Accessibility links

Көптеген ирақтық азамат Ирақ басқару кеңесін алдағы жазда таратып жіберу керек дейді


Алдағы жазда Ирақта уақытша үкімет құрылып, Ирақ басқару кеңесі деген қазіргі мекеме екінші орынға жылжуға тиіс. Алайда, көптеген ирақтық азамат мұнымен келіспейді. Ирақ басқару кеңесін таратып жіберу керек, уақытша үкіметтің сайланғаны жеткілікті дейді олар.

Ирақ басқару кеңесін Америка Құрама Штаттарының үкіметі тағайындағаны белгілі. Бұл ақылдастар кеңесі әр түрлі саяси, діни және ұлттық топтардың басшыларынан жасақталды. Ирақтың ұлттық құрамы да күрделі, мұсылман қауымының ішіндегі топтардың да алшақтығы басым. Ауғанстанда, мысалы үшін, Лойа Жырға атты жалпыға ортақ кеңес алқасы тарихи қалыптасса, Ирақта бұған ұқсас ұйымды қолдан жасауға тұра келді.

Ирақ басқару кеңесінде әр топтың өкілінің кезек-кезек төрағалық етуіде ешбір топты кемсітпеу үшін, тепетеңдікті көзге көрінетіндей қылып орнату үшін жасалды. Мәселен, басқару кеңесінде төрағалық ету кезегі күрд жетекшісі Жалал Талабаниге келгенде барша күрдтер қалпақтарын аспанға атып, той жасады. Себебі Саддам Хұсейннің кезінде жаппай қырылған күрдтер біртұтас Ирақты кезек бойынша болса да басқара қоямыз деп ойламаған.

Ирақта алдағы жазда уақытша үкімет құрылады, Ирақ басқару кеңесі деген қазіргі мекеме екінші орынға жылжуға тиіс. Яки Ирақ басқару кеңесіне үкіметті бақылау өкілеттіктері берілмекші. Алайда көптеген ирақтық азамат мұнымен келіспейді. Мұны радиомыздың тілшісі Валентинас Миттенің Бағдад көшелерінде жүргізген сауалнамасы көрсетті.

Мәселен, Ғейдар дегін жас азамат, компьютер инженері, кеңестің тек кейбір мүшелері қане барша қауымға белгілі, басқалары қайдан келгені беймәлім, сондықтан өз жөндеріне кері қайтсын дейді:

- Кеңестің мүшелері кетіп, өз партияларын басқарумен айналысса жөн. Билік басында қаламын десе олар өздерін уақытша парламентке ұсынсын. Ел ішінен қолдау тауып жатса, қалаған мәртебесіне жетіп қалар.

Ирақ басқару кеңесі ел ішінде абыройға жеткен жоқ, олар мардымсыз, тіпті Бағдадтағы жол қатынастарының мәселесін шеше алмады, дейді Ғейдар дегін бұл азамат.

Басқару кеңестің өкілеттігін ұзарту керек деген ұсынысты Ахмед деген азамат та қолдамайды. Ахмедтің жасы 40-та, ол дәрігер:

- Кеңес мүшелері тағайындалып іріктелді. Оларды ешкім сайлаған жоқ. Шынайы үкімет билік басына келіп жатқанда бұлардың орындарында қалуына себеп көрмей отырмын. Олар бақылаушы ретінде жаңа үкіметтен құдіретті бола қоя ма екен? Мұны жақсы жол деп ойламаймын. Бұл маған ұнамас еді.

Билік басына тағайындау арқылы келген басшыны Ирақта ешкім мойындай қоймас, дейді Ахмед. Ирақ басқару кеңесінің жұмысы жалғасатынына Ирақта ешкім сенбейді, дейді Мұстах Алдайни деген заңгер. Сондықтан болар, басқару кеңестің мүшелері де билікке жабыспаймыз деп, уәде айтты, дейді Мұстах Алдайни:

- Әлбетте, уақытша үкімет сайланғанда басқару кеңестің мағнасы жоғалады. Олар сондықтан осылай мәлімдеді. Уақытша үкімет жасақталса - біздің шаруамыз аяқталады деп, олар сондықтан айтып отыр.
XS
SM
MD
LG