Accessibility links

Қазақстанда келесі жылы зейнетақы 5,4 пайызға өседі


Желтоқсанның 29-күні өткен Қазақстан үкіметінің отырысында елде биылғы жылдың маусым айының 1-інен бастап зейнетақы мөлшерін көтерудің қортындылары тыңдалды. Үкімет жетекшісі Даниал Ахметов республиканың еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Қазақстанның зейнетақы жүйесін дамытудың 2005-2006 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын келер жылдың ақпан айының біріне дейін дайындауды тапсырды.

Биылғы жылдың маусым айының 1-інен бастап Қазақстанда 1033626 зейнеткердің ай сайын алатын зейнетақысы өткен болатын.

- Бұл елдегі барлық зейнеткерлердің 65,4 пайызына тең. Маусым айына дейін елде ай сайын 5000 теңгеге дейін мөлшерде зейнетақы алатындардың саны 222499 адам болса, маусымның 1-нен кейін ең төменгі зейнетақы - 5500 теңге алатын зейнеткер саны 145064 адам болды, - дейді Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова.

Министрдің айтуынша, елде ең жоғарғы мөлшерде зейнетақы алатындардың қатары сегіз есеге көбейіп, қазіргі уақытта 513951 адамға жетіп отыр. Ең жоғарғы зейнетақы - 9810 теңгені құрайды. Ал, елдегі орташа зейнетақы бұрынғы мөлшерінен 22 пайызға ұлғайып, 7927 теңге болып белгіленді.

- Осылайша Қазақстан ең төменгі зейнетақы мөлшері жөнінен ТМД мүше елдер арасында алға шықты, ал орташа зейнетақы деңгейі бойынша тек Ресейден сәл ғана қалып отыр, - дейді министр Г.Қарағұсова.

Әйткенмен де Г.Қарағұсова ханым зейнетақыны қайта есептеу кезінде қателіктердің болғанын да мойындады. Мұның себебін министр қайта есептеуді жүргізген қызметкерлер санының аздығы мен осы шараға бөлінген уақыттың қысқа болғанымен түсіндіреді.

- Бізге бөлінген 1 ай уақыттың ішінде республика бойынша 1 млн 600 мың адамның жеке құжатын бар болғаны 120 қызметкердің қарағанын ескерсек, бұл істе қателіктердің кететінін жоққа шығаруға болмайды, - деді Г.Қарағұсова.

Министр алдағы 2004 жылға арналған республикалық бюджетте инфляция өсімі ескеріліп, соған сәйкес елдегі барлық зейнетақы мөлшерін көтеру белгіленіп отырғанын айтты.

Дүйсенбі күні өткен Қазақстан үкіметінің отырысында премьер-министр Даниал Ахметов республиканың еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Қазақстанның зейнетақы жүйесін дамытудың 2005-2006 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын келер жылдың ақпан айының біріне дейін дайындауды тапсырды. Себебі, көкек айында республика президенті Қазақстан халқына арнап жыл сайынғы дәстүрлі жолдауын жасайды. Ал оған дейін әскери қызметкерлер мен оларға теңестірілгендердің зейнетақы мөлшерін ұлғайту мәселесін жақын арада бюджеттік комиссияның отырысында қарау белгіленіп отыр.
XS
SM
MD
LG