Accessibility links

Еуразия университетіне журналистер тек басшылықтың рұқсатымен кіретін болды


Астанадағы Еуразия ұлттық университетіне кіру үшін баспасөз құралдарының өкілдері оқу орны басшылығының ерекше рұқсатын алуы тиіс. Университет басшылығының мұндай қадамға баруына сейсенбі күні республикадағы орыс тілді орталық ресми басылым – «Казахстанская правда» газетінде жарық көрген мақала себеп болды. Ол мақалада осы оқу ордасындағы жастар арасында есірткіні емін-еркін сатып алуға болатыны жазылған еді.

Есірткіге бой ұру қазіргі уақытта Қазақстанда жастардың арасында жылдан жылға кең өріс алып келе жатқан қауіпті құбылыс екені айтылып та, жазылып та келеді. Әйткенмен, жалпылама айтылғандықтан ба, осы уақытқа дейін бұл жайтқа байланысты қарсы дау айтқан жоғары оқу орны басшылары болған емес.

Ал, Қазақстанның ресми басылымдарының бірі «Казахстанская правда» газетінде Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде газет тілшісінің есірткіні емін-еркін сатып алғаны жайлы мақала жариялануы бұл оқу ордасында үлкен дүрбелең туғызды. Университетте бұл мақаланы жалған, негізсіз деп тауып, оны басқандарды айыптаған үлкенді-кішілі жиындар өтті. Университет ректоры Мырзатай Жолдасбеков өткен бейсенбі күні Астана қаласының теледидарына берген сұхбатында әлгі мақаланы өзі басқаратын университет ұжымына қарсы әдейі жазылған деген өз пікірін білдірді.

Сонымен бірге, телеарна журналистері Еуразия университетінде «Казахстанская правда» газетінің таралымына тиым салынғанын хабарлады. Бұл жайттың анық-қанығын білмек болып жұма күні Еуразия университетінің кітапханасына барған едік. Онда келгенімізде университетке кіріп-шығу тәртібінің күшейтілгенінің куәсі болдық. Кітапхананың оқу залына өтпек болғанымызда жолымызды бөгеген күзетші журналист екенімізді білгеннен кейін бұдан былай баспасөз өкілдеріне оқу орнының ішіне ену үшін басшылардан арнайы рұқсат болуы керек дегенді айтты.

Бұдан кейін университет басшылығы жайғасқан бас ғимаратқа келгенімізде үзіліс кезі болғандықтан дәліздегі студенттерді сөзге тартып, олардан оқу онында болып жатқан мән-жайды сұрап, оған қосымша радиомыздан беріліп жүрген «Жас толқын» бағдарламасы үшін сауалнама жүргізбек ниетіміз болды.

Алайда, жастарға диктофонды ұсынғанымыз сол-ақ екен, жанына ерткен екі-үш нөкері бар бір әйел адам біз тұрған жерге жетіп келіп жастарды бірден қуып жіберді.

Өзімізді таныстырсақ та, бізге жөн айтып сөйлеген бұл адамның кім екенін біле алмадық. Әлгі адамның бастауымен университет ректорының орынбасары Ғалымжан Нұрышев мырзаға келдік. Оның айтқанынан ұққанымыз тәртіптің күшейтілуі «Казахстанская правда» газетіндегі мақаламен тікелей байланысты екен.

Ғ.Нұрышев мырза бұл уақытша шара деп бізді сендіруге тырысты. Ал университеттің күзет қызметіндегі өзін таныстырмаған белгісіз тағы бір әйел адам біздің студентерге қандай сауалдар қояғымыз келетінін, ол сауалдар мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірмей ме деген сұрақты өзімізге қойды. Бұдан кейін жанымызға еріп жүрген адамдарды көрген студенттер университет өміріне қатысты біз қойған сұрақтарды жауапсыз қалдырды.
XS
SM
MD
LG