Accessibility links

Қазақстан мен Ресейдің әскери әуе күштерінің құрамаларын және әскери бөлімдерімен жауынгерлік атыстар жүргізу үшін әскери полигондарды өзара ұсыну тәртібі туралы келісім қаралды

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаттары қаңтардың 9-ы күні Қазақстан мен Ресейдің әскери әуе күштерінің құрамаларын және әскери бөлімдерімен жауынгерлік атыстар жүргізу үшін әскери полигондарды өзара ұсыну тәртібі туралы келісімді қарады. Мұндай келісімге Қазақстан және Ресей үкіметтері 2000 жылы Астанада қол қойған.Бірақ келісім парламенттің қабылдауына үш жылдан соң түскен.

Қорғаныс министрінің орынбасары Абай Тасболатовтың айтуынша, аталғандай келісім өзара қарым-қатынасты жетілдіруге, әскери дайындық деңгейін көтеруге бағытталған.

Осы келісімде Ресей Қазақстанның «Сарышаған» полигонын, ал, Қазақстан Ресейдің Астрахан облысындағы «Ашулок» полигонын оқу-жаттығу дайындықтар өткізуге пайдалану көзделіпті.

Абай Тасболатовтың айтуынша, «Сарышаған» нысанын жалға алу үшін Ресей Федерациясы бір жылға 19 миллион доллардан аса қаржы төлеп отыр.

- Полигондарды өзара қарым-қатынаста пайдаланудың қажеттілігі ол полигондардың техникалық сипаттарының ерекшеліктерінен туып отыр. Біз Ашулоктан бас тарта алмаймыз, себебі, ондағы техникалық жабдықпен ракетаны ұшыру айрықша. Біздің өз жүйемізді тек Сарышағанда іске асыра беру жағдайымыздың болуы мүмкін емес, - дейді Абай Тасболатов.

Отырыста Мәжіліс депутаты Шәріп Омаров, кезінде Ресейге жалға берілген полигондар жайына маңыз берді. - Біздің республикада төрт полигон бар. «Ембі», «Сарышаған» және екі нөмірмен жазылатын полигон. Сол төртеуді 1994 жылы Ресей жағына жалға бергенбіз. Сол полигондардың жұмысы не болып жатыр.Ол полигондарда мысалға, 4 миллион АҚШ долларына жалға етін бір жылға. Сол полигондар тоқтап қалды ма, ақша төлеп жатыр ма, соны сұрасақ, жаңа келісімдер жүргізіліп жатыр. Жаңа келіссөзде жаңадан баға болады деп айтылып отыр. Бұрын сол полигондарды бергенде қандай жұмыстар атқарылды. Бұл жерде көптеген жұмыстар істелінбей, ұрланып кетті, - деді Шәріп Омаров.

Депутат Хайрат Шалабаев, полигонды жалға берген күнде тұрғылықты халықтың қауіпсіздік жағдайы қандай болады деген мәселені көтерді. Абай Тасболатовтің айтуынша, депутат көтерген мәселелер келісімде қаралған.

Жоғарыда аталған келісім Қазақстан және Ресей мемлекеттері арасындағы әскери ынтымақтастық туралы 1994 жылғы келісімнің ережесіне негізделген.
XS
SM
MD
LG