Accessibility links

Журналист Жұлдыз Төлеуді соққыға жыққандарды полиция әзірге таба алмай отыр


Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Азаттық» радиосының Астанадағы тілшісі Жұлдыз Төлеуді қаңтар айының 9-ынан 10-на қараған түні белгісіз адамдар соққыға жығып кеткен еді. Бұл оқиға туралы құлағдар болған жұртшылық соңғы екі күн бойына «Азаттық» радиосының Астанадағы бюросына хабарласып, Жұлдызы ұрып, тонап кеткендердің кімдер, бұл қылмыстың астарында не жатыр деген сауалдар қойып жатыр. Осы жайтқа байланысты, сейсенбі күні «Азаттық» радиосының Астана бюросы бұқаралық ақпарат құралдары үшін арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.

«Азаттық» радиосының тілшісі Жұлдыз Төлеуді әлдекімдердің соғып, жеке заттарын тонап алып кеткені жайлы суық хабардан соң, радиомыздың Астанадағы бюросына телефон шалғандардың барлығы журналист қызды соққыға жығып кеткендердің ісін айыптап, Жұлдыздың әріптестерінен бұл қылмыстың зардап шегушінің кәсіби қызметіне қатысы бар ма деген сауалдар қойып жатыр. Қаңтардың 13-күні «Азаттық» радиосының Астанадағы бюросы бұқаралық ақпарат құралдары үшін арнайы баспасөз мәслихатын шақырып, онда бюро жетекшісі Төлеутай Дәмиев қаңтардың 9-ынан 10-на қараған түні журналист Жұлдыз Төлеудің басынан өткерген жайтты қысқаша баяндап берді.

- Оқиға Есiл өзенінің жаңалуындағы көшеде болған. Екі адам басынан, бетінен ұрып құлатқаннан кейін, оның қолындағы сөмкесін жұлып алып кеткен. Бұдан кейін Жұлдыз Республика даңғылына шығып, такси ұстап үйіне жетеді. Үйіне келген соң бірден полиция шақыртады, олар 15 минуттың шамасында келіп жетеді. Бірақ, келген екі адам бұл іс бойынша алғашқы құжатты толтырудан бас тартады. Өйткені оқиға болған жер олардың территориясына жатпайды деген уәжбен. Бұдан кейін тағы да полиция қызметкерлері келеді, олар үшінші адамға сілтейді. Сонымен, сағат 2-ден аса Жұлдызды алдымен оқиға болған жерге, содан кейін Сарыарқа аудандық ішкі істер бөліміне апарады. Сол жерде алғашқы құжаттар рәсімделгеннен кейін, жедел жәрдем қызметі Жұлдызды алып кетіп, басына зақым келген, миы шайқалған деген қорытынды жасалады. Қазіргі таңда Сарыарқа аудандық ішкі істер бөлімінде қылмыстық іс қозғалудың алдында деген бүгін хабар алдық. Ал осыдан бір сағаттай бұрын қылмыстық істерді іздестіру бөлімінен сезікті бір адам ұсталып, сол туралы жұмыс жасалып жатыр деген тағы бір хабар алып отырмыз, - деді Төлеутай Дәмиев.

Баспасөз мәслихатына қатысқан журналистер бұл қылмыстық іс журналист Жұлдыз Төлеудің кәсіби мамандығымен байланысты емес пе деген сауал қойды.

Төлеутай Дәмиев, «Азаттық» радиосының астаналық өкілдігінің жетекшісі:

- Жалпы, бұл енді тонаушылық деуге келе ме, жоқ әлде қарақшылық деуге келе ме – ол жағын дөп басып айта алмаймыз. Дегенмен көңілге көлеңке түсіретін жайттар бар. Өйткені, шабуыл болған жер, негізінен, Астананың ең жарық, адамдар көп жүретін, оның үстіне үлкен ұлықтар тұратын үйлер және сол жерде ылғи полицияның патрулі жүреді, соған қарағанда бұның ар жағында тағы да бір шикілік бар ма деген ой келеді. Осы тұрғыдан қарағанда біз екіұдай пікірдеміз. Бірақ, қайталап айтайын, ашып айтатындай біздің дәлелді айғақтарымыз жоқ.

Журналист Жұлдыз Төлеу 2001 жылдың желтоқсан айынан «Азаттық» радиосының Астанадағы тілшісі болып жұмыс істеп келеді. Ол Астанада орналасқан орталық мемлекеттік органдардағы жаңалықтар мен Астананың және өзге аймақтардың тыныс-тіршілігіне байланысты хабарлар әзірлеп ұсынды. Жұлдыз «Сөз бостандығы» деген айдармен радиомызда былтыр күзде жаңадан ашылған тұрақты бағдарламаны жүргізеді. Онда журналист Қазақстандағы сөз және баспасөз бостандығы және бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистерге қатысты хабарларды дайындап жүргізді. Өз хабарында Жұлдыз басқа тақырыптармен бірге Қазақстанда журналистерге қарсы жасалған әртүрлі қастандық оқиғалары туралы да баяндаған болатын.

Қазақстандағы «Әділ сөз» атты сөз бостандығын қорғау қоры 5 жылға жуық уақыттан бері елдегі баспасөз бен журналистердің құқығын бұзу оқиғаларын тіркеумен айналысады. Қор жетекшісі Тамара Қалеева осы кезге дейін Қазақстанда өздері тіркеген журналистер мен баспасөз құралдарына қарсы жасалған қылмыстық оқиғалардың көбі ашылмай қалып жатқанын айтады.

Т.Қалееваның айтуынша былтырғы жылы елде 7 журналист пен олардың отбасы мүшелеріне қарсы қаскөйлік оқиғалар орын алған. Бұл сан алдыңғы жылмен салыстырғанда аз. Ал, «Әділ сөз» қоры Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары үшін ең қаралы жыл деп баға берген 2002 жылы Қазақстанда журналистерге қарсы жасалған шабуылдардың 26-сы тіркелген болатын.

- Әйткенмен де, былтырғы жыл қазақстандық журналистерге қарсы бұрын байқалмаған басқадай әрекеттермен ерекшеленді. Атап айтқанда, журналистерге қоқан-лоққы жасау, ұрлап әкету, тіпті кеңес заманындағыдай жындыханаға апарып тығу секілді оқиғалар тіркелді, - дейді Тамара Қалеева.

«Шекарасыз тілшілер» атты халықаралық ұйымның қаңтардың 6-күні жариялаған хабарына қарағанда өткен жылы әлемде 42 журналист қаза тауып, 1460 баспасөз қызметкеріне қарсы әртүрлі шабуылдар мен қоқан-лоққы жасалыпты. Одан өзге, өз кәсіби мамандығымен айналысқаны үшін 124 тілші әлемнің әр түкпірінде қазіргі таңда түрмеде отыр.
XS
SM
MD
LG