Accessibility links

1,2 млн. доллар қымқырғандар ісі әлі тергеуде


Желтоқсанның 31-күні Астанада Қазақстанның ішкі істер министрлігінің бір топ қызметкеріне Қазақстан үкіметінің арнайы тағайындаған ақшалай сыйлығы табыс етілді.

Жалпы сомасы 1 млн 600 мың теңгені құрайтын бұл сыйлықты алғандардың барлығы биылғы жылдың тамыз айында Астана қаласының қазынашылығынан ірі көлемде қаржы жымқырған алаяқтардың ісі бойынша құрылған тергеу тобының мүшелері.

Аяқталып отырған жылдың тарихында Қазақстанда жасалған ірі көлемдегі экономикалық қылмыстардың бірі тамыз айының 19-күні Астана қаласында іске асырылғанын қазір тергеу тобы анықтап отыр. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары жөніндегі комитетінің есебінен жалған құжаттар арқылы 1 млн 272 мың АҚШ долларына тең ақша тападай тал түсте алдын-ала құрылған жеке меншік фирманың Астанадағы банк мекемелерінің біріндегі шотына аударылады да, сол күні ол ақшаны Астана қаласының қазынашылығында жұмыс істейтін 23-жастағы жас келіншек ешқандай кедергісіз түгелдей сытырлатып санап алып, көзді ашып-жұмғанша ғайып болады.

Тек арада екі күн өткенде ғана бұл оқиғаны алаяқтардың іске асырғандары мәлім болып, қылмыстық іс қозғалады. Тексере келгенде, банктен ақшаны алып кеткен әлгі жас келіншектің оқиға болардан бір жылдай бұрын Астана қаласының қазынашылығына өзге біреудің құжатымен жұмысқа орналасқаны анықталады. Бұл іс бойынша республиканың ішкі істер министрлігінде құрылған жедел тергеу тобы үш айға жуық уақыттың ішінде осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен бірнеше адамды қамауға алып, ұрланған ақшаның бір бөлігі - 390 мың долларды Қарағанды қаласындағы банктердің бірінде сақтауға қойылған жерінен қолға түсірген.

- Ал ақшаның қалған бір бөлігі Қазақстанда, екінші бөлігі көршілес Ресейде екенін анықтап отырмыз, - дейді тергеу тобының жетекшісі, республика ішкі істер министрлігіндегі тергеу департаментінің аса маңызды істер бойынша бас тергеушісі, полиция полковнигі Сәкен Ихсанғалиев.

Оның айтуынша бұл іс бойынша қазір екі адамға іздеу жарияланған. Бас тергеуші қазірде қамауда отырғандардың тергеу ісіне белсенді көмектесіп отырғанын айтады.

- Қанша адамның қамауға алынғанын айтпай-ақ қояйын. Тек олардың біздің тергеу жұмыстарымызға көсмектесіп отырғанын айта кеткім келеді. Қазір бұл істің күрделі тұстары анықталды, - дейді С.Ихсанғалиев.

Әйтсе де тергеушілер осы іске қатысы бар деген күдікпен қазір екі адамға іздеу жариялап отыр. Олар Қазақстанан тыс жерде бой тасалап жүруі мүмкін деген болжам бар. - Іздеу жарияланғандардың бірі - Астана қаласындағы қазынашылықта жұмыс істеген, 1979 жылы туған әлгі жас әйел. Ол Ресей елінің азаматшасы. Ал екіншісі – ер адам, осы Астана қаласының тұрғыны, - деді С.Ихсанғалиев..

Желтоқсанның 31-күні Астанада Қазақстанның ішкі істер министрі З.Тұрысбеков осы тергеп жатқан тергеу тобындағы бір топ қызметкерге Қазақстан үкіметінің арнайы тағайындаған ақшалай сыйлығын табыс етті. Сыйлықтың жалпы сомасы 1 млн 600 мың теңгені құрайды.

Бұл іс Қазақстанның қаржы жүйесіндегі ақша аударымы тәртібіне қатысты кейбір олқылықтардың бетін ашты. Соңғы 5-6 жылдың көлемінде елдің қазынашылық жүйесіндегі ақша аударылымын электронды жұмыс тәртібіне көшіруге 20 млн доллардан астам қаржы жұмсалыпты. Бірақ, соған қарамастан қазынадан үлкен көлемдегі ақшаның оп-оңай қолды болғаны анықталғаннан кейін елдің қаржы министрлігі бұған осы саланы жарақтандыруға өз өнімдерін ұсынған бірқатар шетелдік компанияларды кінәлі деп айыптады. Алайда, ол жүйені енгізген кезде қаржы министрлігінің шенеуніктері әлгі жүйенің қауіпсіздік деңгейі жоғары екендігіне сендірген болатын.
XS
SM
MD
LG