Accessibility links

Т.Тоқтасынов: ҚР Парламентi депутаттарының мәртебесi алаңдатады

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ

«ҚР Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» заң жобасына толықтырулар мен өзгерiстер жобасы алдағы жылдың алғашқы айларының бiрiнде Мәжiлiстiң қарауына ұсынылуы мүмкiн. «Отан» партиясының фракциясы жасаған заң жобасына Экология және табиғатты пайдалану мәселелерi жөнiндегi комитеттiң атынан қорытынды әзiрлеу депутат Төлен Тоқтасыновқа мiндеттелген. Тоқтасыновтың айтуынша, депутат мәртебесiн көтеру -- бүгiнгi күннiң көкейкестi қажеттiлгi. Алайда, қолдағы заң жобасымен келiсуге болмайды деген ұсыныс жасамақ. «Өйткенi, заң жобасында Парламент депутаттарының мәртебесi төмендетiлiп жiберiлген. Әсiресе, депутаттардың өкiлеттiгiн тоқтатуды көздейтiн баптарға келiсуге болмайды. Мысалы, «Депуттардың өкiлеттiгi мынадай жағдайларда тоқтатылады», деген баптың

« --депутатты сайлауға жiберуге болмайтын мән-жайлар ашылған кезде», деген тармақшасы конституцияға қайшы. Мұның өзi билiкке ұнамай қалған депутаттың өкiлеттiгiн күшпен тоқтатуға мүмкiндiк бередi. Оның бұрынғы қызметiнен «алып қойған, жеп қойған» деген кiлтипанды оңай табады. Бұған Ғалымжан Жақияновтың тағдыры куә», - дейдi.

Заң жобасында белгiлi бiр саяси партия жаңаша ұйымдастырылған жағдайда сол партияның тiзiмiмен сайланған депутаттардың өкiлеттiгiн тоқтату көзделедi. Тоқтасынов мырза бұған да үзiлдi-кесiлдi қарсы. Егер партиялар бiр-бiрiмен тоғысып, немесе құрылымдық өзгерiстерге ұшырап жатса, тiзiммен сайланған депутаттардың өкiлеттiгiн тоқтату қисынсыз деп бiледi.

«Ал, заң жобасындағы саяси партия таратылған жағдайда оның парламенттегi депутаттарының өкiлеттiгi тоқтатылады деген тармақшаға келiсуге болар. Бiрақ, мұның да астарына бойлай түсу керек. Айталық, 1992-93 жылдары Борис Елцин Ресейдiң коммунистiк партиясын күштеп жаппақ болды. Келешекте Қазақстандағы оппозициялық партиялар да қудалауға түсiп, қандай да бiр жолмен жабылып жатса, оған таңдануға болмайды - дейдi Төлен Тоқтасынов.

Бiр айта кетерлiгi, депутаттар қауымы аталған заң жобасының комитеттердiң назарына ұсынылып отырғанынан әзiрге бейхабар. Тiптi, осы заң жобасымен жұмыс iстеуге тиiс Заң және сот құқықтары реформасы жөнiндегi комитеттiң мүшелерi де бұл туралы естiмеген болып шықты.
XS
SM
MD
LG