Accessibility links

Қазақстан мұнайының пайдасы кімге түсіп отыр?


Табиғи шикізат көздері - мұнай мен табиғи газды сатудан мол табыс алып отырған Қазақстан қоғамында осы ресурстарды кімнің бақылайтыны және оларды қалай пайдалану керектігі жиі сөз болады. Желтоқсанның 22-күні Астанада өткен дөңгелек үстел жиынында Қазақстан экономикасының шикізат саласынан түсетін табысты қалыптастыру мен пайдалану жайы талқыланды.

Бұл дөңгелек үстел басқосуы Алматыда орналасқан «Қоғамдық саясатты зерттеу орталығы» қоғамдық қорының мұрындық болуымен өткізілді. Бұл ұйым биылғы жыл басынан бері Астана мен Алматы қалаларында ағылшын елшілігі және бірқатар халықаралық ұйымдардың қолдауымен үш рет осы тәріздес шаралар өткізіп, онда Қазақстанның Бюджет кодексі жобасының Ұлттық қор қызметіне қатысты тарауы мен салық кодексіне шикі мұнайды шетке шығаруға ренталық салық енгізу жөніндегі өзгерістерге қатысты талқылау өткізген болатын.

«Қоғамдық саясатты зерттеу орталығы» Қазақстанның мұнай өңдеуші компаниялардан алатын табысы жөнінде зерттеулер жүргізіп, ақпарат жинақтаумен және оны таратумен шұғылданып отыр. Бұндай жұмыстарды атқаруда оларға АҚШ-та орналасқан Ашық қоғам институтының Caspian Revenue Watch атты аймақтық жобасы жәрдем танытып отыр.

Қоғамдық ұйымдар өкілдері Қазақстан табиғи шикізатты өндіру мен шетке шығарудан түсетін табыс жөніндегі ақпараттың ашық және жариялы болуы тиіс деп санайды. Қазіргі уақытта шикізаттан түскен табыс Қазақстаның Ұлтық қорына шоғырланады.

Онда жинақталған табысты бөлу процесіне жұртшылықтың қатысуы елдің экономикалық және әлеуметтк дамуындағы аса маңызды фактор деп санайды қоғамдық ұйым өкілдері.

- Алайда, Қазақстанның Ұлттық қорын басқару ісі әлі күнге дейін шағын топтың қолында қалып отыр. Олар үкіметке де, санақ комитетіне де есеп бермейді, парламентке Ұлттық қордың жұмысы туралы есеп тек президенттің бекітуінен соң ғана табыс етіледі - дейді «Қоғамдық саясатты зерттеу орталығы» директорының орынбасары Қанат Берентаев.

Ұлттық қордың қызметіне қатысты үкіметтің саясатына сыни пікір білдірген Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Қайрат Шалабаев қазіргі уақытта шикізаттан түскен табыстың қызығын тек өндіруші компаниялар көріп жатқанын айтады.

- Біздің Ұлттық қордағы қаржылардың барлығы бағалы қағаздар арқылы табыс табуы керек. Міне осы жерде үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп жұмыс жасамай отыр. Қазір Қазақстанда біздің байлықты игеруге берген фирмалардың пайдасына шешілуде, республика одан көп пайда көріп отырған жоқ. Бұрын осындай бірталай келісім-шарттар жасалып қалған ғой. Ал алдағы жасалатын шарттар басқаша болады. Оны енді болашақ көрсетер, - дейді депутат Қ.Шалабаев.

Республика президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Ұлттық қорындағы ақшаның келешек ұрпақтың игілігі үшін жинақталып жатқанын айтып келеді. Ал мәжіліс депутаты, Қазақстан коммунистерінің жетекшісі Серікболсын Әбділдин бұған қарсы өз уәжін білдіреді

- Үкіметтің қолында қазір 6-ақ пайыз мұнайды бөлу бар, басқасының бәрі шетелдік компаниялар мен фрималарының қолында. Тіпті, одан біз мұнайдан ештеңе алып отырған жоқпыз деуге болмайды, ақша көп, алып отырмыз. Бірақ, ол да игілікке жұмсалмай, талан-таражға түсіп отыр. Елбасының ұсынысымен құрылған қор, ол – ақша. Ал ақша нарық жүйесінде жай жатпауы тиіс, ол үнемі айналымда болуы керек. Мына бүгінгі балаларды сақтап, өсіруіміз керек, ал президент болса ол ақшаны келешек ұрпаққа, яғни немерелерімізге жинауымыз керек дейді. Тіпті дүниежүзілік тәжірибеге қарасақ, балаға берілетін ең үлкен байлық ақша емес, жақсы білім мен дұрыс денсаулық екенін көреміз, - дейді депутат С.Әбділдин.

Қазақстандағы ресми биліктің оппоненттері елдегі мұнай мен газ кен орындарын игеруден түсетін табыстардың халықтан құпия жағдайда ұсталып келе жатқанына сын айтумен келеді. Қазақстан үкіметі Теңіз жобасындағы мемлекеттің үлесінен сатудан түскен миллиард доллардан астам ақшаны жылдар бойы өз халқынан жасырып, Швейцария банктерінде құпия сақтап келді. Ал 2002 жылы жаңағы жасырын ақшаның бар екені көпшілікке мәлім болды. Әйткенмен үкімет шетел банкіндегі ол шоттың жабылғаны жөнінде әлі күнге дейін парламентке де, жұртшылыққа да ешқандай айғақ-дәлел бермеуі бұл тақырыпта күмәнға толы сауалдарды жауапсыз қалдырып отыр.

Мұның үстіне, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Қазақстан президентінің кеңесшісі болған американдық бизнесмен Джеймс Гиффенге кезінде Қазақстаның жоғары лауазымды билік өкілдерінің шетел банктеріндегі есеп шоттарына Мобил компаниясы төлеген миллондаған доллар ақшаны аударғанына қатысты қазірде АҚШ-та жүріп жатқан тергеу ісі де жаңағыдай күдікті күшейтпесе, бәсеңдеткен жоқ.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG