Accessibility links

Қызылорданы су басып кету қаупi бар

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ

Қазақстан Республикасының вице-премьерi, ауыл шаруашылығы министрi Ахметжан Есiмов Үкiметтiң желтоқсанның 9-ы күнгi отырысында Сыр бойындағы елдi мекендердi су алып кету қаупiнен қорғау мәселесiн көтердi. Оның айтуынша, Шардара су қоймасы кемерiне дейiн толуға жақын. Артық су Сырдарияға ағытылуда. Мұның алдын алмаса, апатты жағдайға соқтыруы мүмкiн.

Ахметжан Есiмовтiң сөзiне қарағанда, Сыр бойындағы iрiлi-уақты елдi мекендермен қатар Қызылорда қаласын да су басып кету қаупi бар. Мұның өзi Шардараға Қырғызстандағы Тоқтағұл су қоймасынан жiберiлетiн су көлемiнiң шамадан тыс көбеюiнен туындапты. Сонымен қатар Тәжiкстаннан, Өзбекстаннан және Қырғыз Республикасынан бастау алатын ағын сулардың молаюы да Сырдарияның көтерiлуiне әсер еткен.

Мәселеге бiрден бiрнеше министрлiктi қатыстыруға тура келедi. Мысалы, Энергетика және табиғи ресурстар министрлiгi iшкi базарда тек қазақстандық энергия көздерiнiң қуатын пайдалану жолдарын жедел қарастыруға тиiс. Өйткенi, сырттан алынатын энергия қуатымен қатар Шардараға құйылатын су ағыны да молая түседi.

«Тиiстi мекемелер желтоқсанның 9-нан бастап, апаттың алдын алу үшiн қанша қаражат керектiгiн есептеге кiрiседi. Содан кейiн ғана «қосымша қаржы керек пе, жоқ па?» деген сұраққа жауап бере аламыз», -- дедi Қазақстан Үкiмет басшысының орынбасары Ахметжан Есiмов.
XS
SM
MD
LG