Accessibility links

Қазақстанның инновациялық стратегиясын жүзеге асыру бірқатар салаларды


Қазақстанның 2015 жылға дейінгі индустриалдық-инновациялық стратегиясын жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдардың қызметтерін қайта құру қажет.

Бұны желтоқсанның 19-ы күні Астанада өткен жиында Қазақстанның үкіметінің жетекшісі Даниал Ахметов айтты. Оның айтуынша, алдағы уақытта елдегі бірқатар салаларда, соның ішінде білім жүйесінде үлкен өзгерістер болады.

Жұма күні Астанада елдің индустриалдық-инновациялық даму стратегиясы тақырыбында өткен жиында Қазақстанның премьер-министрі Даниал Ахметов республиканың 2015-жылға дейінгі кезеңге арналған индустриялдық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру үшін жақын үш жылға арнайы шаралар жоспары белгіленіп отырғанын айтты. Бұл шараларды жүзеге асыру барысында елдегі бірқатар салалар үлкен өзгерістерді өткеретін болады.

- Солардың бірі - білім мәселесі бейсенбі күні өткен үкімет отырысында талқыланды. Білім мәселесі бүкіл республика үшін және әрбір қазақстандыққа әсер ететіндіктен оның маңызы ерекше, - дейді премьер Д.Ахметов.

Үкімет жетекшісі жақын арада Қазақстанның білім жүйесін реформалаудың тұжырымдамасы жарияланып, оған байланысты келіп түскен барлық ұсыныстар мен сын-ескертпелерді екшеуден өткізгеннен кейін, ол тұжырымдама нақты бағдарлама түрінде бекітілетінінен хабардар етті.

Қазақстан премьері елде жоғары технологиялық өндірісті дамыту мақсатында ивестициялық-инновациялық қор, экспорт пен капиталды сақтандыру корпорациясы, маркетингтік талдау зерттеулер, инжиниринг және технологиялар трансферті секілді құрылымдардың дүниеге келгенін айтты.

Даниал Ахметов, Қазақстанның премьер-министрі: - Енді олардың өндірісті түрлендірумен айналысуы үшін үкіметте елдің барлық аймақтарымен өзара іс-қимылды нақтылайтын тиісті бағдарлама дайындалып жатыр. Бұл мақсатқа үкімет тарапынан биылғы жылы 46 миллиард теңге бөлінген, ал келесі жылы 19 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінетін болады.

Д.Ахметов мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты жаңа технологияларды қолдану арқылы экономика салаларының сан түрлілігін қамтамасыз етіп, мол өнім алу екенін айтты. Бұл орайда Қазақстан шетелдік тәжірибені ескере отырып, елде арнайы аймақтар құруды қолға алып отыр.

- Біз Сингапур мен Қытайдағы, сондай-ақ Еуропаның бірқатар елдеріндегі еркін экономикалық аймақтарды құру мен оларды ұйымдастырудың тәжірибесін зерттедік, енді осы үйренгендерімізді өзімізде жүзеге асыру бағытында үлкен міндеттерді атқаруға кірісетін боламыз, - деді Қазақстан үкіметінің жетекшісі.

Бұдан ары өз сөзінде премьер Д.Ахметов кәсіпкерлер мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасты әріптестік тұрғыдағы арнаға түсіру қажеттігін баса айтты.

- Қазіргі қазақстандық кәсіпкерлердің арасында әлі күнге дейін өткенді аңсаудан біржолата арыла алмай келе жатқандар бар, алайда мемлекет кәсіпкерлер үшін көптеген жағдайларды жасады, енді олар да мемлекетке септік тигізуі керек, - деді Даниал Ахметов.
XS
SM
MD
LG