Accessibility links

Ливия өзінің Қару-жарақ шығару бағдарламасынан бас тартпақ

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Сонымен, Ливия астанасы Триполиден хабарланғанындай, Ливия Жаппай қырғын қаруларды шығару бағдарламасын тоқтатып, өз аумағына БҰҰның Халықаралық қару–жарақ тексеру тобының келуіне рухсат бермек.

Ливия мұндай шешімге жұма күні кешке келген. Ал оған дейін 9 ай бойы АҚШ, Ұлы Британия және Ливия арасында құпия келіссөздер жүріп отырған.

Ливия Сыртқы істер министрі Абд ал-Рахман Мохамед Шалғамның айтуынша, Триполи мұндай қарарға өз eркімен келген.

- Ливия, АҚШ және Британиялық сарапшылар Ұлы Араб социалистік халықтық Ливия Жамахирия республикасының қару-жарақ саласындағы жұмыстарын зерттеп бітірді. Ливиялық сарапшылар өз әріптестеріне қажетті бағдарлама бойынша химиялық заттар контейнерлерді көрсетті. Себебі, Ливия халықаралық деңгейде тиым салынған қару-жарақтардан енді түгелдей құтылғысы келеді, - деген Ливиялық министр.

Бұл шешімді АҚШ президенті Дж.Буш пен Британия бас министрі Тони Блэр бірден-ақ қуана қабылдады.

- Полковник Муаммар Қаддафидің бұл шешімі тарихи да батыл қадам болып қалмақ. Мұны мен қуана құттықтаймын. Бұл қарар аймақтық және әлемдік қауіпсіздікке кепілдік береді. Бұл қадам қару-жарақтан құтылу мәселесін келіссөздер арқылы, бейбіт жолмен шешу мүмкін екендігін айқын көрсетіп отыр, - дейді Тони Блэр

АҚШ президентінің пікірінше, бұл іс-әрекеті арқылы Ливия әлем елдері қауымдастығына қайта орала бастаған.

- Ливия үкіметі бұл қадамдары арқылы халықаралық қауымдастықтан өзіне тиісті құрметті орынға ие болып, уақыт өте келе АҚШ-пен де жақсы қарым-қатынастар орнату мүмкіндігіне ие болар - деді президент Дж. Буш.

Осы кезге дейін АҚШ Ливия химбиологиялқ қарулар шығарады деп өз күдігін айтып келсе, Ливия өз кезегінде оны мойындамайтын еді. Бірақ наурыз айында, Ливия бұл мәселе бойынша құпия келіссөздерді жүргізу жөнінде АҚШқа ұсыныс жасаған көрінеді.

Содан кейін-ақ, АҚШ пен Ұлы Британиядан Ливиядағы қару-жарақ шығару орындарына арнайы топтар кемінде он рет келіп кетіпті. Сонымен, Ливия алдымен өзара келіссөздер жүргізуге келіссе, артынша ол талқылаулар нәтижесінде, қару-жарақ инспекторларын тиісті орындарға кіргізуге рухсат берген. Міне енді, АҚШ пен Ұлы Британия Ливиямен қол қойылған келісімдер бойынша өзара бірігіп жұмыс бастамақ.

Ливия елбасы Муаммар Қаддафи ел алдында тұрған шұғыл міндеттерді енді жақсы түсінетіндей. Оның айтуынша, Ливия жаппай қырғын қару бағдарламасынан бас тарту жөніндегі шешімін іс жүзінде жүзеге асырып, түгелдей терроршылыққа қарсы күресті қолға алу шараларына кірісуі керек.

Бір неше жылдық келіссөздерден соң, тамыз айында, Шотландияда Локерби үстіндегі 1988-жылғы ұшақтағы бомбы жарылысы үшін Ливия жауапкешілікті өз мойнына алған болатын. Ол апат кезінде қаза тапқан 270 отбасына Ливия 2 млpд. 700 миллион доллар да төледі. Ал одан кейін БҰҰ Ливияға жарияланған санкцияларды алып тастағанымен, АҚШ өз шешімін өзгертпеген еді.

Ливия Сыртқы істер министрі Шалғамның айтуынша, Ливия АҚШ-пен өзара байланысты түзету жағында, бірақ Вашингтон да енді, Ливияға қарсы өз экономикалық санцияларын алып тастай ма, ол жағдай әзірше беймәлім қалып отыр.
XS
SM
MD
LG