Accessibility links

Вашингтон жаппай қырып-жою қаруларын өндіруден бас тартатын елдерді қолдап отыр


Өткен жаңа жылдың соңғы апталарында Иран, Ливия, ал міне енді, Солтүстік Корея да жойқын қарулар өндірісі бағдарламасынан бірте-бірте бас тарту жөнінде халықаралық деңгейде өзара ынтымақтастық мәселесін қарастыра бастады.

АҚШ өз кезегінде бұл жаңалықтарды ризашылықпен қабылдап отырған сықылды. Өздеріндегі жойқын қару бағдарламасынан бас тарту жөніндегі Иран, Ливия сықылды қырсық елдердің ниетін президент Буш әкімшілігі жаңа бетбұрыс ретінде қабылдауда, деп хабарлайды Вашингтондық тілшіміз Джеффри Донаван.

Соңғы апталарда Ливия, Иран және Солтүстік Корея бұл бағдарламаны оңды шешу мәселесінде халықаралық қауымдастықпен келісе жұмыстауға ниет білдірді. АҚШ жасаған терроршылардың тізімінде тұрған Ливия, егер Батыспен өзара саяси, экономикалық байланыстың реттелінуіне кепілдік берілетін болса, онда қарусыздану шараларына кірісеміз, деген ұсыныс айтты.

Иран өз ядролық бағдарламасы бойынша БҰҰмен ынтымақтаса қызмет етуге келісті. Солтүстік Корея да үлкен ерлік жасап, өз ядролық қару бағдарламасын тоқтатуға ұсыныс жасады.

Сейсенбі күні, АҚШ мемлекеттік хатшысы Колин Пауел Техран, Триполи және Пхеньяннан тараған бұл жаңалықтарды игі іс деп атады.

- Біз Ливиямен мәмілеге келе бастадық. Иран да талаптарға көніп, ядролық қаруларды таратпау жөніндегі қосымша қаттамаға қол қойды. Міне енді, Иранда жойқын қарулар шығарылмайды десе де болады. Бұл жағдайды Солтүстік Кореядағы әріптестеріміз де дұрыс түсініп отырған сияқты, - дейді АҚШ мемлекеттік хатшысы.

Ақиқатында Солтүстік Корея өз ядролық бағдарламасын тоқтатып, жойқын қару жасау және оны сынаудан да бас тартып отырған көрінеді. Колин Пауелдің баспасөз мәслихатында айтқанындай, енді бұл мәселені түбегейлі шешу үшін алты елдің қатысуымен келіссөздер жүргізу қажет болады.

- Келесі шаруа - Ливиядағы қарулар жөнінде анық мәліметке ие болу, олардың сөзі және іс-тірліктерінің өзара сәйкестігіне көз жеткізу, - дейді Колин Пауел.

Британия және АҚШпен бір неше айға жалғасқан құпия келіссөздерден соң, батыспен ондаған жылдарға созылған салқын қарым-қатынасты қайта тіктеу мақсатында, Ливия өткен айда өзінің барлық қару жарақ бағдарламысын тоқтатуға уәде берді.

Ал Иран Халықаралық Атом қуаты агенттігімен өзара келісіп, БҰҰнын қару-жарақ тексеру тобын қабылдайтын болды. Сонымен, үш елдегі бұл өзгерістерді кейбіреулер Буш әкімшілігінің жеңісі деп есептейді.

Ирақтағы соғыс салдарына тоқтала келе,

- Жазалаудың да жауабы бар емес пе. Вашингтондағы Орлингтон зиратына жерленіп жатқан әр солдатты көрген сайын менің көзіме жас келеді. Жойқын қару-жараққа ие делінген екі ел кейін шегінді. Бірақ мен Ирақта ондау қарулар бар дегенге сенбеймін, және жоқ деп те айта алмаймын. Оған Ливия мысалы дәлел, - дейді АҚШтық бұрыңғы барлау офицері полковник Кеннет Аллард.

Буш әкімшілігі сейсенбі күні, өз ойларын өзгерткенге дейін Ливия Пәкістаннан ядролық қарулар технологиясын алған, бірақ бұл істе президент Мушараф араласқан деп айту қиын деп мәлімдеді. Мемлекеттік департаменттен Ричард Баучер бұл мәселеге орай былай деді.

- Пәкістан бұл мәселеге қатысы бар адамдарды тергеуде. Бұл президент Мушарафтың өз сөзінде тұратындығын көрсетеді.

Бірақ кейбір талдаушылардың пікірінше, соңғы айларда екі қастандықтан аман қалған Первез Мушараф өз әскери және барлау қызметіне түгелдей бақылау жасай алмауы да мүмкін.
XS
SM
MD
LG