Accessibility links

Астанада Қазақстан халықтары кіші ассамблеясының төртінші сессиясы өтті


Желтоқсанның 11-күні түстен кейін Астанада Қазақстан халықтары қалалық кіші ассамблеясының төртінші сессиясы ашылды. Енді бұл жөнінде Астанадағы тілшіміз Кенжебек Нұрқасенұлының әзірлеген хабарына ден қойыңыздар.

Қазақстан астанасындағы кіші ассамблеяға қаладағы 16 ұлттық-мәдени орталықтар енеді. Қазіргі таңда бұл орталықтардың әрқайсысы өздерінің ұлттық-мәдени дәстүрлері мен құндылықтарын насихаттайтын жұмыстар атқарып, өздерінің тарихи Отандары мен Қазақстан арасындағы байланысты дамытуға үлес қосып келеді.

- Біз Қазақстанды өзіміздің Отанымыз деп санаймыз, мен өзім Қазақстанда туып өсіп, осында білім алдым. Қазір Қазақстан Республикасының азаматымын. Бұл елде ұлттар арасындағы татулық сақталып отыр, ал көршілес Ресейде жағдай мұндағыдан сәл өзгешелеу, - дейді кіші ассамблеяға қатысушылардың бірі, Астанадағы украин мәдени орталығының өкілі Ольга есімді қыз.

- Қазақстан халықтарының кіші ассамблеясының қатары алдағы уақытта үкіметтік емес ұйымдармен толығуы мүмкін, - дейді Астана қалалық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бастығы Николай Мальцев «Азаттық» радиосына берген сұқбатында.

Ал ассамблея қатарына қоғамдық-саяси ұйымдардың енуі мүмкін бе деген сауалымызға Н.Мальцев мырза мырза:

- Ассамблея саяси ұйым болмағандықтан дәл қазіргідей құрамда партиялар ассамблеяға мүше емес, - деп жауап қатты.

Әйтсе де, Қазақстан халықтарының ассамблеясы саяси құрылым болмаса да, Қазақстанның ресми басшылығының саяси шешімдеріне әр кезде қолдау танытып келеді. Мәселен, 1995 жылы республиканың жаңа Конституциясын қабылау кезінде, 1999 жылы қаңтарда елде мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізгенде Қазақстан халықтарының ассамблеясы президент Н.Назарбаевтың ұстанымына қолдау білдіріп, жұртшылыққа үндеулер тастаған-тұғын.

Қазақстан халықтары ассамблеясының республикалық деңгейдегі жиыны биылғы жылғы желтоқсан айының 23-іне белгіленіп отыр.

- Ол жиынға қатысушылар сайлау жолымен емес, халықтар ассамблеясының төрағасы, яғни республика президентінің шешімімен тағайындалады. Президент оларды елдегі кіші ассамблеялардың ұсынуымен бекітеді, - дейді Астана қалалық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бастығы Н.Мальцев.

Ал республика көлеміндегі кіші ассамблеяларға жергілікті әкімдер төрағалық жасайды.
XS
SM
MD
LG