Accessibility links

Қазақстанға халықаралық ұйымдарды керек пе?


Осы аптада Астанада өткен алқалы жиында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев республикада жұмыс істеп жатқан бірқатар халықаралық ұйымдар елшіліктерінің атына сын айтып, олардан Қазақстаның ішкі ісіне араласпауын сұраған болатын.

Кейіннен осындай сыни пікірлер парламент мүшелерінің тарапынан да айтылды. Ал желтоқсанның 24-күні Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Қазақстандағы орталығының жетекшісі Антон Рупник Астанада Қазақстанның сыртқы істер минстрі Қасымжомарт Тоқаевтың қабылдауында болды.

Сәрсенбі күні түстен кейін Астанада Қазақстанның сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Қазақстандағы орталығының жетекшісі Антон Рупникті қабылдады. «Бұл кездесуде айтылған әңгіме тақырыбы екі жақты қарым-қатынастардың өзара түсіністік пен әріптестік арнада дамып келе жатқаны туралы болды» дейді Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ақпарат және талдау басқармасының қызметкері Талғат Жұмағұлов.

- Кездесуде 2003 жылы Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастық байланыс қортындылары және келер 2004 жылға белгіленіп отырған бірқатар мәселелер сөз болды. Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Қ.Тоқаев ЕҚЫҰ-ның Қазақстанның және басқа да жаңа тәуелсіз мемлекеттердің нығаюына елеулі рөл атқарғанын баса атап өтті. А.Рупник Қазақстанның экономикалық және қоғамдық өмірдің демократиялық реформалары бойынша, азаматтық қоғам құру жөніндегі жетістіктеріне жоғары баға берді. Ол Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың елде өлім жазасына мораторий жариялау жөніндегі шешімін республиканың қоғамдық-саяси жүйесін жетілдірудегі кезекті маңызды қадам екенін айтты. ЕҚЫҰ-ның өкілі осы ұйымның біздің елмен барлық бағыттар бойынша, атап айтқанда қауіпсіздік, экологиялық, экономикалық және адами өлшемдер салалары бойынша ынтымақтасуға мүдделі екенін білдірді, - деді ҚР СІМ өкілі Т.Жұмағұлов.

Ал, дәл сол күні өткен Қазақстан парламенті мәжілісінің жалпы отырысында депутат Мұқтар Тінікеев республиканың бас прокуроры мен елдің сыртқы істер министрінің атына сауалдар жолдап, онда Қазақстан парламентінде қаралып жатқан бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасына байланысты баспасөзде жарияланған мақалаларды негізге алып, ЕҚЫҰ мен басқа да халықаралық ұйымдардың атына сын айтты.

Мұқтар Тінікеев, Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты:

- Сөз бостандығын дәріптеп жүрген ЕҚЫҰ мен Сорос қоры секілді ұйымдардың асырауындағылардың Грузияда не істегенін көріп отырмыз. Осы халықаралық ұйымдардың Қазақстанда өкілдіктері бар ма, егер бар болса олардың тізімін менің сауалыма берілетін жауапта көрсетуді сұраймын.

Депутат М.Тінікеев республиканың бас прокурорынан әлгі аталған халықаралық ұйымдардың Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасына байланысты ұсыныстары жайлы баспасөзде жарияланған мақалаларға лингвистикалық сараптама жүргізіп, оның қаншалықты заңға сәйкес екенін тексеруді, ал қажет болған жағдайда жауапқа тартуды сұрады.

Әйткенмен де депутат М.Тінікеев халықаралық ұйымдардың атына сын айтып отырған бірінші адам емес. Сейсенбі күні Астанада өткен Қазақстан халықтары Ассамблеясының 10-шы сессиясында сөйлеген сөзінде президент Назарбаев та осы ОБСЕ мен республикада жұмыс атқарып жатқан басқа да халықаралық ұйымдарды сынға алып, олардан Қазақстанның ішкі ісіне араласпаңдар деген талап айтқан болатын. Ол жолы Қазақстан елбасы Еурокомиссияның Қазақстандағы өкілдігінің жетекшісі Алан Ваддамстың осы жиында сөйлеген сөзінен кейін сын пікір айтқан еді. Өз сөзінде А.Ваддамс Қазақстандағы сайлау туралы заң халықаралық келісімдер мен құжаттарға сай болады деген сенім-тілек білдірген-тұғын.

Ассамблея жиынына қатысушылардың бірі Қазақстан парламентінің мүшесі, Қазақстан коммунистерінің жетекшісі Серікболсын Әбділдин президент Н.Назарбаевтың халықаралық ұйымдар тарапына сын айтқанын қателік деп санайды.

- Бір жағынан елбасы Қазақстанның дүниежүзілік қауымдастыққа кіретіні туралы халықаралық шарттарға қол қояды, ал сөйте тұра оларды кеудеден итеруі дұрыс емес, бұлайша мінез көрсету, меніңше, елбасына лайық іс емес, - деді С.Әбділдин.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG