Accessibility links

Орта Азиядағы 5 мемлекетті 5 түрлі болашақ күтіп тұр


Кезінде Түркістан деп аталған қазіргі Орталық Азия уақыт өткен сайын өзінің біртұтас аймақ деген мәнінен айрылып, енді бір-бірінен тәуелсіз 5 егемен елге айналды.

Сол түбі де, тілі де, діні де бір бұл 5 мемлекетте өткен 2003-жылдың өзінде бірталай қайшылық, айырмашылық, бөлінушілік, түсінбестік көріністері орын алды.
Ол аймақтағы түрлі құбылыстарға қарағанда, ондай өзгерістер алдағы жаңа жылда да жиілей түсетін сықылды.

Оған нендей себептер бар?

Бір жарым ғасырдай уақыттан бері қазіргі Орталық Азия елдері қоныстанған аймақты, алдымен Түркістан, Ресейлік Түркістан, кейінірек Советтік Түркістан, Советтік Орталық Азия деп атаса, ең соңында беске бөлінген - стан елдер – Қазақстан, Тәжікстан сықылды республикалар пайда болды.

Ал ең қызығы, және таңқаларлығы, соңғы кездері, сол ежелгі біртұтас аймақтың 5 елі енді 5 түрлі бағыттағы даму жолына түскендей.

Бұған өткен бір-ақ жылда болған уақиғалар дәлел, деп жазады талдаушымыз. Өткен жылы қарашаның 25 күні президент Ниязовқа қастандық жасауда қатысқанның бірі деп, Түрікменстан өзбек елшісін Ашхабаттан шығарып жіберді.

Жыл басында Ферғана алқабының оңтүстік батысындағы аумақтан басып өтер кезде бір неше жүздеген қырғыз бен тәжік азаматы арасында қақтығыстар болды.

Қазақстаннан келетін азық-түліктен уланып жатырмыз деген сылтаумен Өзбекстан екі арадағы 2203 шақырымдық шегараны жауып тастады.

Мұндай алаауыздық, салқындық байланыстарға, Лондонда шығатын Джейнс Сентинел басылымының редакторы Алекс Ватанканың пікірінше, орта азиялық 5 елдің президенттерінің жеке қасиеттері, мінез-құлықтары да себепші болғандай. - Не үшін бұл 5 мемлекет арасында өзара ынтымақтастық байланыстары нығаймады? Себебі, бұл бес елде де президенттер демократиялық жолмен сайланған емес. Орта Азиялық ол 5 ел жетекшілігінде, өз билік мерзімін, қалаған кезде, одан әрі соза алатын, бірақ өз мемлекеттерінің стратегиялық мүдделеріне сай емес 5 күшті отыр, - дейді Алекс Ватанка.

Бұл 5 елдегі бизнес те - бес түрлі.

Өзбекстан халық саны жағынан Орта Азиядағы ең көпсанды ел. Қазақстан жер көлемі жағынан - ең үлкен, жерасты кендеріне, мұнайға аса бай ел. Міне сол көп санды өзбектер, орыстар сықылды, қазақтарға ең болмағанда мұнай өнеркәсібін дамытуға көмектесе алмай отыр.

- Экономикалық даму мәселесінде Ресеймен өзара жақын ынтымақтастықтың тиімді екендігін Қазақ үкіметі өте жақсы түсінеді. Бірақ осыдан бір неше жыл бұрын ғана орта азиялық серіктестік, орта азиялық экономикалық ынтымақтастық деп үміт артылған жоспарлар енді біртіндеп өз мәнін жоғалта бастады, - дейді американдық сарапшы, Нью Йорктағы ЕуроАзия тобының бөлім директоры Лорент Рузекас. Оның айтуынша, өзбектер барған сайын кедейлене бастаған бір кезде, Қазақстанның соңғы 3 жылдағы жалпы ішкі өндіріс деңгейі орта есеппен кемінде 10 пайызға өскен. Мұны байқаған өзбек диқандары, саудагерлері өз диқаншылық өнімдерін, өз елінде салық төлеп әуреленбей, Қазақтарға апарып, қымбаттау сатқан жөн деп шешті.

Жер байлығы көрші елге кетті-ау деп, өзге амалын таба aлмаған өзбектер, бір түнде, 2203 шақырымдық шегараны тас етіп жауып тастай салды.

Қазақ пен Өзбек арасындағы бұл мәселе өзге 3 орта азиялық елге де тән құбылыс.

Қайтсін, даулет-байлық жинай бастаған Қазақ жеріне әрине, алдымен өз көршілері, кедейлер асығады да. Ал мұнайдың арқасында тасы өрге дөңгелеген, дәулетті Қазақ үшін кедей қоңсы не қажет.

Өз мұнай-газын көршіге емес, шетке сатып жетісемін деп, жер бауырлап қалған түрікмендерді өзбек-қазақ немесе қырғыз-тәжік не қылсын. Ал батыс пен шығыс сол Орталық Азия аймағына назар аудара бастаған кезде, ондай табиғи бөлініс, алшақтау үдерісі одан әрі тездей түсті.

2001-жылғы 11-қыргүйек шабуылынан кейін АҚШқа өз әуе алаңын оңай ғана бере салып, өзбектер өз қоңсыларынан тағы да алыстады. Ресейге тай-тұяғымен тәуелді тәжіктердің өзі көршілес Ауған еліндегі терроршылыққа қарсы күрес шаралары үшін АҚШ бастаған одақтас күштерге өз әуе базасын ұсына қойды. Сол-ақ екен, тәжік-орыс қатынасында өзгеріс пайда болды.

Тәжіктер енді орыстармен әңгімелескенде кеудесін көтере сөйлейтін болған. Оның үстіне, бұрынғы кезде кездеспейтін нәрселерді талап ететінді шығарды, - дейді Лондондық редактор.

АҚШ және Ресей аз болғандай енді шығыс жақтан, Кеңестік одақ кезінде советтік шегарадан сығалай алмайтын қытайлар пайда болды. Қытай алдымен, шеңгелді қазақ даласына салды Рузекастың айтуынша қазақ-қытай серіктестігінен екі жақ та олжалы болады. Қытай алыстан арбаламай көршіден арзандау мұнай алса, қазақтың қалтасына 9 млд, ия, миллион емес, 9 млд доллар түседі. Сондықтан,

Қытай қазақ мұнайына стратегиялық табыс деп қарайды. Оның үстіне, қазақ даласымен салынатын мұнай құбырларына өзге елден келетін қауіп-қатер де жоқ екендігін қытайлар жақсы біледі, - дейді Нью Йорктік талдаушы.

Бір айта кетерлік жәйт, Шанхай ұйымы, ТМД бас қосуларын есептемегенде, өткен бір жыл ішінде, орта азиялық президенттер, бір рет те, екеу ара оңаша кездеспеген екен.
XS
SM
MD
LG