Accessibility links

Саддам Хусейн ұсталғаннан кейінгі Ирак ахуалы


Саддам Хусейн ұсталғаннан кейін Ирақтағы күдікке ілінген қарулы жауынгерлерді тұтқындауды АҚШ әскерилері одан әрі жалғастыруда.

Ирақтағы АҚШ жасақтарының басшысы, лейтенант-полковник Уйлиям Адамсон Ройтер ақпарат агенттігіне берген сұхбатында өткен 24 сағат ішінде Саддам Хусейннің бас көмекшісі болған Иззат Ибрагим әл-Доуримен байланысы бар деп күдікке ілінген үш адамның ұсталғандығын айтты. Әл-Доури болса АҚШ жасақтарының қолға түсіргісі келетін 55 адамдық тізімінде 6-шы боп тұрған тұлға. Ол қазірге дейін Ирақтағы коалиция күштеріне қарсы шабуылдарды ұйымдастырушы, деп айыпталып отыр. Сондықтан да АҚШ бастаған коалициялық күштер Әл-Доуриді қолға түсіруге немесе өлтіруге көмектесетін ақпарат үшін 10 миллион доллар ұсынып отыр-, дейді Азаттық радиосы жаңалықтар бөлімінің тілшісі Чарлз Рекнейгл. Бұл жөнінде Адамсон мырза былай дейді. “Иззат Ибрагим Әл-Доуримен байланысы бар, сондай-ақ Фаллужах, Рамади, Бақуба аймақтарында болған шабуылдарға қатысы бар деген күдікпен, экстремистік-діни ұйымның үш мүшесін қолға түсірдік. Олар қазір біздің түрмелерде отыр-, деді Адамсон мырза. Оның айтуынша, сонымен бірге, Саддам Хусейн билігі тұсында құпия қызмет саласында басшы генерал болған бір адамды қолға түсірген. Ол генерал да бұрынғы Ирақ армиясы жасақтарын америкалық солдаттарға қарсы шабуылдарға ұйымдастырды, деп күдікке ілінуде. Саддам Хусейн қолға түскеннен кейін мұндай тұтқындаулардың қарқынды жүргізілуінің себебі-, дейді мақала ауторы-, Саддаммен бірге оның бірнеше қағаздары да қолға түскен. Ол ақпараттарға қарағанда арнайы адамдар Ирақтың бұрынғы басшысымен тұрақты түрде байланыста болып, оған шабуылдардың қалай жүзеге асып жатқаны жөнінде мәліметтер жеткізіп, сондай-ақ Саддамнан нақты тапсырмалар алып тұрғанға ұқсайды.

Британияның “Санди телеграф” басылымында жарық көрген мақалаға қарағанда, негізінен Тикрит аймағынан көтеріліп, Саддам Хусейннің билігі кезінде небір жоғары лауазымды қызметтер тұтқасын ұстаған тұлғалар күні бүгінге дейін болып жатқан шабуылдарды жоспарлап, қаржыландырып, ұйымдастырып отыр. АҚШ құпия қызметі мәліметтеріне қарағанда, Саддам Хусейннен тікелей бұйрықтарды бес адам алып, оны келесі буынға жеткізіп отырған. Ол бұйрықтар негізінен коалиция күштеріне қарсы шабуылдарды одан әрі күшейтудегі Саддам Хусейн тарапынан жалпы нұсқаулар ретінде берілсе керек. Ирақтағы АҚШ ресми өкілінің сөзіне қарағанда, Саддам Хусейннен сондай бұйрықтар алып тұрған тұлғаларды ұстау әрекеттері осылайша басталды. Дүйсенбі күні жол бойындағы бомбаның жарылуынан АҚШ-тың екі солдаты, сондай-ақ бір ирақтық азамат қаза болған. Осы жылдың 1-ші мамырында Ирақтағы негізгі шайқастар аяқталды, деп жарияланғалы бері коалиция күштері тарапынан қаза болғандардың саны осылайша, 202-ге жетіп отыр-, дейді мақала ауторы Чарльз Рекнейгл.
XS
SM
MD
LG