Accessibility links

Ауған соғысының ардагерлері шейіт болған жауынгерлерді еске алды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Осыдан 24 жыл бұрын 1979 жылы желтоқсанның 25-інен 26-сына қараған түні Кеңес әскерилері Ауғанстан жеріне басып кірді. Нақты дерек көздерінің мәліметіне қарағанда, КСРО-дан барлығы 620 мың жауынгер аттанды. Оның 14453-і құрбан болып, 413—і ізтүссіз жоғалып кеткен. Ал Қазақстаннан аттанған 22 мың жауынгердің 761-і қаза тауып, бірнеше ондағанынан бүгінде еш дерек жоқ көрінеді. Бүгін Алматыда ауған соғысы ардагерлері мен соғыста опат болған жауынгерлердің ата-аналары жиналып, шейіт болған жауынгерлерді еске алды.

Қазақстан Қорғаныс министрлігінің жаяу әскери қолбасшысының әскери дайындау көмекшісі Бақытжан Ертайұлы отан үшін отқа түскен адам ешуақытта да ұмытылмауы тиіс, деді.

- Бүгінгі күн еске алу күні. Бәрі тоқтатылуы керек. Бірақ уақытты тоқтата алмайсың. Біздің жігітеріміз өзінің интернационалдық парызын орындады. Отан үшін жанын қиған адамды біз ұмытуға тиісті емеспіз.

Сөз арасында Бақытжан Ертайұлы бүгінде ауған соғысына қатысушылардың жағдайы жаман емес. Дегенменде, соғыс мүгедектері мемлекет назарынан тыс қалмау керек дегенді айтты.

Ауған соғысының ардагері Серікбай Баймолдинов өз сөзінде ардагерлер құқығын қорғайтын арнайы заң шығарылса дегенді айтты.

- Қазіргі уақытта біздің негізгі тілегіміз – ардагерлер құқығын қорғайтын заң шықса. Бұрын берілген жеңілдіктердің барлығы бүгінде алынып тасталды. Бүгінде соғысқа қатысушыларға - 2100, мүгедектерге - 4500 теңге жәрдемақы беріледі. Бұл біздің қиыншылығымызды шеше алмайды.

Ауған соғысында опат болған жауынгердің анасы Күміс Медетова былай дейді.

- Менің балам тірі болса бүгінде 40-қа келген болар еді. Оның бала-шағасы болған болар еді. Баламыз қайтыс болғаннан кейін 4000 теңге жәрдемақы берілді. Бүгінде 4000 теңге неге жетеді? Үкімет тарапынан біздің сұрайтыныз – жәрдем. Бүгін гүл қоюға келдік. Үкімет тарапынан адамдар неге келмейді? Бұл жерде соғысқа барып келгендерге, не опат болғандар жанұясына назар аударып жатқан жоқ. Үкіметке жазып жатырмыз. Бізді ешкімде тыңдамайды. Бір жерлерде балаңызды соғысқа біз жіберген жоқпыз дейді. Сонда біз баламыздың құнын кімнен сұраймыз? Менің тілегім - мемлекет соғыста баласын жоғалтқан ата-аналарға да назар аударса екен.
XS
SM
MD
LG