радиосы мен Неміс Толқыны Радиосы бірлескен бағдарлама өткізуге келісіп отыр

  • Досан БАЙМОЛДА

Германия канцлері Герхард Шредердің Қазақстанға жасап отырған ресми сапарына орай және Германияның Неміс Толқыны радиосына 50 жыл толуына байланысты Қазақ радиосы мен Неміс толқыны радиосы ақпарат кеңістігінде бірлескен іс шара өткізуге келісіп отыр. Бұл туралы осы екі радионың өкілдері желтоқсанның 4 і күні Алматыдағы Ұлттық Баспасөз үйінде мәлім етті.

Бұл екі радионың біріккен бағдарламасы желтоқсанның 6 сы күні Қазақ радиосы эфирінде 3 сағат бойы тікелей жүрілгелі отыр. Бұл игі іс шара Евразия құрылығындағы екі ірі радионың бірі біріне жақындасуына және де ынтымақтастыққа баруына жол ашатын маңызды оқиға болғалы отыр. Германия канцлерінің Қазақстанға жасайтын ресми сапары алдында Неміс толқыны радиосының орыс тілі қызметінің өкілдері бірлескен бағдарлама өткізсек деген тіліктерін Қазақ радиосы жағына қойған екен. Бұл ұсынысты Қазақ радиосы қолдап, құптады –дейді Неміс толқыны радиосының Орталық Азия бағдарламасының редакторы Виталий Волков.

Ал Қазақ радиосының бас директоры Нұрлан Өнербаев болса екі радионың өз араларында бұндай келісімге келіп отырғанына ризамыз, өйткені құрылғалы 50 жыл болған Неміс толқыны секілді ірі радиомен байланысқа бару біз үшін жақсылық, пайдалы іс -дейді.

Сонымен Неміс толқыны радиосы Қазақ радиосының эфирінде желтоқсанның 6 сы күні жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 10 нан 5 минут өткенде өзінің тікелей бағдарламасын бастағалы отыр.

Радиотыңдаушылар тікелей эфирде Германияның Қазақстандағы елшісі Андреас Кертинг, елшіліктің бірінші хатшысы Мирко Круппа және де Неміс толқыны радиосының орыс қызметі директорының орынбасары Александр Варкентин, осы радионың Орталық Азия бағдарламасының редакторы Виталий Волковпен кездесіп оларға өздерінің сұрақтарын қоя алады.

Бағдарлама әрине Германия канцлерінің Қазақстандағы сапары қортындысына, Неміс толқыны радиосы туралы және тағы басқадай тақырыптар төңірегінде жүріледі.
XS
SM
MD
LG