Accessibility links

“Жаңа заң-жаңа сайлау комиссиясы-әділ сайлау” деген атаумен республика бойынша жалпыұлттық акция өткізілді.

  • Әселім ҚАЛКЕНҚЫЗЫ

Қаңтардың 14-күні өткен брифингте Қазақстандағы “Коммунистік” партияның бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин, “Ақ Жол” демократиялық партиясының тең төрағасы Болат Әбілов, “Патриоттар” партиясының төрағасы Ғани Қасымов және социал- демократиялық “Ауыл” партиясының төрағасы Ғани Қалиевтер алдағы болатын Парламенттік сайлаудың әділ өтуі үшін “Жаңа заң-жаңа сайлау комиссиясы-әділ сайлау” деген атаумен республика бойынша жалпыұлттық акция өткізіп, 500 мың адамның қолын жинағандарын хабарлады.

Аталған партия өкілдері бұл жайында ең алдымен Парламент Мәжілісінің төрағасы Жармахан Тұяқбайды хабардар етіп, бүгінде Парламентте талқыланып жатқан “Сайлау туралы” Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын қарау барысында осы өткізілген акцияны ескеруді өтінді.

“Коммунистер” партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдиннің айтуынша: “Партияның құрамындағы адамдар сайлау комиссиясына кірсін деген мәселені кейбіреулер, “ол- дүниежүзінде жоқ тәжірибе, болса да аз я болмаса біз азаматтарымызға сенбейміз бе?” деген сылтауменен қолдағысы келмейді. Шын мәнісіне келетін болсақ, біздің өткізген сайлауларымыз бар соның әсіресе санақ жағы, шешімге қол қою жағы өте мұқалып отыр. Біз сайлау комиссиясының құрамына партия өкілдерін кіргізетін болсақ, онда бірінің қолынан бірі ұстап, ондай қаралыққа жол берілмейді. Бұл ешбір шығынсыз жасалатын жұмыс. Халықпен жұмыс істеп, халықтың келесі сайлауға сенімін арттыру қажет. Тиянақты,таза сайлау болсын деген пікірді жарты млн Қазақстан азаматы қолдады”.

Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай жоғарыда аталған саяси партиялардың бұл іс-әрекетін ескереміз деді: “Бұл енді партия мен тиісті қозғалыстардың халықтың сайлау жайындағы пікірлерін біліп, оны осы Мәжіліске әкеліп отырғандығы. Бұлар Сайлау жайында халықпен көп жасаған. Халықтың осы пікірі бізге келіп түскен екен, енді біз мұны комиссияда қараймыз да, дұрыс болса, жұмыс тобына енгіземіз”.

Ақжол партиясының тең төрағасы Болат Әбілов қазақстанда тәуелсіздік алғаннан бері әділ сайлау өткен жоқ дейді: “Сайлау комиссиясына 9 партия кірсе ешбір заңсыздыққа жол берілмес еді. 12 жылда бірде бір ашық сайлау болған жоқ. Бүгінде Үкіметіміз таза сайлау өткізуге дайын емес”.

“Ақжол” партиясы, “Коммунистік” партия, “Ауыл” партиясы және “Патриоттар” партиясының жетекшілерінің айтуынша, өткізілген жалпыұлттық акцияның қортындысы - халықтың басым көпшілігі сайлаудың әділ де таза өтуіне ниет білдіретіндігін көрсетеді.
XS
SM
MD
LG