Accessibility links

Баспасөз шолуы


Мерзімді басылымдарда, Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы Огнеупорный поселкесінің Ресейге басы бүтін беріліп кеткендігі туралы және тағы да басқа саяси, әлеуметтік, спорт тақырыбына арналған мақалалар жарық көрген.

Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы Огнеупорный поселкесіне Ресей мемлекетінің жиі-жиі құда түсіп жүргендігі бұқаралық ақпарат құралдарының бетінде талай рет жазылған еді. Енді осы Огнеупорный поселкесі Ресейге басы бүтін беріліп кетіпті. Бұл туралы “Ақ жол Қазақстан” басылымының кезекті санында “Даниял Ахметов қазақ жерін Ресейге бере салды” деген мақала жарық көрді. Қазақстанның индустрия және сауда вице-министрі Асқар Мәминнің айтуынша, бұл мәселе жыл соңына дейін шешіледі екен. Дегенмен Ресей мемлекеті Огнеупорныйға неге соншама қызығып отыр. Мақала авторы мұның себебін былайша түсіндіріп өтеді. “Бұл ауылда Бозкөл кен орны бар. Одан шыққан отқа төзімді саз балшық Ресейдің Магнитагорск металлургиялық комбинатына тасымалданады. Ал орыс өнеркәсібі шикізат әкеткені үшін Қазақстанға салық төлейді, кен орнын жалдағаны үшін бюджетке қаржы аударады. Мақала авторының айтуынша, енді соның бәрі де адыра қалыпты. Ал, Қазақстанның индустрия және вице-министрі Асқар Мәминнің түсіндіруінше, премьер-министр Даниял Ахметов тіпті, “поселкені бір-екі айға жеткізбей Ресейге тезірек өткізіңіздер” деп шұғыл тапсырма беріпті. Мақала авторы сөз соңында “ұлт мүддесін аяққа таптап, әлгіндей кен шығатын стратегиялық жерден қалай құтыларын білмей отырған мұндай басшының бізге керегі қанша” деген сауал тастап, “сатқындық емей немене бұл” деп өз ойын түйіндейді.

Ал, “Ассанди таимс” газетінің кезекті санында “Навигатор” интернет-газеті редакциясының сөз бостандығының бұзылғандығына орай жасаған мәлімдемесі жарық көрді. Мәлімдемеде келтірілген деректерге жүгінсек, бір жарым жылдың ішінде осы сайттың шығуына үш рет кедергі жасалған. Бірінші және екінші рет жасалынған кедергілер бірнеше күнге, ал үшінші рет жасалынған кедергі бір айға созылған. Редакция ұжымы жүргізген зерттеуге сүйенетін болсақ, басқа елдегі компьютерде “Навигатор” интернет газеті тез қосылады екен де, Қазақстанда ғана оны ашу қиыншылығы туындайды екен.

“Жас алаш” газетінің сенбілік санында жарық көрген Дахан Шөкшірұлының мақаласында Ақмола облысының орталығы Көкшетаудан қырық шақырым жердегі Зеренді ауданына қарасты Күсеп ауылының әкімі Виталий Шкарубаның, ата-жұртына оралған ағайындарға жылы қабақ танытпақ түгіл, оларды сабағандығы туралы хабарланған. Оқиғаның қысқаша тарихына тоқталатын болсақ, өз ата-мекеніне оралып, жағдайын айтқан оралмандарға ауыл әкімі “құрылысты бұзып, кірпіш ұрладыңдар” деп Мұратбек, Халида, Жанарбек деген үш азаматты кеңсесіне шақырып, ауылдық полицей Нұрланның көзінше, қоқан-лоққы жасаған. Қарсы сөз айтпақ болғанда, екі азаматты жағасынан алып, бір-біріне соғып, үшіншісін іштен тепкен. Мақала авторының айтуынша, ауылдың әкімі қандай қылмыс жасалса да оны оралмандарға жауып отырады екен.

“Начнем с понедельника” апталығының тілішісі Владимир Воевод тағы да да кіші қалалар проблемасын сөз қылыпты. Газеттің кезекті санында жарық көрген мақаласында ол Қарағанды облысындағы Саран қаласының тіршілі туралы әңгіме қозғапты. Мақалада келтірген деректерге жүгінсек, сексен мыңнан астам тұрғыны бар Саран қаласында қазір қырық тоғыз мыңдайы ғана адам қалыпты. Қаладағы үйлердің басым көпшілігі қирап, соғыстан кейінгі мезгілді еске түсіреді екен. Жұмыстың жоқтығынан, қала тұрғындарының басым көпшілігі қайыршылық күйге түскен. Күн көру немесе бір күндік нәпақа табу үшін Саран қаласының тұрғындары үйдегі дүние –мүліктерінің бәрін сатуға мәжбүр болып отыр. Жұрты иесіз қалған кірпіш үйлерді бұзып әкетеді. Кезінде Саран қаласында болған бес шахтаның бүгінгі таңда тек екеуі ғана жұмыс істейді. Ал, онда жұмыс істейтін шахтерлар да өмірге аса разы емес көрінеді. Өйткені заңның бәрі де жұмыс берушінің құқын қорғауға негізделген.

“Егемен Қазақстан” газетінің сенбілік санында “Алиментке ауыз салған алаяқ” деген мақала жарық көрді. Мақала авторының айтуынша, Қызылорда облысы, Қармақшы ауылында тұратын 42 жастағы әйел өзінің бұрынғы күйеуінен қалған баласы үшін соңғы 6 жылдан астам уақыттан бері алимент ала алмағандығын айтып арызданады. Алайда бұрынғы күйеуінің еш жазығы жоқ болып шығады. Осы істе тексере келе бұлар сол алты жыл бойғы ақшаны пошта меңгерушісінің үн-түнсіз алып келгендігін анықтайды. Осылайша жасы қырық сегіздегі бұл әйел бөтен біреудің 333 200 теңгесінің мойнына су құйған болып шықты. Алаяқтығы аңғарылған пошта меңгерушісі қазір Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінің бақылауына алынып үстінен тергеу жұмыстары жүріп жатқан көрінеді.

“Экспресс К” газетінің 6 желтоқсан күнгі санында жарық көрген Ирина Глушконың мақаласында “Иегованың куәгерлері” атты діни ұйымға кіріп кеткен Надежда Александровна деген әйелдің тағдыры туралы баяндалған.

“Алматы ақшамы” газетінің сенбілік санында жарық көрген мақаласында Құттыбек Аймахан бүгінгі таңда үлкен дау-дамай туғызып жатқан “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заң жобасы төңірегінде ой қозғапты.

Келесі жылы, дәлірек айтсақ бір айдан кейін Азиядағы Манила қаласында Афина олимпиадасына жолдама алу үшін бокстан іріктеу ойындары өтетіндігі белгілі. Осы іріктеу ойындарына қазақстандық боксшылар да қатыспақ. Бұл туралы “Известия Казахстан” басылымының сенбілік санында егжей-тегжейлі баяндалыпты.
XS
SM
MD
LG