Accessibility links

Тың игерудің салдары қандай болды?

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Желтоқсанның 4-і күні Астанада «Тың және тыңайған жерлерді игеру: тарих және қазіргі заман» тақырбында ғылыми-тәжирбелік конференция өз жұмысын бастады. Үш күн бойы өтетін кеңесте 300-де аса баяндамалар тыңдалмақ.

Айтулы күн, тың игерудің 50 жылдығы, алдағы жылдың науырызына келіп тұр. Биылғы жылдың қаңтарында Қазақстан үкіметі осы мәселеге орай арнайы қаулы қабылдап, комиссия құрып, оған Премьер-министрдің орынбасары-Ауылшаруашылық министрі Ахметжан Есімовті төрағалыққа бекіткен еді.

Желтоқсанның 4-і күні конференцияда сөйлеген сөзінде Ахметжан Есімов, тың игеру жылдарындағы жетістіктер мен кемшіліктерге шегініс жасады.

Оның айтуынша, қысқа тарихи кезеңде миллиондаған жер игерілген, қажеттілікке қарай әлеуметтік құрылымдарымен көптеген совхоздар мен колхоздар құрылған. Тың игерудің алғашқы екі жылында көрші республикалардан Қазақстанға 360 мыңнан аса механизаторлар, құрылысшылар мен ауылшаруашылығының мамандары келген. 680-нен аса жаңа совхоздар ашылған. Оған мемлекеттен 4 миллиард сомнан аса қаржы бөлінген.

Тың игерудің он жылында совхоздар 127 жүк және арнайы машиналар және басқа да ауылшаруашылық техникаларын алған.

Елде астық өндірісінің қарқынды өсуі және оның қалдықтарын пайдалану мал шаруашылығының дамуына да ықпал еткен.

Тың игеру жылдарында республикада ірі қара мал басы екі есе өсіп, сүт –ет сатып алу 4 есе артқан. Осылайша тың игеру республиканың азық-түлік тәуелсіздігін шешуде маңызды рөл атқарыпты.

Тың игеру сондай-ақ Қазақстан жерінде халықтар достығын нығайтуға да негіз жасаған. Алайда, тың игерудің ауқымды бағдарламасын іске асыруда жердің жаппай жыртылуынан алпысыншы жылдардың басында тың игерушілер келеңсіздіктерге де тап болған. Ол кезде аграрлық ғылым жерді жаппай жыртудың көлеңкелі салдарын көре алатын жағдайда болмаған, -деді Премьер-министрдің орынбасары- Ауылшаруашылық министрі Ахметжан Есімов.

Ал, тарих ғылымдарының докторы Жұлдызбек Абылхожин, тың игерудің әлеуметтік саладағы жақсылығымен қатар кемшілігінің де болғанын айтады.

- Жақсысына келсек, Солтүстік Қазақстанда әлеуметтік, экономикалық, саяси өсу болды. Бірақ көші-қонның бақылауға алынбағаны ол қашанда проблема тудырады, - дейді ол.

Оның айтуынша, 1959 жылы санақ жүргенде қазақтардың саны 30 пайызды ғана құраған.

- Қазақ тілінде оқытатын мектептер жабылды.Бұл әрине, қазақ тілінің қалыптасу мүмкіндігін азайтты, - дейді тарих ғылымдарының докторы Жұлдызбек Абылхожин.

Дегенмен, ғалым тың игерудің әлеуметтік тиімділігі мейлінше мол болғанын баса айтып отыр.
XS
SM
MD
LG