Accessibility links

Қазақстанның Ирақтағы әскери мамандарына “соғысқа қатысушы” мәртебесiн беру мәселесi талқыланды

  • Төлеутай ТҰРАРҰЛЫ

Қазақстан Парламентi Мәжiлiсiнiң Халықаралық iстер, қорғаныс және қауiпсiздiк жөнiндегi комитетiнiң қаңтардың 8-i күнгi отырысында Қазақстанның Ирақтағы әскери мамандарына «соғысқа қатысушы» мәртебесiн беру мәселесi талқыланды.

ҚР Қорғаныс министрiнiң орынбасары Абай Тасболатовтың айтуынша, қазақстандық мамандардың бiр тобы өткен жылдың қыркүйек айынан берi 900 мыңнан астам жарылғыш заттарды залалсыздандырған. Олардың iшiнде жер-ауа тобындағы зымырандар, авиабомбалар, ауыр снарядтардан бастап қол гранаттарына дейiнгi қарулардың бәрi бар. «Халықты ауыз сумен жабдықтайтын екiншi топтың да жұмысы дивизия басшылғы тарапынан жақсы баға алып отыр», - дейдi Тасболатов мырза.

Қазақстан жасағы Польша дивизиясына қарасты украин бригадасының құрамына кiредi. Негiзiнен шейiттер тұратын Әл-Құт қаласына орналасқан «Қазбат» жасағы украин қарулы күштерiнiң қорғаныс шебiнiң қоршауында.

Депутаттардың пiкiрiнше, Ирақтағы қазақстандық 27 маман «соғысқа қатысушы» мәртебесiне лайық. Алайда, «Қазбат» жауынгерлерi Қазақстан Президентiнiң 1995 жылғы соғысқа қатысқандар мәртебесi туралы заң күшi бар жарлығынан тысқары қалып отыр. «Себебi, олар соғысып жүрген жоқ»,-- дейдi Қорғаныс министрлiгiнiң өкiлдерi. Депутат Шәрiп Омаровтың ойынша, бұл жерде мәселенiң екiншi қырын да естен шығармау керек; «Мина жарылып, жауынгер опат болған күнде, бейбiт жағдайда қаза тауыпты дегенге кiм сенедi». Ал Уәлихан Қалижан мәселенi шешудiң екi түрлi жолын ұсынды. Бiрiншiсi, депутаттардың бастамашылдығымен Президенттiң аталған жарлығына толықтырулар мен өзгерiстер енгiзу. Екiншiсi, Ирақтағы әскери мамандардың мәртебесiн Конституциялық Кеңес арқылы анықтау.

Ал депутат Серiкболсын Әбдилдин: «Қазбатты» қайтарып алатын кез жеттi. Ол үшiн Парламенттiң 2003 жылғы мамырдың 30-ы күнгi жарлығын қайта қарау қажет», -- дейдi. Аталған құжаттың Ираққа бiтiмгершiлiк жасағын жiберуге негiз болғаны мәлiм. Әбдiлдин мырза Қазақстанның әскери мамандары Ирақтағы миссиясын орындап бiттi деп санайды.

Қазақстанның Ирақтағы бiтiмгершiлiк жасағының мүшелерiне үш еселенген жалақы тиесiлi. Бұған қоса, Америка Құрама Штаттары тарапынан әрқайсына күнiне 40 доллар төленедi. Қосып есептегенде әр адамға ай сайын 2500-3000 доллардан айналады.

Қорғаныс вице-министрi Абай Тасболатовтың айтуынша, бұл күндерi «Қазбаттың» жаңа құрамы жасақталып жатыр. Ескi құраммен жаңа құрамның ауысымы ақпан айының басына белгiленген.
XS
SM
MD
LG