Accessibility links

Қазақстан халықтары Ассамблеясының 10-сессиясы өтті


Желтоқсанның 23-күні Астанадағы Конгресс-Холл сарайында Қазақстан халықтары Ассамблеясының 10 сессиясы болып өтті.

Осы жиында сөйлеген сөзінде республика президенті Нұрсұлтан Назарбаев республикада жұмыс істеп жатқан қоғамдық ұйымдарды ұлтаралық келісімді сақтауға шақырды. Сондай-ақ, өз сөзінде Қазақстан президенті өз елінің ішкі істеріне шетелдік елшіліктер мен халықаралық ұйымдардың араласпауын және олардың Қазақстан заңдары шеңберінде қызмет жасауын сұрады.

Қазақстан халықтарының Ассамблеясы осыдан сегіз жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан президентінің жарлығымен құрылған болатын. Республика президенті бұл қоғамдық институттың төрағасы болып табылады. Қазір Қазақстанның барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларында Қазақстан халықтарының кіші ассамблеясы жұмыс істейді. Ассамблея Қазақстанның ресми басшылығының саяси шешімдеріне әр кезде қолдау танытып келеді. Мәселен, 1995 жылы республиканың жаңа Конституциясын қабылау кезінде, сондай-ақ, 1999 жылы қаңтарда елде мерзімінен бұрын президент сайлауы өткенде Қазақстан халықтары ассамблеясы президент Н.Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатына қолдау білдірген болатын.

Ассамблеяның бұл жолы өткен 10-шы сессиясына аймақтардан келген өкілдер, Қазақстан парламенті мен үкімет мүшелері, бірқатар халықаралық ұйымдардың Қазақстандағы өкілдіктерінің жетекшілері және баспасөз құралдарының өкілдері қатысты.

Ассамблея жұмысында алғаш болып сөз алған президент Н.Назарбаев бұл ұйымның маңызын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Біздің тарихымыздың екінші онжылдығы жаңа ғасырмен сәйкес келіп отыр. Бұл ғасыр бұрын-соңды болып көрмеген ұлтаралық және діни жауластықтың куәгері болуда. Біздің көз алдымызда тұтас мемлекеттер күйреп жатыр. Күйреудің себебі - ұлттық мүдделердің қақтығысы болып отыр. Сондықтан да біз еліміздің ең басты жетістігі - ортақ үйіміздің ұлтаралық келісімі, бейбітшілік және тұрақтылық дейтін болсақ, бұл әншейін айтыла салған сөз емес. Бұл осынау беймаза әлемдегі қол жеткен табыс деп қарауымыз керек. Ал бұл табыста Қазақстан халықтары Ассамблеясының рөлі мен үлес өте зор екені бәрімізге белгілі. Уақыт - бәріне де төреші. Өткен уақыт біздің Ассамблеяның қазіргі замандағы сирек кездесетін этникалық келісім құралы екендігіне Қазақстандағы және одан тыс жердегі барша жұрттың көзін жеткізді деп ойлаймын. Сол үшін мен осы залда отырғаны бар, мұнда келе алмағандар бар – осынау айрықша институттың іргесін қалаушыларға шын жүрегімнен алғысымды білдіргім келеді.

Бұдан кейін орыс тілінде жалғастырған сөзінде президент Н.Назарбаев елде жұмыс атқарып жатқан барлық саяси ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарын этникалық дүрдараздыққа жол бермеуге шақырды.

- Қазақстанда бұл мәселеде қолданыстағы заң талаптары мүлтіксіз орындалуы тиіс, егер қажет болса біз заңдаманы күшейту жөніндегі ұсыныстарды қарауға дайынбыз, - деді президент Н.Назарбаев.

Қазақстан елбасы республикада тың жерлердің игеріле бастағанына келер жылы 50 жыл толуына орай оны Астанада арнайы шаралармен атап өту жөнінде ұсыныс жасап, үкіметке тапсырды. Ол сондай-ақ, алдағы жылы Ресейдің Қазақстандағы жылын өткізу белгіленіп отырғанын, ресейлік эмигранттар үшін Қазақстан АҚШ мен Еуропалық Одақтан кейін тартымдылығы жағынан үшінші ел болып отырғанын айтты.

Сессияда Қазақстандағы орыс, кәріс, татар-башқұрт және өзбек ұлттық-мәдени қауымдастықтарының өкілдері, БҰҰ Даму бағдарламасының республикадағы өкілі Фикрет Акчура, Еурокомиссияның Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі Алан Ваддамс сөз сөйледі. Соңғы аталған шетелдік дипломаттың сөзінде Қазақстандағы сайлау заңы халықаралық келісімдер мен құжаттарға сай болады деген сенім-тілектер айтылды.

Ал, сессия жұмысын қортындылаған сөзінде Қазақстан президенті Н.Назарбаев өз елінің ішкі істеріне шетелдік елшіліктер мен халықаралық ұйымдардың араласпауын сұрады.

- Өзіміздің қандай заңды қабылдайтынымыз жөнінде бізге шетелдіктердің ешқандай кеңестер бермеуін сұраймыз. Сіздер Қазақстанда біздің рұқсатымызбен келіп жұмыс істеп жатырсыздар. Сондықтан Қазақстан заңдарын құрметтеп, сол заң шеңберінде қызмет жасауларыңызды сұраймыз, - деді президент Н.Назарбаев.

Ол жаңағы айтқан сөзінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының атын ауызға алды. Бұған дейін ресми Астана 2009 жылы осы ұйымға төраға болудан өзінің дәмелі екенін білдірген-тұғын.
XS
SM
MD
LG