Accessibility links

Австралия заңсыз иммигранттардың келуіне қарсы

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Мәңгі жасыл құрлықтардың бірі Австралия ондаған жылдар бойы заңсыз иммигранттарға қарсы күрес жүргізіп келеді. Әсіресе Ауғанстан мен Ирақтан жол тартқан иммигранттарға шегара тастай жабық. Ал ол жағдайға Халықаралық адам құқықтары ұйымы өте абыржулы.

Әлем елдері арасында Австралия иммигранттарға деген салқын көзғарасы арқылы әйгілі. Осыдан 40 жыл бұрын шет елдік Фиджиян есімді жас қызды кері қайтарып, Австралияның алғаш атағы шыққан болатын. Ал 1990-жылы Қытай, кейінірек Ауғанстан мен Ирақтан қайықтармен келген мыңдаған босқынды австралиялық әскери кемелер солтүстік жағалауға жеткізбей кері қайтарған.

Сонымен қайықпен келетін шет елдік қашқын, босқындар сап тыйылған.

Австралия газетінің Канберрадағы саяси шолушысы Джон Керин - Теңіздегі күзет қызметі адам тасушылар мен босқындардың аса қауіпті жағдайда жеңіл қайықтармен сапар шегуін тоқтата білді. Ал теңізді айланып жүріп, құрылыққа жеткендерінің өзі тұтқындалып, абақтыда тағы да 3 жыл азап шегетіндерін білсе, бәлкім, олар мұндай сапарға шықпаған да болар ма еді, - дейді газет шолушысы.

Ал босқындардың лагерлерінің өзі алыс дала, шөлдерде орналасқан. Лагердің біреуі тіптен Австралиядан сыртта, Тынық мұхиттағы Науру аралында екен. Ұшақпен барғанның өзінде 3 сағат уақыт қажет. Босқындар тексеруден өткенше өте ауыр жағдайда күн кешеді, дейді ол арада болғандар.

Австралиядағы БҰҰ ның босқындар жөніндегі комиссионері Мишел Ғабаудин - Баспана сұраған азаматтардың мәселесі әдетте халықаралық заңдар арқылы шешіледі. Бірақ біз көрген азаматтарға тиісті құқықтар берілгенін байқамадық. Ондағылардың жағдайы абақтыда отырғандардан айнымайды, - дейді.

Комиссионердің айтуынша, БҰҰның жауапты мекемесі Науру аралындағы ол бейшара босқындардың мәселесін шешу мақсатында Австралия үкіметімен келіссөздер жүргізуде екен.

Мұндағы ауғандарға босқын мәртебесі берілмепті. Бірақ олар өз елдеріне қайту үшін Австралия үкіметі берген жол қаржысынан бас тартып отырған сықылды.

Көші-қон жөніндегі Женевадағы халықаралық комитеттің өкілі Крис Ломның айтуынша, Науру аралындағы 35 тұтқын-босқын желтоқсанның онынан бері аштық жариялап жатыр екен.

- Аштықта жатқандардың бәрі жас жігіттер. Егер олар осы бетінен қайтпаса жарық дүниемен қоштасуы да мүмкін, - дейді Крис Лом.

Бірақ саяси шолушы Кериннің айтуынша, Австралия халқының өзі де үкіметтің босқындарға деген қатаң қолды саясатын қолдайтын көрінеді.

- Австралия бас министрі Джон Хауард заңсыз иммиграция мәселесін 1998-жылғы федералдық сайлау кезінде саяси оппозицияны бөлшектеу мақсатында пайдаланып, қажетті табысқа жеткен болатын, - дейді Джон Кери.

Сондай-ақ, Көші-қон министрі Ванстоун де қаңтардың бірінде үкімет саясатын қолдап, Австралия босқындарға виза беру мәселесінде АҚШ пен Канададан кейінгі 3-орында деді. Оның айтуынша, бір ғана өткен жылы ондай визаның 12 мыңы беріліпті. Министр, Науру аралындағы аштық жариялап отырған босқындар дұрысы өз елдеріне кері қайтқаны жөн , дейді.

Бірақ БҰҰ нан өкіл Ғабаудиннің пікірінше, министр айтқандай, бұл мәселе оңай шешілетін жағдай емес. Оның айтуынша, Ауғанстандағы саяси ахуал соңғы кездері бір шама өзгергенімен, бір қатар уалаяттарды әліге дейін қауіпсіздікке кепілдік жоқ.

Ирақтан келгендер үшін де Австралиядан баспана алу мүмкіндігі барынша азая түскен, себебі Ирақтағы жаңа үкімет демократиялық жолға түсті , деп есептеледі.
XS
SM
MD
LG